Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 15 786 шетелдік азамат еңбек етіп жүр. Олар жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын алған.
Шетелдік жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттардың ішінде мынадай санаттар бар: біріншісі – 661 басшы және олардың орынбасарлары, екіншісі – 3 283 құрылымдық бөлімшелердің басшылары. Тартылған ШЖК-нің негізгі бөлігі үшінші, яғни мамандар және төртінші – білікті жұмысшылар санаттарына жатады. Бұлар бойынша тиісінше 7 619 және 384 мигрант шақырылған. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 1 952 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 887 адам тартылған. Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 801 жұмыс беруші бар. Оларда шамамен 485 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды. Еңбек мигранттар шығатын негізгі елдер мыналар: Қытайдан – 3 785 адам, Өзбекстаннан – 1 982 адам, Түркиядан – 1 443 адам, Үндістаннан – 1 031 адам, Ұлыбританиядан – 948 адам. Жалпы, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға арналған квота белгілейді. 2021 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,31%-ды немесе 29,3 мың бірлікті құрады.А.ШӘРІП