Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде елде 2 миллиард түп ағаш егуі тиіс. Экология министрлігі аймақ басшыларымен тізе қоса отырып, әр өңірде қанша ағаш егілетінін нақты анықтап, іске кірісіп те кетті. Алайда бұл ғаламат ізгі бастама қоғамды қуанышқа бөлей алмады, тіпті назардан тыс қалғандай. Оның орнына биылғы жаз бойы халық өсіп тұрған ағаштардың аянышты халіне алаңдаумен болды.
Жап-жақсы жобаны шабан қарқын құртады
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі соңғы Жолдауында Үкіметке 5 жылда мемлекеттік орман қорында – 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион ағаш егуді жүктеді. Бұл елімізді көгалдандыру және ормандандыру ауқымын күрт кеңейтуге септігін тигізуі тиіс. Яғни, республиканы кең ауқымда жасыл желекке бөлеу бойынша тарихи науқан қолға алынды. QazEcoTech Ltd ЖШС бас директоры Ұлықбек Сұлтанның дерегінше, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізіп отыр. «Олар әрбір өңір бөлінісінде ағаш отырғызу көлемдерін анықтап та қойды. Нақтылай кетсек, әкімдіктердің табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен бастапқы кезеңде жалпы ауданы 464 мың гектарды құрайтын территорияда 1,1 миллиард түп ағаш егу жүзеге асырылады. Жаңа орманның ең көп көлемі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының жерінде отырғызылмақ. Бұл ретте ағаштардың үлкен бөлігін сексеуіл құрайтын болады. Ол негізінен Арал теңізінің құрғап қалған түбінде егіледі. Қазақстанның орталық өңірлерінің басым көпшілігінде қарағай, шырша, аққайың секілді орман түзуші ағаш түрлері егіледі», – деді сарапшы. Бұл ақпаратты Экология вице-министрі Әлия Шалабекова растады. «Республиканың ормандануын арттыру және елді мекендерді жасылдандыру мәселелері өте өзекті. Сол себепті оған Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында мән берді. Мемлекет басшысының орман алқабында – 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион ағаш егу тапсырмасы тиімді іске асса, бұл шара елдегі экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартады», – деген ол ведомствоның әртүрлі орман өсіру жобаларын зерделеп жатқанын жеткізді. Маусым айының басындағы жағдай бойынша 21,6 мың гектар биылға жоспарланған 129,7 миллион көшеттің 82 миллионға жуығы отырғызылыпты. Қалғаны негізінен күзде егіледі деген жоспар бар. Қалай болғанда, осы 130 миллиондай көшет жайқалып өсіп кеткеннің өзінде 2 миллиардтық жоспардың небәрі 6,48%-ы ғана орындалмақ. Мұндай қарқынмен экология ведомствосы мен әкімдердің екі миллиардтық межені 5 жылда еңсеруі неғайбіл.Жерсінбейтін ағашты еге беру қажет пе?
Әйтсе де, қазір қолданыстағы орман алқаптарын және елді мекендердегі өсіп тұрған жасыл желекті сақтап қалу күн тәртібінде «күйіп» тұр. Бұған да Мемлекет басшысы мән-маңыз беріп отыр: кеше, 23 тамызда ең ірі мегаполисімізге жұмыс сапары аясында Алматы әкімінің қаланы абаттандыруға бағытталған жобаларымен танысқан және есебін тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев «барлық жобалар қалада қауіпсіз орта қалыптастырып, шаһардағы өсімдіктер қорын сақтап қалуға бағытталуы қажет» екенін атап өтті. Әйтпесе, осы жазда Алматыда өткен жылғы қарашада отырғызылған ағаштардың қурап қалуына қатысты шу шықты. Былтырғы күзде еліміздегі ең ірі қаланың көшелерінде 65 мыңдай көшет егілген болатын. Көп уақыт өтпей жатып, оның жартысынан астамы құрыды. Жергілікті тұрғындар өсімдіктерді ешкім суармағанын айтады. Қалалық әкімдіктің Жасыл экономика басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарып, ағаштардың кесте бойынша – аптасына бір рет суарылатынын алға тартты. Ал «өлген» көшеттер орнына жаңалары егілмек.«Өлген» көшеттерге бөленген қалалар
Әлгінде жаңа көшеттердің ең көп көлемі Түркістан облысына тиесілі екені айтылды. Мысалы, 28 гектарды алып жатқан түркістандық дендропарктің аумағында 12 мың түрлі жеміс ағашы мен көпжылғы өсімдік егілді. Құрылысын «Қазақстанның Даму Банкі» мемлекеттік банкі қаржыландырған, жалпы құны 87 миллиард теңге тұратын «Керуен Сарай» жаңа көпфункционалды туристік кешені аумағында 50 гектардай жер абаттандырылған. Алайда жақында әлеуметтік желі «Керуен Сарайдағы» ағаштардың қурап қалғанын айғақтайтын фотосуреттер мен бейнежазбаларға толып кетті. Әкімқаралар бар айыпты алдымен табиғатқа жапты: ағаштар жергілікті климатқа шыдамаған-мыс. Содан кейін бар жауапкершілікті мердігерге қарай сырғытты: ағаштардың жетіліп, тамыр жайып кетпеуіне олардың мерзімінен ерте және дұрыс отырғызылмауы себеп болыпты. Бұған шенеуніктердің «Керуен Сарайды» ашуды асықтыруы да себеп болса керек. Кешенді салған түріктің Sembol Construction алпауыт құрылыс корпорациясының Eco Life компаниясының өкілдері өз қателіктерін журналистер алдында мойындады. Компанияның бас менеджерінің айтуынша, мердігер кешенді ашуға асыққан және көшеттерді ережеге қайшы отырғызған. Соның кесірінен қурап қалған аса қымбат шынар, сакура көшеттерін тамырымен қазып алып, лақтырып тастауға тура келген. Мердігер күзде олардың орнына Түркістанның аптап ыстығына төзімді басқа ағаштарды екпек. Mnews.kz хабарлауынша, олар да Түркиядан әкелінбек. Сонша жарнамаланған сарайда қанша ағаштың қурап қалғаны, одан қанша шығын келгені жарияланбады. Осының алдында Түркістан облысын жасылдандырудағы олқылықтарға және осы мақсатта бөлінген қыруар қаражаттың ұтымды жұмсалмауына қатысты жергілікті мәслихат депутаттары алаңдаушылық білдірген-тін. Олар ел қаржысына егілген көшеттер «түркі әлемінің алтын бесігінің» ажарын ашып, келбетін көркейту орнына, қураған кейпімен көңілсіз көрініс тудыратынына қынжылды. Әділін айта кету керек, ағаштар осы жазда елордада да қурап жатты. «Жаппай қураған көшеттер мен ағаштар бас қаланың көшелері мен парктерін аралаған жанның көңіліне кірбің түсіреді. Бейне бір мерзімінен бұрын күз түскен сияқты. Шыршалар тат басып кеткендей үрейлі түске боялды. «Қазақ елі» монументінің артындағы «Мыңжылдықтар аллеясы» өз атына лайық емес: көшеттер мың жыл түгіл, бір жыл тұрмады. Әкім мырза, ағаштарға назар аударыңыз!» – деп қиыла жазды астаналықтар әлеуметтік желіде. Осыдан ой туады: жаңадан 2 миллиард түп көшет егуге аста-төк бюджет қаражатын шығындамас бұрын, егілген ағаштарға күтім жасауды үйренбейміз бе?Елдос СЕНБАЙ