Жезді жетімсіреп тұр...
Жезді жетімсіреп тұр...
753
оқылды

Ауылдың жағдайы еш­кімді бейжай қалдырмаса керек. Егер де ол елді ме­кен қиын­дық­­тарды бастан кешіріп жат­са. Сондай кент­тің бірі  — Қа­ра­ғанды об­лысы Ұлытау ауда­нына қа­расты Жезді ауылы.

Сонау отты жылдары, оқ өт­пей­тін болат сауыт жасауға жұм­салатын шикізат өндiретiн кенiш­тер жау қолында қалып, қиын-қыс­тау күн туған күрделi кезең – 1942 жылы 38 күнде марганец ке­нiшiн қатарға қосқан жездiлiктер тәуелсiздiкке қол жеткенде тағдыр тәлкегiне ұшырады. 1944 жылы «Жұмысшы қалашығы» мәртебесiн иеленген Жездi 90-жыл­дары тоқыраудың топанына тұн­шықты. Соғыстан соң марганец кенi 1956 жылға дейiн Орал зауыттарына жiберiлiп тұрады. Сосын оған сұ­ра­­ныс күрт азаяды. Жергiлiктi ма­­мандардан айырылып қалмау қа­мы­мен Жездi марганец кен бас­қар­масы «Главруда» қарамағына өтiп, 1965 жылға дейiн мемлекеттiк қорға қажеттi көлемде ғана кен өн­дiре бас­тайды. Сол жылы байы­ту фаб­ри­касының қатарға қосылуы құра­мы металға кедей құнарсыз кендi барынша байытуға мүмкiндiк ту­дырды. Жеткiлiктi көлемде ши­кi­затпен жабдықтау мақсатында қо­сымша карьер де қатарға қосылды. Ол кезде Жездi марганец кен басқармасы Қара металлургия ми­нистрлiгiне қарайтын. 1970 жылы «Союзрудаға» бағынышты сверд­ловскiлiк «Уралрудаға» берiлдi. Кейiн қоғамдағы өзгерiстерге байланысты Жәйрем кен-байыту комбинатының құрамына кірді. Бірақ елде марганец кенiне сұра­ныс азайып кетті, одақ ыдыра­ған­нан кейiн бұрынғы тұтынушы­лармен байланыс үзiліп тынды...

Тоз-тозы шықты...

Ал кенiштi қолына алып, жұ­мысын жүргiзiп, көсегесiн көгерте қоятындай кәсiпкер немесе бас­қадай бизнес иесi шыға қоймады. 1995 жылы «Қазмарганец» АҚ банкрот болып, байыту фабрикасы қаңтарылды. 1997 жылы мамырда аудан тараған соң орталығындағы тұрғындардың тоз-тозы шықты. Жездiде жерүйдi қоспағанда 53 көпқабатты тұрғын үй болды. Соның 70 пәтерлiк 5 қабатты 1-еуi, 32 пәтерлiк 4 қабатты 2-еуi, 2 қабатты бiрнешеуi, ұзын-ырғасы 15 шақтысы бейберекет бұзылды. Сонымен қатар 3 қабатты орта мектеп, 2 қабатты жаңа балабақша, 2 қабатты тубдиспансер, тағы бас­қа бірқатар ғимарат қиратылып, материалы «ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында» кеттi, опы­рай­ған орнында қоқыс қана қалды. Қазiр кетеуі кеткен кентте бiр кездегi халықтың бестен бiр бөлi­гiне жетер-жетпес қана адам тұра­ды, нақтысы – 2 204. Осының мың­ға жуығы экономикалық бел­сенді бөлігі болып саналады. Бү­гiнде оларды ойландыратын да, тол­ғандыратын да мәселе жет­кi­лiктi. «Үмiтсiз – шайтан» дегендей, ауданнан – 75, облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта жатқан жездiлiктер үмiтiн үзбей отыр.

Ауылдың жағдайын ауылдағы біледі

– Бүгінде елдің әлеуметтік әле­уетін арттыруға, тұралаған тұр­мысын тұғырландыруға, аймақты абаттандыруға, тағы басқа шырай­лы шараға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Оны жүйелі жүзеге асырып, игілігін кө­ріп отырған жұртшылық та жет­кілікті. Былтыр Жезді кентінде де бірқатар бағдарлама қолға алынды. Бірақ береке таппаған бағдар­ламалар өкінішке ұрындырып, бөлінген қыруар қаржы игерілмей қалды, жыл соңында басым бөлігі бюджетке қайтарылды, – дейді Жезді тарихын зерделеп жүрген журналист Әлібек Әбдірәш. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында орташа жөндеу жұмысы басталғанда көп жылдан бері жез­діліктердің жүйкесін жүндей түт­кен автокөлік жолы мәселесін ше­шуге бірегей бетбұрыс жасал­ғандай көрінген. Обалы не керек, Абай мен Құттыбаев көшелері бойына сапалы асфальт төсеп, жұмысын кестеге сай тамыздың алғашқы аптасында аяқтаған «Дорстрой материал LTD» ЖШС 34 612 615 теңге қаражат игерді. Қожабай ақын көшесінде өз мін­детін мінсіз атқарған «Құрылысшы ДК» ЖШС-де шіліңгір шілдеде тиесілі 13 987 мың теңгені шытыр­латып санап алды. Есесіне «Құсайн жолы» ЖШС «сау басқа – сақина» болып жабыс­ты. Ол Байытушылар көшесінде – 1,8 (65 968 000 теңге), Ақмолда батыр көшесінде – 1 (32 480 000 теңге), кентке кіреберістен Живов көшесінің жартысы мен Кеншілер көшесінен кенттің шығаберісіне дейін 4 шақырым (70 672 000 теңге) жолға орташа жөндеу жүргізуі ке­рек еді. Амал не, бұл мердігер бел­гі­ленген тапсырманы жарым-жар­тылай орындап, жұмыстың сапа­сына мән бермей, қыруар қаржы­ның құн-жынын шығарды. Ақыры келісімшартты бұзуға тура келді. Жергілікті билік үш рет облыстық мамандандырылған экономи­ка­лық соттың төрелігіне жүгінді, алай­да төтенше жағдайға байла­ныс­ты талап-арыз қаралмай қалды. Бір қызығы, былтыр Құтым­бе­тов көшесінің бойындағы Ке­несары хан алаңына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланады. «Жұмыспен қамтудың жол карта­сы» бағдарламасына енген жобаны жүзеге асыруды тендер жеңімпазы «СМК Промстрой» ЖШС мойны­на алады. Келісімшартқа сәйкес ол республикалық бюджеттен бөлін­ген 22 400 000 теңге қаражатты иге­ріп, нысанды 31 тамызда тап­сы­руы тиіс еді. Бірақ адам күші же­тіс­пейді. Жұмыспен қамту орта­лығы жіберген 4 адам мар­дым­ды шаруа тындырмады. Ақыры мердігер жұмысты толық аяқта­май, тастап кетті. Кент әкімдігі облыстық мамандандырылған эко­номикалық сотқа шағымданды. Таяуда тағы байқау жарияланды. Өткен жылы тұсауы кесілген ауқымды жоба – 160 орындық спорт-сауықтыру кешені. Оның құны – 396 717,1 мың теңге. Бай­қауда бағы жанған мердігер — «Ка­рагандастройконструкция» ЖШС. Бірден айтайық, былтыр бұл ны­санда мардымды жұмыс атқарыл­ған жоқ, оның әртүрлі себеп-сал­дары бар. Негізгі ғимараттың, қа­зандықтың, көмір және күл қой­ма­сының іргетасы қаланды. Қа­ра­ғандыдағы «Имсталькон» АҚ те­мір құрылғылары зауытынан әкім­шілік ғимаратының қаңқасын көтеруге арналған металл конс­трук­циялар әкелінді. Игерілген қаржы көлемі 86 259,4 мың теңге екен.

Түйін:

«Жұмыспен қамтудың жол ­кар­­тасы» бағдарламасына енген нысанның пайдалануға берілетін мерзімі – 2021 жылғы желтоқсан. Биыл облыстық бюджеттен – 248 145,0 мың, жергілікті бюджеттен 77 458,0 мың теңге бөлінді. Тек жыл­дың құрылысқа қолайлы ке­зеңі өтіп бара жатқаны алаңдатады. Ала жаздай алаңсыз жатқан құры­лыс алаңына тамызға он күн қал­ғанда 4 құрылысшының ғана та­баны тиді. Құрылыс-монтаж жұ­мы­сымен айналысатын негізгі күштің әзірге қарасы көрінбейді.

Иә, Үкімет арнайы бағдарла­ма­ларға миллиардтап ақша бөледі. Ауыл көркейсін деп. Бірақ игілігін көріп жатқан тұрғындар жоқ. На­ғыз қызу жұмыс жүрер уақытта қаңтарылып тұрып, күз түсіп, қыс қарайлағанда ғана іске кірісетін­дерге не деуге болады? Жезді шы­ны­мен жетімсіреп тұр...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы