«Талибаннан» келер қауіп қандай?
«Талибаннан» келер қауіп қандай?
196
оқылды

Ауғанстан билігінің әлемдегі көптеген ел мен Қа­зақстанда тыйым салынған «Талибан» күштерінің қолына көшуі талайдың ұйқысын бұзып тұр. Қазақстан билігі үшін де аталған мәселе өзектілін жоймақ емес. Демек, етек-жеңді жинап, сақтана отырғанның артықтығы болмаса керек. Әсіресе, әскери қызметкерлердің арқалайтын жауапкершілігі ауыр.

Осыдан бір апта бұрын Қор­ғаныс министрлігінде аппараттық кеңес өткен. Министр Нұрлан Ермекбаевтың басқаруымен өткен басқосуда халықаралық армия ойындарына даярлық, әскери ғи­мараттар мен казармалардың дұ­рыс болуы, оқу-жаттығу, запастағы әскери қызметкерлердің сапасы мен біліктілігі тәрізді мәселелер сөз болғанымен, іс жүзінде Ауған­стандағы жағдайға байланысты Қарулы Күштердің даярлығын пысықтау айрықша назарда болды. Тіпті, министрлік таратқан ресми мәлімдемеде «Ауғанстан Ислам Республикасындағы ахуалдың шие­ленісуіне байланысты Қарулы Күштерде қырағылықты күшейту бойынша шаралар қабылданды. Ең алдымен бұл арнайы опера­циялар күштерінің бөлімшелеріне, майдан және әскери-көлік авиа­циясына, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа қатысты болып отыр» делінген. Бұл дегеніңіз – билікте­гілердің «Талибан» қозғалысына сенуге болмайтынын жақсы түсініп отырғанын көрсетеді. Бәл­кім, барлаушылардың қосымша мәліметтері бар ма, кім білсін, әйтеуір «сақтансаң, сақтаймын» дейтін қағиданы әскерилер жақсы түсінген сыңайлы. Жиынның мәні де осында.

Қауіпсіздік бірінші орындағы мәселе

Әдетте қауіпсіздік жайлы сөз еткенде бұқара бірден Қарулы Күш­терге қарайды. Рас, Қарулы Күштердің ел қауіпсіздігін қорғау­дағы рөлі бірінші орында тұратыны жасырын емес. Алайда елдің ішкі қауіпсіздігі, тұрақтылықты сақтау, геосаясатта қате қадам жасамау тәрізді сансыз шарттардың да мемлекеттің тыныштығына тіке­лей әсер ететінін ескерген жөн. Оның үстіне, бүгінгінің қаупі бір қырлы емес екенін барша мемлекет мойындайды. 2017 жылы қабыл­данған Әскери доктринада да Қазақстан оны ашық көрсетті. Сол құжатта «гибридті күрес», кибер және ақпараттық қауіпсіздік тә­різді тың ұғымдар бар. Демек, Ауғанстан жақтан төнуі мүмкін қатердің алдын алу үшін ішкі саясатқа жауапты органдар, ішкі істер саласы қызметкерлерінің, ҰҚК мамандарының, қала берді ҚМДБ өкілдерінің де қырағы болмағы керек. Әйтпесе, әскерді қанша даяр қылдық дегенмен, армия ел ішінде қиғылық салатын өз азаматтарымыз болса, оларға қарсы қолданылмайды. Жалпы, Ауғанстан тарапынан төнуі мүмкін қатерлерді әскери, әлеуметтік, идеологиялық деген үш түрге бөлуге болады. Әскери қауіп әдетте бірден қарулы қақты­ғыстарды еске түсіреді. Мұндай жағдайда армияның күшейтілуімен қатар көрші мемлекеттермен өзара ынтымақтастықтың да маңызы арта түседі. Мұны бірқатар саясат­танушы да айтып жүр. Жас саясат­танушы Асхат Қасенғали Ауғанстан тарапынан төнуі мүмкін қауіпке байланысты Орталық Азия елде­рінің консультациялары жиілеге­нін айтады.

Орта­лық Азия елдерінің оңтүстік шек­ара­сында жағдай ушықса, онда әскери көмек беру жағын да қа­растырған дұрыс. Отты жағалаудың бергі жағында емес, арғы жағында сөндірген абзалырақ қой. Тәжік­станға онсыз да ҰҚШҰ аясында Парламент рұқса­тымен әскер жі­беруге болады, әрине егер Душанбе сұрап жатса. Ал Өзбекстан мен Түрікменстан ұйымда бол­маған­дық­тан, мемлекетаралық келісім­дер аясында іске асыруға болады деп санаймын.

«Ауғанстандағы жағдай Орта­лық Азия мемлекеттерінің қауіп­сіздік саласын күшетуге итермелеп отыр. Бұл тұрғыдан Орталық Азия елдерінің басшылары өзара ке­ңестер өткізсе, қорғаныс министр­ліктері бірнеше мәрте жаттығу өткізді. Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстан әскерлері Ресейдің бастамасымен әскери жаттығулар өткізіп, полигондардың шаңы ба­сылмай жатыр. Қазақстан Респуб­ликасы да Ауғанстандағы жағдай­дан кейін қырағылықты арттыру керегін түсініп отыр. Арамызда Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікмен­стан сынды буферлі елдердің ба­рына қарамастан, қауіпті жоққа шығаруға болмас. Әрі алыс перс­пективада айтатын болсақ. Орта­лық Азия елдерінің оңтүстік шек­ара­сында жағдай ушықса, онда әскери көмек беру жағын да қа­растырған дұрыс. Отты жағалаудың бергі жағында емес, арғы жағында сөндірген абзалырақ қой. Тәжік­станға онсыз да ҰҚШҰ аясында Парламент рұқсатымен әскер жі­беруге болады, әрине егер Душанбе сұрап жатса. Ал Өзбекстан мен Түрікменстан ұйымда болмаған­дық­тан, мемлекетаралық келісім­дер аясында іске асыруға болады деп санаймын. Алдымен ондай келісімдерді жасау керек. Сол себепті Ауғандағы жағдай бізден алыс деп арқаны кеңге салмай, етек-жеңді жинап отырғанымыз жөн», – дейді саясаттанушы. Біз­дің пайымдауымызша, әскери қауіп-қатердің төну ықтималдығы аздау. Алайда «Талибанның» би­лікке келуінің әлеуметтік және идеологиялық қаупі күштірек тәрізді. Өйткені қазір Ауғанстанда «Талибандардан» қашып кетуді көздейтін мыңдаған азамат бар. Олар, әрине мүмкіндігінше Түр­кия­ға, Араб елдеріне, Еуропа мен АҚШ, Канадаға кетуге тырысады. Бірақ ең жақын елдер Орталық Азия мемлекеттері екенін де жақсы біледі. Әрі Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының таулы-тасты аймақтары Ауғанстаннан қашып өтуге де қолайлы. Тіпті, шекарашы­ларға пара берсе де өтіп кету мүм­кіндігі бар. Одан кейінгісі белгілі. Босқындар Орталық Азияны көктей өтіп, Ресейге бір-ақ тартуды көздейді. Ал елге кіріп кеткен босқындарды күшпен шығаруға құқымыз тағы жоқ. Біраз халық­аралық құжатқа қол қойғанбыз. Тіпті, асырап-бағуға да мәжбүр болуымыз мүмкін. Мұндай жағдай қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс­терді ұлғайтуы мүмкін. Асхат Қа­сенғали да мұны жоққа шығарма­ды, «Оңтүстік шекараны күшейту керек. Ауғанстаннан Өзбекстанға босқындардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Олардың нақты саны қанша екені де айтылмайды. Мүмкін жүз, мүмкін мың. Сондық­тан шекара бекеттері арқылы өтуі мүмкін жандарды да бақылауды күшейту керек. Өкінішке қарай, Орталық Азия елдеріндегі жем­қорлық пен парақорлық деңгейін ескерсек, аз болса да бұл қауіпті естен шығармаған жөн», – деді саясаттанушы. Ал идеологиялық қауіп тіптен жоғары.

Ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету керек

Әрине, ресми мекеме қызмет­керлері мен дін саласының маман­дары радикалды көзқарастағы азаматтар саны азайғанын, оларды «үйірге қосу» жұмыстары қызу жүргізілгенін айтады. Дінтанушы Мұхан Исахан 2011 жылдан бері діни оңалту бағытында қызу күрес жүргенін айтады. Ол біздің бір сұрағымызға «Діни радикализм тежелді. Егер сол кезде қамданба­ғанда, қазір Ауғанның ар жақ, бер жағында болар едік» деп жауап берген еді. Әрине, дін саласында жүрген мамандардың уәжін де ескеру керек. Расында да, діни ра­дикализм Қазақстанда азайған бо­луы мүмкін. Алайда дін төңіре­гін­де жүрген мамандардың өзі түрлі ағым бар екенін мойындайды. Демек, радикализмді жойдық де­генмен, іштей тынып жүргендер ел арасында кездесуі мүмкін. Он­дайлар «Талибанның» Ауған­станды билеп-төстеу бастауынан «рухани күш» алуы ғажап емес. Тіпті, «Та­либан» өкілдеріне сүй­кімді болып көрінуге де ұмтылуы мүмкін. Оның үстіне, қозғалыс құрамында түрлі діни, этникалық және саяси топ бар. Саясаттанушы Асхат Қасенғали сол себепті ра­дикалды көзқарастағы азамат­тар­ды бақылау қажет деп санайды. Ол Қорғаныс министр­лігінде өткен жиында бұл мәселе қаралған шығар деген үмітте, «Ең алдымен Қорға­ныс министрлігі мен ҰҚК ішкі тұ­рақтылықты қам­тамасыз ету мақ­сатында ради­кал­дық көз­қарастағы жандарды бақылауды күшейтті деген ойдамыз. Өйткені лаңкес­тер­дің жетістігі мен жеңісі біраз ра­дикалдық ағымды жел­піндіріп қой­ғаны анық», – дейді А.Қасенғали. Айтпақшы, алыстағы Ауған­станнан тікелей қауіп төнбегеннің өзінде қоғамдағы бірлікке сына қағатын қосалқы ықпалы да бар. «Талибанның» билікке келуін жақтап сөйлейтіндер мен даттап сөйлейтіндер, Ауғанстан қазағын көшіріп алуды құптайтындар мен қарсылар, салафилік ағымның ел ішіне дендеп енгенінен қауіп­те­нетіндер дейсіз бе, әйтеуір әлеу­меттік желіде топ-топқа бөлініп дауласып жататындар көп. Мұн­дай­да қоғамның қалтарыс-бұл­тарысында ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін өзге процестер басталып кетуі ғажап емес. Ресей­дің Қазақстандағы тіл мәселесіне қатысты тұрмыстық деңгейдегі әңгімені орталық телеарналар эфиріне дейін шығарып, біздің буынсыз жерімізге пышақ ұрып отырған тәрізді жағдайлар соның айқын дәлелі. Қоғам мүшелері қа­уіптің қайдан төнуі мүмкін екенін назардан тыс қалдырып, гибридті күрес амалдарының елімізде де қолданылуына жол беріп алды. Бұл да ескеретін дүние.

Ардақ СҰЛТАН