Грант алып, тігін цехын ашты
Грант алып, тігін цехын ашты
540
оқылды

Қарасай ауданының тұрғыны, негізгі мамандығы  ин­женер-құрылысшы, соңғы кезге дейін тіршіліктің қамы­мен біраз қызметтің басын шалған  Ғалия Қожам­бергенова мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, тігін цехын ашты. 

Цех ашып, кәсіпкерлікке бет бұрғанға дейін түрлі салада еңбек еткенімен, тігін ісіне қызығу­шылығы ерекше болатын. Бос уақытын арнай­тын сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру мақсатында өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабар­ласып,  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Тиісінше, онлайн курстан өтті. Кейін бизнес-жоспар әзірлеп, сертификат алды. Аудандық жұ­мыс­пен қамту орталығы арқы­лы «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында жобасын сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарым­сыз грантқа қол жеткізді. Ақыры «Атамекеннің» арқасында тігін  цехын ашып, жұмысын жүргізуге кірісті.  Грант қаражатына ма­ман­дандырылған тігін машина­лары, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алды. Қаскелен қаласындағы бизнес орталықтарының бірінде цех үшін орынжай таңдады. «Тігін цехында үш адам жұ­мыс істейді. Қазір арнайы киім­дерді, әйелдер мен ерлерге ар­нал­ған киімдерді тігіп жатырмыз. Тапсырыстар жергілікті тұрғын­дардан ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қала­ларынан да келіп түсуде. Сондай-ақ алдағы уақытта тігін ісі бойынша қыз-келіншектерге оқу курсын ашсам деген ойым бар. Қосымша несие алып, цехты кеңейтуді де жоспарлап отыр­мын», – дейді Ғалия Қожам­бер­генова. Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры Орын­бай Жанәділдің айтуынша, осы жылы ауданда «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша 484 азамат оқу курсын аяқтап, 70 бизнес-жоба қаржылан­дырылыпты. Ал облыс бойынша жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 2 895 жұмыссыз және жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Былтырғы мен биылғы тыңдаушыларды қосқанда 1 050 бизнес-жоба грант­тық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы