Жамбылдағы жарылыс: сақтануды үйрене алмай жүрміз
Жамбылдағы жарылыс: сақтануды үйрене алмай жүрміз
260
оқылды

26 тамызда Жамбыл облысында  болған апат  қазақстандықтарды  елең еткізді. Әулиеата жерінде  тағы да әскери қойма жарылды. Тағы да дейтініміз  мұндай апат соңғы екі жылда екінші рет болып отыр. Өкінішке қарай,  апат салдарынан  қаза тапқандар бар.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданы №28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 12-ге жеткен. Жараланғандар саны да біршама. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс болған сәт­тен-ақ жедел әрекеттер жасалғанын айтты. Бей­сен­бі­нің кешінде Таразға бірнеше министр барды. Ол жай­лы Мемлекет басшысы Тwitter-де жазды. Қой­ма­дағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігінің 153 қызметкері мен 46 техникасы, Полиция де­партаментінің 400 қызметкері мен 54 техникасы, №28349 әскери бөлімінен 8 қызметкер, 2 техника, №5513 әскери бөлімінің 273 әскери қызметшісі мен 12 техника жұмылдырылды. Одан бөлек, Ұлттық ұланның 520 сарбазы мен қосымша  250 адам резервте болды. Бір сөзбен айтқанда,  апат сал­дарын жоюға  біршама күш тартылды. Әрине, апаттың себебін анықтауға ма­ман­­дар кірісетіні сөзсіз.  Өкініштісі, бұл апат әскери қоймалардағы алғашқы жарылыс емес. Соңғы 20 жылда елімізде әскери қоймаларда Жамбылдағыны қос­қанда 8 жарылыс болды.

2001 жылғы 8 тамыз, Тоқырау кенті.

Кент Балқаш қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Оқ-дәрі қоймасынан шыққан өрт пен жарылысты қала билігі мен әскерилер қосылып бір апта бойы өшіре алмады. Соның сал­дарынан қоймадағы барлық оқ-дәрі жа­нып кетті. Бірақ әлі күнге дейін жарақат алып, қаза тапқан адамдардың саны, оған жауапты тұлғалардың аты-жөні жұмбақ күйінде қалды.

2009 жылғы 20 наурыз, Арыс қаласы.

«Казарсенал»ЖШС-ның (қазіргі «Казахтехнология»АҚ) қару-жарақ қоймасы жанып, артынан жарылыс болды. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 16 адам түрлі жарақатпен аурухана­ға түскен. Көптеген үйлер мен көліктер зақымданды. Кейбір жарылмаған снярадт­тар бірнеше шақырым жерлерге дейін ұшып кеткен.

2009 жылғымаусым, Қараой кенті

Алматы облысының Іле ауданындағы ҰҚК шекаралық қызметіне қарасты қару-жарақ қоймасында жарылыс болды. Өртті тек қоймадағы жарылғыштар атылып біткен соң, бір күннен кейін ғана өшіруге кірісті. Бір сарбаз мерт болды.

2013 жылғы 27 тамыз, Отар

Жамбыл облысының Отар стансасы маңындағы оқ-дәріні жою модульдерінің бірі жарылды. Одан сегіз адам жарақат­танып, төртеуі қаза тапқан. Кейбір дерек көздерінде  12 адам жарақат алғаны айтыла­ды.

2014 жылғы 26 маусым, Арыс

Оқ-дәріні жою модульдерінің бірі жарыл­ды. Одан екі қызметкер қаза тауып, бір адам қатты жарақаттанған. Жарылыс­тың себебі мен оған айыпты адамдар әлі күнге табылған жоқ.

2015жылғы 8 қараша, Арыс

Полигонда оқ-дәрілерді жою кезінде жарылыс болған. Екі қызметкер жарақат­танып, біреуі қаза тапты. Жапа шегуші­лер­дің бірінің айтуынша, полигонда күкірт қапшықтар тиелген жүк көлігі жарыл­ған. Бірақ бұл ақпарат ресми түрде расталмады.

2019 жылғы 24 маусым, Арыс

Қару-жарақ қоймасында болған жойқын жарылыс әлі ұмытыла қойған жоқ. Төтенше оқиға ел экономикасына қаншалықты зиян шектірді, мемлекеттің әскери қорғаныс қабілетіне қаншалықты нұқсан келтірді деген сұрақ өз алдына, екі сарбаз бен бір жергілікті тұрғын қаза тапқаны үшін кім жауап береді? Сондай-ақ қаланың 7 634 үйі зақымданған, оның 500-і адам тұруға жарамсыз болып бұзылған. Аталған оқиғаға байланысты Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын: «Біз мұндай жағдайдың ендігәрі қайталануына жол бермеуіміз керек. Ол өте маңызды, бұл мәселені өзім тікелей қадағалайтын боламын»,– деген еді, бірақ өзіміз куә болып отырғандай, елімізде қару-жарақ қоймаларының жарылысы әлі күнге тоқтамай тұр.

Дәулет АСАУ