Екібастұзда қоластындағы мұғалімдерге тиіскен мектеп директоры сотталды
Екібастұзда қоластындағы мұғалімдерге тиіскен мектеп директоры сотталды
© ortalyq.kz
290
оқылды
Екібастұздағы мектеп директоры мұғалімдерге қысым көрсеткені үшін жазаланды. Алайда жауапкер өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, мұғалімдер оған жала жапқан. Директор қарамағындағылардың жұмысына қатысты «ескертулер жасадым» дегенінен танбады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. Екібастұзда мектеп директоры өзімен бірге істейтін ұстаздарды қатты ренжітті. Мұғалімдер басшыларының жиі белінен құшақтап, сүюге тырысқанын, тіпті, үйге баруды ұсынғанын мәлімдеді.
«Мұғалімдердің бірнеше шағымынан кейін білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аймақтық департамент тексеру жүргізген. Аталған фактілер анықталып, директор әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ер адам «өзінің лауазымын орындау кезінде мұғалімдерге құрмет көрсетпегені мен әдепсіз сөйлеу, ерсі мінез-құлықтар көрсеткені үшін» айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Педагогтердің айтуынша, директордың осы әрекетінен кейін оларда қорлану, қорқыныш, күйзеліс, ұйқысыздық мәселелері пайда болған.  Соның салдарынан мұғалімдердің бірі жұмыстан кетсе, екіншісі күресуді жалғастыруға шешім қабылдаған. Мұғалімдер моральдық өтемақы алу үшін директорды сотқа берген. Алайда бұрынғы басшылары мұғалімдерді жала жапты деп айыптап, сотқа қарсы шағым түсірген. Оның айтуынша, мұғалімдер БАҚ өкілдеріне ойдан шығарылған әңгімені айтып беріп, әлеуметтік желілерді шулатқан. Осының салдарынан директор да ауырып қалған. Үш айға созылған сот барысында бұрынғы директор кінәсін мойындамады. Оның сөзінше, мұғалімдер одан кек алуды мақсат еткен. Өйткені ол мұғалімдерді жұмыстағы өрескел қателіктері үшін сынға алған.
«Мектептің бұрынғы директоры өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде мұғалімдерге құрмет көрсетпегені, әдепсіз мінез-құлық көрсетіп, қорлағаны анықталды. Жауапкердің заңсыз әрекеттері нәтижесінде талапкерлерге Азаматтық кодекстің 951-бабында көрсетілгендей, қорлану, қорқыныш тәрізді моральдық зиян келгені анықталды. Мектеп директоры мұғалім ретінде мінез-құлықтың этикалық нормаларын сақтауы, ұжым мүшелеріне сыпайы және әдепті болуы тиіс. Әріптестерге қатысты  ұрып-соғуға, қорлау тәрізді әдістерге жол берілмейді», - деп шешім шығарды судья.
Судья шешімді мұғалімдердің пайдасына қабылдады. Педагогтер бұрынғы басшысынан моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өндіріп беруді сұрағанымен, сотта өтемақы мөлшері төмендетілді. Егер жауапкер сот актісіне шағымданбаса, онда ол мұғалімдердің әрқайсысына 300 мың теңгеден төлеп, олардың сот шығынын өтеуі керек.