«Nur Otan»-да партияның «Өзгеріс жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасындағы бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту бөлігінің жүзеге асырылуы туралы айтылды.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұған дейін кәсіби спорт клубтарын ұстауға бағытталған қаржы халықты, ең алдымен балаларды дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға бағытталады.
«Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, қабылданған сайлауалды уәделерді орындау жөніндегі Жол картасы аясында бұл мәселеге баса мән берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өткен Олимпиада қорытындысы бойынша отандық спортқа шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажеттігін айта келе, бұқаралық және балалар спортын дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударды», - делінген хабарламада.
Сонымен, балалар мен жасөспірімдер және балалар мен жастар клубтарының саны еліміздің барлық тірек ауылдарын қамти отырып, мыңға дейін ұлғайтылады. Жаттықтырушы-ұстаздардың жалақысы биылдың өзінде 1,5 есеге, ал 2023 жылға қарай 2 есеге өседі. Дене шынықтыру мұғалімдеріне мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және жүргізгені үшін негізгі базалық лауазымдық жалақысынан 100% мөлшерінде қосымша ақы қосылады.
Осы жылдың өзінде барлық ірі аудан орталықтарында 127 мың спорт секцияларын ашу жоспарланған. 22 мыңнан астам балалар үйірмесінің жұмысы қайта жанданады. Әрбір ауылдық округте биылдың өзінде 3 мың спорт нұсқаушысы лауазымын енгізу көзделіп отыр.
Өңірлерде спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, Қостанай облысының Лисаков қаласында алғаш рет жалпы ауданы 2 мың шаршы метрден асатын теннис орталығы ашылды. Алматы облысындағы Райымбек ауданының Нарынқол және Балқаш ауданының Бақанас ауылдарында әрқайсысы 180 орындық екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Ұлттық спорт түрлерін дамытуға да жаңа серпін беріледі. «Nur Otan» ат спорты түрлерін (бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату), сондай-ақ қазақша күрес, құсбегілік, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту және басқа да спорттық бағыттарды қолдауды жалғастырады. Биылдың өзінде олар дене шынықтыру пәніндегі сабақтың міндетті компоненті ретінде енгізіледі.