Бүгінгі поэзияға жаңаша көш бастап, өзгеше із тастап жүрген жас ақындар аз емес. Ұрпақ сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, мәдениет пен өнерді өрге сүйреп жүрген жастар бар. Олардың жетістік жолы да айрықша. Солардың бірі хәм бірегейі Әділет Шопеннің өлеңдерін оқып көргендеріңіз бар ма?
Әділет Шопен – 1996 жылы 16 наурызда Қарағанды облысы, Бұхар жырау ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Республикалық, аймақтық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинаққа енді. Әдеби сайттарда өлеңдері тұрақты жарияланып тұрады.
Өмірін өлеңмен өрнектей білетін ақынның жанынан мұңды, жүрегінен ауыр ештеңе жоқ-ау сірә?! Осындай ауыртпалығын арқалап, аңғалдығын жоғалтпаған шайырдың ғана алдағы жолы ашық болар бәлкім. Жастар арасында өз оқырманын тауып үлгерген Әділет Шопен де өлең бүкіл ғылым саласын өн бойына сыйдырып жатыр деп есептейді.
– Өлеңнің қамтымайтын дүниесі жоқ. Күллі ғылым соның ішінде жатыр. Өзін-өзі сәт сайын жаңартып отыратын ағынды су, адам жаны мен уақыт секілді ұдайы қозғалыста, әркез толғаныста болған құбылыстың өміршең болуы – априори. Жазғаның әрине шын өлең болса, – дейді шайыр.
Өлең сөйлейді деп ұғатын ақын жаны өзі туралы айтыла бергенді ұнатпайтынын жасырмады.
– Өзіңді іздеуге болады, табуға болмайды. Өлеңді жазуға болады, бағалауға болмайтын шығар... Білмеймін. Адамзат саясаткердің емес, ақынның тілімен сөйлейтін кез келеріне сенемін.
Бүгінгі «шуылдақ» көш бастаған руханиятымызға көп нәрсе жетпейді. Сөздің рухын, тылсымын сезінбейтін қоғамнан не күтесіз? Ақыны халықтың емес, халқы ақынның атынан сөйлейтін сәттен не күтеміз? Адамзат саясаткердің емес, ақынның тілімен сөйлейтін кез келеріне сенемін. Өзім өлеңімде ештеңені түзетпеймін. Дүниеде, адам жанында қандай құбылыс болса да, бәрі заңды, – дейді Әділет.
Әділет Шопен жайлы өлеңдегі аға-ұстазы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет «Оның өлеңі – тылсым түйсік тілінің күбірі мен сыбыры» деп баға береді.
– Әділет Шопен – өлеңдерінде тылсым жұмбағы мен астарлы ирониясы қатар жүретін дарынды жас ақын. Ізденгіш. Жаңашыл. Өзіндік өзгеше өрілген мәнері бар. Қара өлең мен ақ өлеңнің сәтті синтезіндей әсер қалдырады. Қазақ жырының жауһарларына қоса батыс, шығыс поэзиясын сіңіре оқығаны анық сезіледі. Оның өлеңі – тылсым түйсік тілінің күбірі мен сыбыры. Жан түкпірінен, сана қатпарынан, құрдым тереңнен тілдесетін құпиялы, бөлекше, ғарыштық тіл. Кейде қоғам кеспірін, кейде өз тағдырын – өзі келеке ететін «қисық – қыңыр» философ.
Әділет болашақта адамның тілі поэзия болатынына үлкен сеніммен қарайды.
– Жер шары ғарыштан жоқ боп кетсе де өлеңнің тұрарына сенемін. Тек келешекте өлең сөзсіз жазылады, адамдар үнсіз ұғынысатын болады, – дейді жас шайыр.
Өлеңге жан бітіріп, жанынан шыққан жалынды жырларын көпшілікке ұсынып жүрген Әділет Шопенге өнер өлкесінде өміршеңдік пен сәттілік тілейміз!