ҚазҰУ жаңа оқу жылын офлайн бастауға дайын

ҚазҰУ жаңа оқу жылын офлайн бастауға дайын

Пандемия 2020 жылдың наурызынан бастап ғаламның білім беру жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Дәстүрлі оқудан виртуалды алаңға, яғни онлайн оқу форматына көшті. Онлайн білім беруге көшу әлемнің білім беру жүйесінің қаншалықты дайын екендігін, басымдықтары мен әлсіздіктері айқындалған полярлық картинасы анықталды. Бұл орайда, беделді рейтинг компаниялары онлайн оқуға төтеп беру иммунитеті индексін ұсынары да сөзсіз. 

Жоғары оқу орындарында коронавирус пандемиясының салдары ерекше әсер еткені рас. University World News халықаралық онлайн басылымы мәліметінше, 2020 жылы сәуірде әлемнің 80 елінен 3,4 миллиард адам, яғни әлемнің 43% тұрғыны үйде отырса, 170 мемлекеттің жоғары оқу орындары қашықтан жұмысқа көшті. Жер бетінде 1,7 млрд студент пен білім алушы университеттер мен мектептерге бара алмады. Адамзатқа жеткен білім  дағдарысы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі білім беру хаосымен пара пар болды. Пандемия білім берудің ең әлсіз тұстарын әшкереледі. Қашықтан оқуға көшу жоғары оқу орындарындағы цифрлық теңсіздік проблемасын күн тәртібіне шығарды. Әлемнің озат университеттері академиялық ұтқырлық пен шетелдік білім алушылар есебінен өздерінің пайдасынан айрылды. Биылғы жылдың онлайн білімнің басты трендтерін нарық тізбелеп берді деуге болады. Басты ережені, әрине онлайн плафтормалар емес, тұтыншулар ұсынғаны анық. Онлайн білім кез-келген саланың әрбір тұтынушысына  қолайлы келуі. Тіпті, виртуалды білім беру қиын деген инженерия мен медицинаның өзін жасанды интеллект пен виртуалдық шынайылық технологиялары қол жететін мүмкіндікке айналдырды. Нарықта озат болу технологиясы онлайн білімнің басты факторы саналды.  Онлайн оқуды бастаған аудиторияны игеріп, соңына дейін аяқтауы осы технологияға кеп тірелгені сөзсіз. Нарықта онлайн білімнің экожүйесі туралы да айтыла бастағаны рас.  Қаншалықты білім виртуалды болғанымен, ол адамның кәдуілгі өмірі мен тұрмысынан алшақтап кетпегені абзал. Білімнің экожүйесі виртуалдық қауымның әлеуметтік үдеріс пен коммуникацияның көпқырлы байланысын таныта түсті. Сондай-ақ үздіксіз білім нарықтың ұсынған басым үрдісі болып отыр.   Адам баласының білім құны жыл озған сайын артуда. Білім алумен қатар үздіксіз білімді байыту виртуалды нарыққа батыл енді. Білімі мен білік арттыруда кеңестер, курстар, виртуалды сыныптар бәсекелестігі артқан кезең туды. Онлайн білім дербес таңдау мен талғамды арттырды. Дербестік оқу ағымы мен таңдау мүмкіндігіне жол ашты. Дегенмен, мұндай онлайн оқудың мүмкіндіктері дәстүрлі оқуға жетпейтіндігін растады. Ақпарат әркімге қолжетімді заманда материалдық дүниеден рухани құндылықтар мен игіліктердің күрделі трансформациясы орын алуда. Адам баласының эмоциясы, сенімі, түсінігі мен сезіміне қатысты білім беру мен алу процесі басты құндылық болып қала бермек. Ал технология оның мүмкіндіктерін арттыратын құрал ғана. Ел тұрғындарының басым көпшілігі биылғы оқу жылын дәстүрлі форматқа көшуін асыға күтті. Үкімет басшысы ел күткен офлайн оқуды қолдап, 1 қыркүйектен бастап мектептер мен жоғарғы оқу орындарына шәкірт қабылдауға дайындықты жүргізуді тапсырды. Міне содан бастап білім беру орындарындағы санитарлық эпидемеологиялық жағдай масс медианың ең қызу тақырыбынің біріне айналды. Әсіресе, білім алушылар мен ата-аналар арасындағы дәстүрлі оқуға оралуда екі жақты пікірлердің әлеуметтік медиадағы өрбуі де орынды. Пандемия құрсауынан толық босамай оқудың  офлайн форматқа көшуі бұл асығыс шешім емес. Бұқаралық аудиторияның бұл шешімге ішінара сенімсіздігін ескерсек, оқудың виртуалды алаңынан алшақтауымыз қиындайды. Аралас оқу форматы,  ауысым кестесі, оқу ғимараттарының санитарлық талаппен ұйымдастырылуы бүгінгі білім ошақтарының басты да жауапты миссиясы. Сондықтан, әлемнің барша елдеріндегідей, қазақ қоғамы да бұл оқу жылын ұзақ күткені рас. Қазақстандағы жетекші  жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі білімге көшу биыл ерекше оқиғалармен бастау алмақ. Әлеуметтік-гуманитарлық факультеттердің оқу корпустары күрделі жөндеуден өтуде. Бұл білім алушылар мен оқытушылардың  пандемиядан қалыпты оқуға қолайлы, жылуы мол, кең, жарық дәрісхана,  зертханаларда білімге оралуына мүмкіндік ашады. Адам баласының сезімімен берілген білім құндылығына оралу қашан да бағалы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаңа оқу жылында заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жатақханаларды пайдалануға бермек. Білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев құрылыс барысымен танысып, әлі де қалпына келтіру жұмысы аяқталмаған нысандарды жоспарға сәйкес аяқтауға тапсырма берді.

Гүлмира Сұлтанбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры