Ерікті азамат Семей әкімдігінің алдына халықтан жиналған шөпті түсіріп жатыр
Ерікті азамат Семей әкімдігінің алдына халықтан жиналған шөпті түсіріп жатыр
©kaz.nur.kz
279
оқылды

Қуаңшылықтан зардап шеккен аймақтарға асарлатып шөп жинауды қолға алған ерікті Құрмет Талапқазы ШҚО-ға барды. Ол еліміздің солтүстік, шығыс облыстарының әкімдігін "шөп жинау асарына атсалыспады" деп сынға алды. Ерікті азамат Семей әкімдігінің алаңқайына халықтан жиналған шөпті түсіруге кірісті.

Желіде жарияланған видеоүндеуінде Құрмет Талапқазы үш айдан бері жер-жерді асарға шақырып, шыдамы таусылғанын алға тартады. Ол, әсіресе, ауылшаруашылығы министрі берген бұйрықтың әлі күнге орындалмай жатқанына ашулы. "Киелі Семей қаласына келдік. Жалғызбын. ШҚО, Павлодар, СҚО, Қостанай әкімдігіндегі ағаларды үш ай күтіп-күтіп болдық. Ұйқыдан тұрыңыздар енді, болды ғой. Ауылшаруашылығы министрі бұйрықты бергеніне бір ай болды. Сіздер ешқандай қызықпай отырсыздар, ойлап та отырған жоқсыздар.  Министрліктегі ағалар, сіздер де өз жұмыстарыңызды қадағалап атқарыңыздар. Қағаз күйінде емес, арнайы бұйрық беріп, телефон соғып айтыңыздар. Әр ауылдан 20-25 вагоннан шөпті дайындап қойсын. Басқа айтарым жоқ. Үш айдан бері күттім. Қашан бұлар шығады деп, шөптің жырын айттым. Енді бұған атсалыспасаңыздар басқаша сөйлесетін боламын.  Президентке де өтінішімді айттым. Мына жақта мал қырылып жатса, біздің үнімізді тыңдамасаңыздар, басқаша позициямен өз үнімді жеткіземін", - деді ол өз үндеуінде.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Құрмет талапқазы (@kurmet2856)

Ерікті азамат Ауылшаруашылығы министрлігіне, облыс әкімдеріне, кәсіпкерлерге техника шығарып, қолұшын созуды тағы да өтінуде. Құрмет Талапқазы Семей әкімдігінің асарға бей-жай қарап отырғанына өкпелі. Ол ел назарын аудару үшін халықтан жиналатын азын-аулақ шөпті дәл әкімдіктің алдына әдейі жинамақшы. "Әкімдік бізді елемей тұр. Біз өзімізді елейтіндей етеміз. Кешегі сөзімде де айттым, халықтың атынан келгенде министрліктің, Президенттің сөзін аяққа таптаса, басқаша сөйлесеміз дегенбіз. Келе жатқан шөпті осы жерге түсіреміз. Батысқа көмек акциясы деп атаймыз. Жол-жөнекей өткен көліктер шөбін осы жерге тастап кете береді. Әкімдік алдында бос жатқан алаңды пайдаланамыз деп шештік, өйткені бізге бос жер табылмай жатыр. Шөп берем деген кісілердің шөбін жинауға. Бір жүк көлігімен шөп түсті", - дейді Құрмет Талапқазы.