Жаңа мектептер алғашқы оқушыларын қабылдайды
Жаңа мектептер алғашқы оқушыларын қабылдайды
344
оқылды

Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы облы­сында бірнеше жаңа мектеп салынып, оқушылар үшін есігін айқара ашты. Солардың бірі – бүгінгі күн талабына сай тұрғызылған заманауи білім ошағы Панфилов ауданына қарасты Аққұдық ауылында.

Аудан әкімдігі хабарлағандай, бұған дейін қолданыста болған мектеп 2020 жылғы желтоқсан айында апатты деп танылған. 120 орынға арналған жаңа ғимарат құрылысын «Нұр-Шапағат Құ­рылыс» ЖШС жүргізді. Екі жылға кепілдікпен салынған мектеп барлық материалдық-техникалық жабдықпен толық қамтылған. Жалпы ауданы 2 736,84 шаршы метрді құрай­тын ғимаратта 126 оқушыға 28 ұстаз сабақ береді. Аудан әкімі Талғат Өмірә­лиевтің айтуынша, жыл сайын ауданда кезек-кезегімен 2-3 мек­тептен жаңартылып тұрады. Биыл­дың өзінде 2 жаңа мектеп салынып жатыр. Кейбір білім ғимарат­тарында күрделі жөндеу жұ­мыс­та­ры жүргізілген. Аққұ­дықта жа­ңа мектептің кілтін та­быстау – жергілікті тұрғындар үшін қуа­нышты жаңалық. Жаңа білім ошағының та­балдырығын аттаған оқушы­лардың әсері тіптен керемет. – Мектептің ескі ғима­ра­тында спортзалы болмаған. Жаз айла­рында сыртта жаттығып жүрдік. Ал жаңа мектепте бар­лығы бар. Спортты серік еткен­дерге жол ашылды. Басқа да мүм­кіндіктер қарастырылған. Оқушылардың қалаған үйір­месіне барып, оқып-үйренуіне, бос уақыттарын пай­далы етіп өткізуіне толық жағдай жасал­ған, – дейді қуаныштан жүздері бал-бұл жанған балалар. Облыс орталығынан шал­ғайда, шекаралы аймақта орна­ласқан Панфилов ауданында ау­дан орталығынан алыста жатқан елді мекендердегі мектептер де біртіндеп жаңарып жатыр. Қазір екі нысанда жөндеу жұмысы бас­талыпты. Басқұншы ауылындағы 300 орынды және Қорғас ауы­лындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілу үстінде. Сондай-ақ облыс бюджетінен Кіші шыған ауылындағы мек­тептің жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжатта­масына қаражат бөлініп, конкурс жарияланды. Келесі жылы тағы екі мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Аудан мектептерінде 27 100 оқушы білім алады. Жалпы, бүгінде Алматы об­лысында 33 мектеп салынып жа­тыр. Биыл осылардың 9-ы және 1 қосымша ғимарат қолданысқа беріледі. Оның ішінде 1 қыркүйек күні Қарасай, Іле, Ескелді және Панфилов ауданында 6 жаңа мектепте алғаш рет алғашқы қо­ңырау соғылады. Жыл соңына дейін тағы 3 жеке мектеп қолда­нысқа берілмек.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы