Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева өңір тұрғындарын қабылдады.
Әуелі қабылдауға жалғызбасты ана келді. Тұрғынның айтуы бойынша, денсаулығына байланысты тұрақты жұмысы болмағандықтан 4 баласын асырау қиынға соғып отыр. Сонымен қатар денсаулығына алаңдаған ана медициналық тексерістен өткізіп немесе дәрі-дәрмектермен көмек көрсетілсе екен деген тілегін айтты. Материалдық көмек сұраған ананың барлық байланыс деректерін жазып алған депутаттар мәселе бойынша жауапты органдарға сауал жолданатынын мәлімдеді. Келесі болып көршілес жатқан Ресей мемлекетінен өзінің туысқанын шекарадан эпидемиологиялық ахуалға байланысты әкеле алмай жүрген тұрғын келді. Айтуынша, қазір туысқаны ауыр халде жатыр екен. Жанында қолдау білдірер ешкім болмай тұрғаны азаматты қатты алаңдатқан. Снежанна Валерьевна тұрғынның бұл мәселесін Үкіметке жолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ қабылдауға Ауған соғысының ардагері мәртебесін ала алмай жүрген азамат бас сұқты. Оның айтуы бойынша, осы мәселемен жергілікті әкімдіктерге, жауапты мемлекеттік органдарға бірнеше рет барған. Бірақ ешқандай көмек болмай, үмітін үзіпті. Снежанна Валерьевна азаматтың барлық құжаттарының көшірмесін алып, жеке тұрғынның атынан арызын қабылдап алды. Осы аталған мәселеге байланысты қыркүйек айында жиын өтетінін айтты. Тұрғындарға консультативтік және заңнамалық тұрғыдан кеңес берілді. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының кіші мәжіліс залында Парламент Мәжілісінің депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашеваның қатысуымен өңірдегі барлық деңгейдегі фракция мүшелерімен кездесу өтті. Кездесу барысында партияның алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылуы талқыланды. Аталған мәселеге алаңдаған азаматтар бұл мәселені көршілес жатқан Ресей мемлекетімен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы меморандум құрғанды жөн санайды. Отырыс қорытындысы бойынша барлық аталған мәселелерді шешу үшін ұсыныс-пікірлердің жинақталып, депутаттар өз тарапынан Үкіметке сауал жолдайтынын тілге тиек етті. Мәжіліс депутаттары Жол картасындағы белгіленген барлық шаралардың атқарылуы өңіріміздің дамуы мен халқымыздың әл-ауқатының жақсаруына бір септігін тигізеді деген сенімін білдірді.М.ХАҚНАЗАР