Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны «Тoyota Camry» көлігінен жолға қоқыс лақтырған. Оның бұл әрекетін көлік жүргізушісі түсіріп, бейнежазбаны әлеуметтік желіге салған.
Қызылжар ауданының учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік ықпал ету шарасын қолдану үшін көлік жүргізушісін анықтады. Ер адамның айтуынша, ол әлеуметтік желідегі бейнежазбаны көріп, қандай себеппен полиция қызметкерінің қоңырау шалғанын бірден түсінген.
«Петропавл тұрғыны жасаған құқық бұзушылығы үшін кешірім сұрап, айыппұл төледі. Айыппұл мөлшері 1 АЕК мөлшерінде, яғни 3 мың теңге шамасында. Ол Белое елді мекеніне жақындай бере көлік терезесінен қолданылған стаканын тастағанын айтты», – дейді Қызылжар ауданының учаскелік полиция инспекторы Тагир Шакиржанов.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 630-бабы бойынша жолға қоқыс тастау айыппұл салуға әкеп соғады. СҚО-да жыл басынан осы бап бойынша 101 хаттама толтырылды.