Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Оtan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нәзилә Раззақ Жуалы ауданы Алатау ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысымен танысты.
Биыл сәуірде басталған құрылыс жұмысын 2022 жылдың маусымында аяқтау жоспарланған. Жаңа білім нысанында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, маталар мен технологияларды өңдеу шеберханасы, металл және ағаш жөніндегі аралас шеберхана, спорт залы, мәжіліс залы, 30 орындық асхана, компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті болады. Жалпы, биыл облыста 10 жаңа мектеп оқушыларды қабылдауға дайын. Биыл 23 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылса, оның 11-і осы оқу жылында қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр. Бұл 1 апатты, 3 үш ауысымды, орын тапшылығы бар, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ биыл 16 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халық қалаулысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасында білім саласы басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, мемлекет қаржысына салынып жатқан нысанның сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты сала басшыларының өтініштеріне құлақ түріп, білім саласындағы мәселелерді назарға алатынын жеткізді. Нәзила Раззақ жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта жүргізілетіндіктен, білім мекемелерінде санитарлық құралдардың толық болуы мен талаптардың қатаң сақталуы керегін ескертті.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ