2015 жылы Қазақстан мүгедектердің құқығы туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Оның талаптарына сәйкес, жарымжан жандар үшін барлық ғимарат пен көлік қолжетімді болуы тиіс. Шын мәнінде солай ма? Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға үңіліп көрдік.
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. 2012-2018 жылдар аралығында елімізде мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі үш кезеңдік іс-шаралар жоспары іске асырылды. 2019 жылы осы мақсатты діттеген Ұлттық жоспар қабылданды. Оның бағыттарының бірі – кешенді қолжетімділік пен кедергісіз орта, яғни ғимараттардың баршаға ыңғайлылығы. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы осы мақсатқа бағытталған. Бірақ көріп отырғанымыздай, шын мәнісінде бұл ретте назар аударатын түйткіл жетерлік. Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектердің еркін жүріп-тұруына барлық жағдай жасалған деп айту қиын. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған қоғамдық-партиялық мониторинг тобы мүшелері әлеуметтік маңызды нысандардың қолжетімділігін бағалау барысында осыған әрдайым көз жеткізіп жүр. Мониторинг тобының жетекшісі, партия филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Халықованың айтуынша, әсіресе халыққа қызмет көрсететін дүкен, дәріхана, сауда үйі, базар, кинотеатр, мұражай, қоғамдық тамақтану орындарында кемшілік көп. «Көптеген ұйымдардың басшылары, шағын және орта бизнес субъектілері пандус пен шақыру қоңырауы болса болды деп ойлайды. Сол пандустарының өздері көп жағдайда талапқа сай емес. Көлбеу бұрышы ақылға қонымсыз. Нормативке сәйкес пандустың бойлық еңісі 5 пайыздан аспауы тиіс, тар жерлерде 8 пайыз болуы мүмкін. Біз зерттеген нысандардың көбінде бұл көрсеткіш 12 пайыздан астам, кей жерлерде 20-40 пайызға дейін жетеді. Нағыз ұшу алаңы ма дерсіз. Мұндай пандусқа мінудің өзі машақат. Тұтқасы жоқ пандустар бар. Шақыру қоңыраулары барлық нысандарға орнатылмаған, яғни қоларбамен келген мүгедек адам көмекке адам да шақыра алмайды деген сөз. Мұндайда шыны есікке орнатылуы тиіс ескерту белгілері, Брайль жүйесі бойынша бедерлі-нүктелі шрифтпен жасалған маңдайшалар, ақпараттық табло, тактильді бағыттағыштар, ыңғайлы тұтқалар, дыбыстық ескертулер, бейімделген дәретханалар туралы сөз қозғаудың өзі артық», - дейді Гүлнәр Өміржанқызы. Мәселен, заңдылықтың сақталуын қадағалауға тиісті аудандық прокуратуралардың өздері заңды бұзып отырғанын төрт жыл қатарынан жүргізілген мониторинг көрсетіп берген. Атап айтқанда, Есіл аудандық прокуратурасы мүгедектер үшін мүлдем қолжетімсіз: пандустың көлбеу бұрышы – 20 пайыз, тұтқасы атымен жоқ, есіктері тар, қоларба сыятын жол жоқ, табалдырықтары биік, шақырту түймешесі тым жоғарыда орналасқан. Қызылжар аудандық прокуратурасында шақырту қоңырауы, екінші тұтқалары мүлдем жоқ. Мұнда да жоғарыда аталған кемшіліктер байқалады. Басқа аудандардың прокуратурасындағы жағдай да осыған ұқсас. Аудандық соттардағы жағдай да аса мәз емес. Сот ғимараттары мүгедектерге бейімделмеген, пандустары нормативтен алшақ, сот отырысы залдары екінші қабатта орналасқан, оған қоларбамен көтерілу мүмкін емес екені түсінікті, қос есік орнатылған ғимараттар бар. Денсаулығы дімкәс мүгедектер жиі баратын денсаулық сақтау нысандарының өздері олар үшін қолжетімді емес. Мониторинг тобы жетекшісі бұл ретте оң өзгерістер бар болғанымен, шешімін күткен мәселелер әлі де жетерлік екеніне тоқталды. Атап айтқанда, мұнда да пандустар ескертуден соң қайта жасалғанымен, басым бөлігі әлі де сын көтермейді, көтергіштер жоқ.Білім беру нысандарын жөндеуге жылда қыруар қаржы бөлінгенімен, олардың қолжетімділігі мәселесі назардан тыс қалып келеді. Нәтижесінде, білім беру нысандары басшылары өз күштерімен қисық пандустар орнататын көрінеді. «Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс екенін түсінеміз. Дегенмен «Сұрамаған балаға емшек жоқ» дегендей, 2012 жылдан бері ғимаратты бейімдеуге қаржы сұрауға болушы еді ғой», – деп налыды Гүлнәр Өміржанқызы. Мектептердің басшылығы мұнда мүгедек балалардың келмейтінін алға тартатын көрінеді. Дүкен, дәріхана иелері де осындай сылтау айтатынды шығарыпты. Бәлкім, ғимаратқа бәрібір кіре алмайтынын білгендіктен бармайтын шығар? Бұл туралы ойланған адам жоқ сияқты. Ал бала кезінен сал ауырына ұшыраған Айсұлу жүріп-тұруы қиын болғандықтан көп ғимараттарды айналып өтетінін жасырмады. «Көп жағдайда барғым келген жерлерге барудан бас тартуға мәжбүр боламын. Өйткені өздігімнен кіре алмаймын. Ал біреудің көмегіне жүгіне бергім келмейді», – деп күмілжіді ол.«Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңның 25-бабына сәйкес кәсіпкерлер мүгедектердің кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасауға міндетті. Өкінішке қарай, шағын және орта бизнес өкілдері бұл талапты орындамай отыр. Ал мониторинг тобының ұсыныстарына бәзбіреулер, тіпті пысқырмайтын да көрінеді. Бірнеше жылдан бері мониторинг жүргізіліп келе жатқанымен, көп жерлерде «Баяғы жартас – бір жартас».
ЕСКЕРТУЛЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛАДЫ
«Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңның 25-бабына сәйкес кәсіпкерлер мүгедектердің кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасауға міндетті. Өкінішке қарай, шағын және орта бизнес өкілдері бұл талапты орындамай отыр. Ал мониторинг тобының ұсыныстарына бәзбіреулер, тіпті пысқырмайтын да көрінеді. Бірнеше жылдан бері мониторинг жүргізіліп келе жатқанымен, көп жерлерде «Баяғы жартас – бір жартас». «Кейбіреулер біздің ұсыныстарымызға түсіністік танытып, кемшіліктерін жоюға тырысса, көп жағдайда ескертулер елеусіз қалады. Прокуратура, сот сияқты мекемелерде кадрлар ротациясы болып тұратындықтан, жаңа келген мамандар көбінесе біздің ескертулерімізден хабарсыз болып шығады. Жаңадан келген маманға қайтадан басынан бастап барлығын тәптіштеп түсіндіруге мәжбүр боламыз. Мониторинг тобының келгенін жақтырмай, шу шығаратындар қаншама?! Бізді барлығы жарқын жүзбен қарсы алады деп айта алмаймын», – деді Гүлнар Халықова. Сондықтан ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, үкіметтік емес ұйымдар, қала және аудандар басшылығы шағын және орта бизнес өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, артықтық етпейді деген ұсынысын білдірді. Дегенмен мониторинг тобының жұмысы өз нәтижесін беріп те жүр. Мәселен, «Қазпошта» АҚ басшылығымен ұзаққа созылған келіссөздерден кейін аудандық филиалдардың көпшілігіне көтергіш құрылғылар орнатылып, есіктері кеңейтіліпті. Бірақ жұмыс істемейтін көтергіштер орнатылып, көзбояушылыққа да жол берілген. Кей филиалдарда ештеңе өзгермеген, операция залына кіру мүмкін емес. Мұндайда айыппұл салғаннан басқа амал жоқ. Тек әлеуметтік нысандар ғана емес, көпқабатты үйлердің құрылысы барысында да мүгедектердің жағдайы ескерілсе деген тілек бар. Өйткені қоларбамен подъезге кірген олар бірінші қабатқа көтеріле алмай қиналады. Көтергіштер орнатылса, оның жұмысын кім реттейді? Өз шешімін күткен түйткіл көп. «ХХІІ-ХІХ ғасырларда салынған Эйфель мұнарасы, Нотр Дам де Пари, Капитолий сияқты әлемдік архитектура ескерткіштері қолжетімділіктің жарқын мысалы бола алады. Неліктен кеңес заманында ғимараттарды бейімдеу қолымыздан келмей отыр? Мүмкін емес нәрсе жоқ. Шындап қолға алсақ, барлығын да бейімдеуге боларды деп ойлаймын», – деді Гүлнәр Өміржанқызы.ӨРКЕНИЕТТІЛІК ДЕҢГЕЙІ
Қоғамның мүгедектерге көзқарасынан оның өркениеттілік деңгейін аңғаруға болады. Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар да басқалар сияқты оқу оқып, жұмыс істеп, дүкен аралап, мәдени нысандарға барып, өмірдің бар қызығын толығынан кешкісі келетінін түсінгеніміз жөн. Сол үшін оларға барлығымыз жағдай жасауға тырысқанымыз артықтық етпейді. Көбінесе олар ғимаратқа кіру түгіл қоларбамен көшеде жүруге де қиналып қалатыны жасырын емес. Қоғам белсендісі Роман Чудиновтің айтуынша, облыстық балалар стоматологиясының пандусы екі жерден сым тізбекпен құлыпталыпты. Мұның себебін тіркеу орнынан сұрағанымызда «Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Сымды ілгектен алып тастап кіре беруіне болады» деген жауап алдық. «Бұл қоларбамен келген мүгедектің қолынан келмейді. Астыңғы сымнан өтті делік. Ал пандустың биігіне шығып, қай жерден ұстанбақ? Қалайша екінші ілмекті шешпек? Міне, біздің қаламыздағы қолжетімділіктің сиқы осындай», – деп Роман Чудинов ренішін жасырмады. Қоғам белсендісімен бірге мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру филиалының ғимаратына барғанымызда да көптеген кемшіліктер бар екеніне куә болдық. «Ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей, тіпті мекеменің аты жазылған маңдайша да жоқ. Дәретханасы бейімделмеген, тактильді бағыттағыштар, шыны есіктердегі сары дөңгелектер жоқ. Мекеме басшылығы бұл мақсатқа елордадағы бас мекеме қаржы бөлмегенін, ғимаратты жалға алғандарын айтып ақталды. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында облыста 1 295 нысанды қолжетімділік нормаларына сәйкестендіріп, бейімдеу жоспарланған. Соның 259-ы биыл ретке келтірілмек.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы