Павлодарда жасөспірім телефонын алып қойған әкесін пышақтады
Павлодарда жасөспірім телефонын алып қойған әкесін пышақтады
Фото: inbusiness.kz
236
оқылды
Павлодарда 14 жастағы жасөспірім телефонын алып қойғаны үшін әкесін пышақтады, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Павлодар тұрғыны мен оның 14 жастағы ұлының арасында жанжал шыққан. Полицейлердің айтуынша, әкесі баласына үнемі телефонда ойын ойнайсың деп ескерту жасаған. Содан оның телефонын алып қойып, үй ауласына қарай беттейді. Ашуға булыққан жасөспірім қолына пышақ алып, әкесінің арқасына сұққан.
"Ер адам пышақ жарақатымен Павлодар ауруханасына жеткізілді. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлімі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Бұл бап бойынша айыпталушы 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе осы мерзімге бас бостандығы шектелуі мүмкін.