Солтүстік Қазақстан облысында үйірден жоғалған 50 жылқы екі аптадан кейін аман табылған.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 тамызда Ақжар ауданында үйірден 50 жылқы жоғалған. Екі аптаға жуық жылқышы ұлымен бірге жоғалған малды өздері іздеген. Жоғалған жылқының ішінде ауыл тұрғындарының ғана емес, өз малы да болған.
«Жылқының қолды болуы болжамын да қарастырдық. Сондықтан бір мезілде «мал ұрысы» санаты бойынша есепте тұрған ауылдықтар тексерілді. Олардың саны Ақжар ауданында 23. Екі күннен кейін жылқылар орманнан табылды, олар жайылымнан шамамен 50 шақырымдай ұзап кеткен екен», – дейді ауданның полиция бөлімінің бастығы Еркін Махметов.
Барлық жылқы иесіне аман-есен қайтарылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін бақташыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша хаттама толтырылған.