Қазақстанда жануарлар мүлдем қорғалмаған. Жануарларға жауапты қарау туралы заң әзірге жоба күйінде қалып отыр. Ит-мысыққа қатысты «иттік» жасаған адамды Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бірақ полицейлердің айтуынша, бұл бап бойынша қылмыс жасалғанын дәлелдеу, біріншіден, қиынның қиыны, екіншіден, қарастырылған жаза тым жұмсақ. Содан болар, төрт аяқты тіршілік иелеріне қатысты төбе шашымызды тік тұрғызар неше түрлі айуандық күнде дерлік жасалып жатыр.
Күні кеше Қостанайда итті қапқа салып, балғамен ұрғандар ұсталса, бұған дейін Петропавлда мас әйел 4-қабаттан итті лақтырып өлтіргені жарияланды. Ит-мысықтарды адамдардың ұрып-соққаны, азаптағаны жайлы жаңалықтарды жиі еститін болдық. Адам алдында әбден қорғансыз жануарларды қорғаумен тек волонтерлар ғана айналысады. Бірақ олардың қолдары қысқа, мүмкіндіктері шектеулі. Қылмыстық кодекстің жоғарыда аталған бабына сәйкес жануардың өліміне не мертігуіне әкеліп соқтырған әрекетін бұзақылық ниетпен немесе балалардың көзінше қатыгездік жасаған адам 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады не 30 тәулікке қамауға алынады. Петропавлда спаниельді 4-қабаттан лақтырып өлтірген әйел 27 000 теңге айыппұл төлеп құтылды. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, одан басқа іс қозғалмаған. 3 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан иесіз ит-мысыққа арналған «Белый Бим» баспанасының жетекшісі Екатерина Королеваның айтуынша, бәзбіреулер тапа-тал түсте көшедегі иттің не мысықтың басын жарып, құлағын кесіп алса да, тіпті ел-жұрттың көзінше сойып, терісін сыпырып жатса да, ол үшін ешкім ешқандай жазаға тартылмайды. Үйінде төрт мысық ұстайтын Наталья Подкомаровская кейде көшедегі хайуанаттардың мүсәпір күйін көргенде жүрегі қан жылайтынын жасырмады. Даладан тауып алған бір мысығының көзін біреулер шұқып тастаған екен. Жанарының үңірейген орны ғана қалған соқыр жануарды ол 6 жыл бойы емдеуде. «Ота жасату үшін Ресейге апару керек, ал қазіргі пандемия жағдайында ол мүмкін емес», – дейді. Тағы бір марғауды қаңғыбас иттер талап жатқан жерінен құтқарып, үйіне алып келген. Петропавл тұрғыны Галина Дергачева өз ауласында балалардың қаңғыбас мысықтарды азаптағанын жиі көретінін айтады. «Мен бұл мысықтарға дүкеннен азық сатып алып, ыдысқа сүт құйып беремін. Бір күні балалар оларды ұстап алып азаптап, мазақтап отырғанын көрдім. Тентектерге айқайлап ұрса бастап едім, балалар алаңында отырған аналары келіп өзіме дүрсе қоя берді. Ұлдары не істеп жатқанын көрсе де, жайбарақат отырған әйелдердің бұл қылығына қайран қалдым», – дейді қария.«АДАМДАРДЫҢ ӨЗДЕРІ КІНӘЛІ»
Жануарларға жанашыр кәсіпкер, ит-мысыққа қызмет көрсететін «Миледи» сән салонының иесі Ольга Веркулеева балаларға дұрыс тәрбие беру керек деген пікірімен бөлісті. «Кейде ата-аналар балаларға ит не мысықты ойыншық ретінде сатып әпереді. Бұл дұрыс емес. Олар ұрпақтарының бойына жануарларға деген дұрыс көзқарас қалыптастыруы тиіс, бұл ойыншық емес екенін алдымен өздері түсінсе екен деймін. Ермек керек болса, тағы бала көтерсін», – деп қынжылысын білдірді ит-мысықтың шаштаразы Ольга Веркулеева. Ол Петропавлдағы қаңғыбас хайуандарға арналған «Белый Бим» баспанасына үнемі қайырымдылық көрсетіп, ақшалай, заттай қол ұшын созудан бір жалыққан емес. Баспанадағы жануарларға ол тегін қызмет көрсетеді. «Белый Бим» баспанасының жетекшісі Екатерина Королеваның айтуынша, мұндай жанашыр азаматтар, кәсіпкерлер, ветеринарлық клиникалар баршылық. Дегенмен қиындықтар да шаш-етектен. «Ең алдымен, жануарларға азық-түлік сатып алу оңай емес. Бар қаражат осы мақсатқа жұмсалады. Екіншіден, оларға арналған торлар салып, оларды күтіп-ұстау қиын. Бұрын азық-түліктен артылған ақшаны тор салуға жұмсайтынбыз. Биыл ондай мүмкіндік жоқ. Иттерді бір-бірінен бөлек, таза, ыңғайлы торларда ұстаудың маңызы зор. Егілмеген төртаяқтыларды ұстауға карантиндік бокстар да керек.Үшіншіден, жануарларға оба, құтыру, энтерит сияқты ауруларға қарсы екпе егудің, емдеудің, ұрықсыздандырудың шығыны аз емес. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Биыл әкімдік тарапынан құрылыс материалдары түрінде бір реттік көмек көрсетілгеніне тәубе дейміз. Негізінен қалалықтар мен кәсіпкерлер шама-шарқынша көмек көрсетеді», – деген Екатерина Королева үнемі жұрттан жылу сұрап, алақан жая беруден кейде жалығатынын жасырмады.Екатерина Александровна бірнеше батыл әйелмен күш біріктіріп, өз қаржыларына ашқан баспанада қазір 500-ге жуық ит пен мысық бар. Әрқайсысының «тағдыры» әрқилы. Олардың адам қолынан қандай азап көргенін тыңдаудың өзі азап. Волонтерлардың пікірінше, мұның бәріне адамдар кінәлі. Көшеде қаңғыбас ит-мысықтың өріп жүргеніне де адамдарды айыптайды. Қаңғыған иттер балалар мен ересектерге шабуыл жасап, талап тастаған жағдайлар да кездескен. Мұның да түп-төркінін үй жануарын қаңғыртып жіберген адамның қатыгездігінен іздеу керек деп есептейді олар.Қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін мемлекет оларды аулап, атуға жыл сайын қыруар қаржы бөледі. Облыстық Ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл бұл мақсатқа 61,0 миллион теңге бөлінген. Бұл былтырғыдан 26 пайызға көп. Бұл қаржыға 15 500-ден астам қаңғыбас ит пен мысықты аулап, көзін жою көзделсе, осы күнге дейін 10 мыңнан астамы өлтіріліп, 39,9 миллион теңге игеріліпті. Бұл көрсеткіш те былтырғыдан екі есе артық.
«ОРТА ҒАСЫРЛАРҒА ТӘН НАҒЫЗ ЖАБАЙЫЛЫҚ»
Қаңғыбас жануарлардың санын азайту үшін мемлекет оларды аулап, атуға жыл сайын қыруар қаржы бөледі. Облыстық Ветеринария басқармасының мәліметінше, биыл бұл мақсатқа 61,0 миллион теңге бөлінген. Бұл былтырғыдан 26 пайызға көп. Бұл қаржыға 15 500-ден астам қаңғыбас ит пен мысықты аулап, көзін жою көзделсе, осы күнге дейін 10 мыңнан астамы өлтіріліп, 39,9 миллион теңге игеріліпті. Бұл көрсеткіш те былтырғыдан екі есе артық. «Бір қаңғыбас жануарда аулап, жоюға орта есеппен 4 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Бұл сомаға қажетті оқ-дәрі, жанар-жағармай сатып алу, жүргізушінің және ветеринар дәрігердің еңбекақысы, өлекселер мен биологиялық материалды жою шығындары енгізіледі. Иесіз жануарлар iKomek бірыңғай байланыс орталығына келіп түскен тапсырыстар немесе заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша ауланады. Мемлекеттік ветеринарлық ұйымдар ай сайын атқарған жұмыс туралы Ветеринария басқармасына есеп береді», – деді облыстық Ветеринария басқармасының ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар бөлімінің маманы Баян Жұмабекова. Жануарларға жанашыр азаматтардың пікірінше, бұл әдіс – орта ғасырларға тән нағыз жабайылық. «Иесіз ит-мысықтарды қанша атып жатқанымен, олар азаюдың орнына көбейе түсуде. Бұл тығырықтан шығар жол емес екенін неліктен билік басындағылар түсінбейді? Неліктен біздің адамдар соншалықты қатыгез? Жануарларды жақсы көрмегені өз алдына, неге оларға қиянат жасайды? Жануарларды ешқашан өлтіруге болмайды. Оларға көзқарасымызды өзгертпейінше, өркениетті елдер қатарына енуіміз екіталай», – дейді «Фауна» жастар қоғамдық бірлестігінің волонтері Зоя Павликова. Волонтер Наталья Подкомаровская да осындай пікірде. «Жануарларға қатыгездік танытқан адам әйелдер мен балаларға да дәл сондай мінез көрсетуі мүмкін екенін ғалымдар дәлелдеген», – деп қосты ол. Қаңғыбас ит пен мысықтарға қарсы күрестің жалғыз ізгі жолы – ұрықсыздандыру. Оның өзінде ұрғашы мысық не ит тым болмағанда бір рет балалау керек деп есептейді олар. «Атуды доғарып, ұрықсыздандыру мен чиптеуді қолға алу керек. Онсыз 30 баспана ашсақ та, мәселе шешілмейді. Көптеген өркениетті елдер қаңғыбас жануарларға қатысты туындаған қиындықты дәл осы жолмен шешкен», – деген Екатерина Королеваның пікірі барлық әріптестеріне ортақ. Олар жануарларды атуға бөлінген қаржыны одан да ұрықсыздандыруға жұмсап, ветеринарлық клиникаға теңдей бөліп беруді ұсынады. Сонда ғана бірнеше жылдан соң еліміз қаңғыбас жануарлардан құтылмақ. Зоя Павликова Германияда болғанында көшеде бірде-бір қаңғыбас ит не мысықты көзі шалмағанын айтты. «Онда адамдар хайуанаттарға мейірімді. Алған марғауын не күшігін бірден тіркеп, барлық екпелерін уақытылы салдыртады. Біздің адамдар қашан осындай деңгейге көтеріледі екен?», – деп қынжылыс білдірді ол. Сұрап білгеніміздей, Германия – жануарлар құқығы Конституциямен қорғалған әлемдегі алғашқы мемлекет екен. Әрине, жануарларға деген көзқарасты бір сәтте өзгерте салу мүмкін емес. Кез келген жерде қатыгездікті күнде көріп жүрген жас ұрпақтың бойында мейірімділік болсын ба? Ол үшін кейінгі толқынның бойына жануарлар әлеміне деген махаббат, ізгілік сезімдерін ұялатудың маңызы зор. Бұл ретте Петропавлдағы «Гулливер» балабақшасының «Протяни руку лапам» жобасы үлгі тұтарлық. Сондай-ақ мысықтарды ұжым мүшесі ретінде ұстап отырған ұйымдар бар. Ондағы мақсат – анималотерапия, яғни қызметкерлерін жануарлардың көмегімен емдеу, күйзелістің алдын алу әрі әрине, егеуқұйрық пен тышқаннан қорғану. Волонтерлердің пікірінше, бұл мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, тиісті заң қабылданбайынша, түйінді шешу мүмкін емес. Әзірге олардың мұң-зарына құлақ асып жатқан ешкім жоқ.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы