VII шақырылған Парламенттің екінші сессиясын ашқан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл тәуелсіздік тарихындағы Мемлекет басшысының 25-ші, соның ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының 3-ші Жолдауы болып отыр. Сарапшылар байламынша, Президент Жолдауының қыркүйекте, парламенттік сессияның ашылуында жария етілуі жаңа саяси дәстүрге айналды. Бұл депутаттық корпусқа да, меморгандарға да қолайлы: Жолдау басымдықтарын бірлесе талқылап, заң шығару жұмысында және бюджеттік жоспарлауда ескеруге мүмкіндік береді.
Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауы ел өмірінің барлық басты қырын – әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық және басқа да салаларын толыққанды қамтыды. Стратегиялық басымдықтар мен бір жылға арналған тапсырмаларға қоса, Президент 5 нақты бастамасын ұсынды. Олар халықтың өзекті проблемаларын шешуге, әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл азат ел болғанымызға 30 жыл толып отырғанын еске салды. – Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында Қазақстан табысты ел ретінде бүкіл әлемге танылды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам түзіп, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деді ол. Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Президенттің пайымдауынша, бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет. Жолдау осы жолдағы көкейкесті мәселелерге арналды.Пандемиядан кейінгі экономикалық өрлеу
Қ.Тоқаев Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстанның қазір пандемия зардабын тартып отырғанын айтты. Дегенмен қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Мемлекет ортамерзімді экономикалық саясатын айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдады. Ұлттық жобалар әзір және алда бекітіледі. Президент Қазақ елінің аймақ лидері болып қала беретінін нықтады. – Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту! Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шараларды қолға алдық. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірдік. Еншілес компаниялар 2 есе азайды, олардың штат санын 1,5 есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық. Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану жөніндегі президенттік бастама экономиканың дамуына айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. – Экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда бүгінгі ахуал әлі де күрделі. «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде 1 триллион теңге болады, – деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайтылып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер өсуде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Елдегі қаржылық қор шексіз емес. – Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет. Бірінші кезекте мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынамын, – деді ел Президенті.Жаңа ведомство құрылуы мүмкін
Үкіметке экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру жүктелді. 2020 жылдың қорытындысында Индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жылда тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Бірақ Қазақстан мұнымен шектелмейді: орта мерзімдегі мақсат – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу, ал еңбек өнімділігін 30%-ға арттыру болмақ. – Әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруі тиіс. Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек. Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешудің оңтайлы жолын табуы тиіс. Бұл ретте еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, жер астының геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін қаперден шығармаған жөн, – дей келе, Қ.Тоқаев сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру міндетін қойды. Осыған орай ол «түрлі ведомстволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек» деді. Демек, алда жаңа ведомство, тіпті жеке министрлік ашылуы ғажап емес. Бұл орган, Мемлекет басшысының байламынша, жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауы шарт. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау. – Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуы тиіс. Тиісті органдар бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол мемлекеттің экономикаға көп араласатынын жеткізді: бұл экономикалық өсімді тежейді, коррупцияға, заңсыз лобби жасауға соқтырады. Реформалар жөніндегі жоғары кеңес жекешелендірудің жаңа жоспарын мақұлдады. Енді оның іске асуын қатаң бақылау қажет. – Бұдан басқа да мәселелер бар. Мысалы, жекелеген ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар шығынға батып жатыр. Сөйте тұра неге олардың бірінші басшылары жауапкершілік арқаламайды? Үкімет бұл мәселені шешуі керек. Сонымен бірге, біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды, – деген Президент Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны 4-6% деңгейіне қайтаруды тапсырды.Ауылға қатысты батыл қадамдар
Қ.Тоқаев инфляцияның монетарлық емес тұстарына тоқталды. Оның ең бастысы – азық-түлік бағасы. – Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының (КТО) желісін құрудың маңыздылығын айтқанмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды, – деді ол. Мұның сыртында, ел Президентінің пікірінше, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Баға шарықтаған сайын байыппен сараптама жасап, тиімді шара қабылдау орнына олардың бір-біріне сілтейтіні Мемлекет басшысына ұнамайды. – Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет. Үкімет осы мәселе бойынша 1 ай ішінде шешім қабылдауы тиіс. Екіншіден, ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйткілді мәселелер бар екенін көрсетті. Біз жедел шара қабылдап, жемшөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн, – деді ол. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. – Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруаның қолы жетпей тұр. Алқаптарды белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамту мәселесіне айрықша назар аудару қажет, – деген Қ.Тоқаев олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керегін нықтады. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге міндетті. Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің аграрлық саясатында сабақтастық болмай тұрғанын айтып, қатаң сынады. – Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Соңғы 5 жылда субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет, – деді Президент. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық етілмек.Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі артады
Ел Президенті Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екеніне екпін түсірді. – Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпеді. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуі тиіс, – деген ол қазақстандықтарды антиваксерлерге ермеуге шақырды. Мемлекет басшысы алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін екенін қаперге ала отырып, «бустерлік вакцинаны» сатып алудың өте маңызды екенін айтты. – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн! Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құрылуы тиіс. Бұл шара тиісті заң жобасында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын, – деді Қ.Тоқаев. Жолдауға сай, «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталады. Нәтижесінде олар 90%-ға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке коронавирустан басқа ауруларға қатысты ахуалды нашарлатып алмауды жүктеді. Сондай-ақ медицина саласына қомақты қаржы құю тапсырылды. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлінбек. Дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17% ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50%-ға жеткізу қажет.Сапалы білім – жарқын болашақтың ұстыны
Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалады. Қабылданған шаралар жемісін берді. Педагог мамандығын қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Жолдау аясында Президент қашықтан оқытуды енгізуді тапсырды. – Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылар санының артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема әрі нағыз қиындық осы деуге болады: балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын! Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс, – деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуді ұсынды. Өйткені дәл осы ұстаздар қауымы жаңа білімді таратушыға, нағыз ағартушыға айналуы тиіс. – Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Бүгінде 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын 1 мыңға жеткізуді міндеттеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір NEET санатындағы 237 мың жас не оқу оқымайды, не жұмыс істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түсуге мәжбүр. Олардың 85% – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім 100% тегін берілетін болады. – Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуі тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеруі мәселесін пысықтаған жөн. Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуі тиіс, – деді ел Президенті. Жолдауда ғылымды дамытуға да баса мән берілді.Өңірлік саясат жетілдіріледі
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты. Олардың қызметіне баға бергенде тұрғындар пікірі ескеріле бермейді. – Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілі оңтайландырылады. Осыған орай тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізудің маңызы зор. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек, – деді Мемлекет басшысы. Ол бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсау міндетін қойды. Республикалық бюджеттен қаржы бөлу әкімдердің әбжілдігі мен пысықтығына, сөзінің өтімділігіне және басқа да субьективті факторларға байланысты болмауы керек. Бюджет үдерісін «қайта жүктеу» үшін жан басына қарай қаржыландыру тетігі неғұрлым кең қолданылып, бюджет лимиттерін бөлудің объективті әдістемесін енгізілмек. Яғни тұрғыны көп облыс көбірек бюджет иеленгені дұрыс. Президент жобалардың сметалық құнын үнемі артық көрсетуді аса өткір проблема деп атады. Бұл балабақша және мектеп сияқты шағын жобаларға да, ірі инфрақұрылымдық жобаларға да қатысты. Ендеше қолданыстағы нормативтік база мен тәжірибені өте қысқа мерзім ішінде түбегейлі қайта қарау керек. Үкімет пен Есеп комитеті 1 желтоқсанға дейін тиісті ұсыныстар енгізуге міндеттелді. Елдегі экология мәселесі басты назарда. Мейлінше ластанған 10 қала орта мерзімді кезеңде газға не баламалы қуат көздеріне көшірілуі керек. Қ.Тоқаев өңірлерді дамыту аясында ірі инфрақұрылымдық жобалардың тұтас тобы жүзеге асырылатынын хабарлады. Олардың арасында газ құбырларын, су қоймалары мен арналарын қайта құру және салу бар. Нақтылай кетсек, биыл батыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңге болатын үш жоба бойынша жұмыс басталады. Бұл – Қашағандағы газ өңдеу зауытының және «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының құрылысы, сондай-ақ, «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырын жаңғырту жұмысы. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылады. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады.Саяси жаңғыру жалғасады
Президент Жолдауда саяси реформаларға жеке орын бөлді. Шындап келгенде, ол жаңа, төртінші саяси реформалар топтамасын ұсынды. – Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40%-дан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар пилоттық режімде енді аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады! Президент Әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі керек, – деді Қ.Тоқаев. Сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норманың енгізілуі партияларды барынша белсенді жұмыс істеуге, жаңа адамдар іздеп, өз қатарын жасартуға жетеледі. – Дегенмен халық қалаулыларының түпкілікті құрамы жасақталғанда бұл квота сақталған жоқ. Оның толыққанды әсері болуы үшін депутат мандатын бөлу кезінде де осы квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы заң жүзінде бекіту керек. Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әзірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде көп емес. Квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керек, – деді Мемлекет басшысы. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізілетін болды. Құқық қорғау жүйесін де елеулі өзгерістер күтіп тұр. Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режімде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту болады. – Қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек. Алаяқтықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды. Бас прокуратура алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлейтін болады. Балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу ерекше бақылауда болуы тиіс. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар, әсіресе жастар арасында таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын, – деді Президент. Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен тиімді күреске көңіл бөлінген.Өрлеу үшін ұлт ұйыса қимылдауы керек
Біздің нағыз күшіміз – біртұтастығымызда. Бұл ереже беки түспек. – Пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз! Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың маңызды екенін барлық азамат түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді, – деді ол. Президент мемлекеттік тілдің өз ретімен дамып жатқанын айтты.– Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Ендеше қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда 1 ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды, – дей келе Қ.Тоқаев болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиісін нықтады. Отаншылдықтың басты белгісі осы болады. – Қазір мемлекет бюджет қаржысын оңды-солды иелене беретін белгілі бір қайраткерлердің ғана жобаларын қаржыландырып отыр. Бұл әрине, түсініксіз жағдай. Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?! Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуы тиіс, – деді Президент. Ол креативті индустрияны қолдау қорын құруды қарастыруды ұсынды.Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40%-дан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз.
Жарқын болашақты жақындатар 5 бастама
Жолдаудың басты бір жаңалығы – ол халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған 5 бастамадан тұрады. І бастама аясында ең төменгі жалақы (ЕТЖ) деңгейі қайта қаралмақ. – Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Коронадағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елінен артта қалды. Осыған байланысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шара 1 миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді, – деді Қ.Тоқаев. Бұл қадам жалпы жалақының 30, тіпті кейде 40%-ына дейін жететін «көлеңкелі» еңбекақы қорын азайтуы, сондай-ақ ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етуі тиіс. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл ІЖӨ-ні 1,5%-ға арттырады. Мемлекет басшысы ЕТЖ-ны салықтық, әлеуметтік, басқа да салаларда есептік көрсеткіш ретінде орынсыз пайдалануды қоюды тапсырды. Үкімет пен Парламент жыл соңына дейін қажетті өзгерістерді заңнамаға енгізіп, оның келесі жылғы қаңтарда күшіне енуіне жол ашуы шарт. ІІ бастама аясында бизнес өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ынталандырылады. – Қазақстанда 6,5 миллионнан астам адам жалданып жұмыс істейді. Олардың негізгі табыс көзі – жалақы. Бұл ретте еңбекақы төлеу қорының өсімі соңғы 10 жылда кәсіпорын иелері табысының өсімінен 60 пайызға жуық қалып қойды. Енді Үкімет бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын «ұтымды» шаралар әзірлейді. Қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге мемлекеттік сатып алу жүйесінде жеңілдіктер беріледі. Оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ІІІ бастама аясында еңбекақы қорынан жиналатын алым жеңілдетілмек. – Еңбекақы төлеу қорына түсетін салмақтың өзі барынша түсінікті әрі қарапайым болуы қажет. Бұл, әсіресе, микро және шағын кәсіпкерлік саласында қатты сезіледі. Мұндай бизнес үшін жиынтық салмақты 34%-дан 25%-ға төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорына бірыңғай төлем енгізуді ұсынамын. Бұл шара бизнесті мыңдаған қызметкерін «көлеңкеден шығаруға» ынталандырады. Сонда олар зейнетақы жүйесінің, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық қатысушысына айналады. Жаңа жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастауы тиіс, – деді Қазақстан Президенті. VІ бастама кітапханашы, архивші, бухгалтерлер және басқа да бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді қарастырмақ. – 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Алайда бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады, – деді Мемлекет басшысы. Тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді. V бастама аясында елде жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болмақ. – Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Нарықтық ипотека ставкасы болса, әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр, – деді Қ.Тоқаев. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы президенттік бастама әлеуметке де, экономикаға да оң әсер етуде. Сондай-ақ, бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді, БЖЗҚ-ға жарна аударуды талап етуіне түрткі болыпты. Осы үрдісті қолдау үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат берді. Алда бұған қатысты заң Парламентке келеді. – Құрметті депутаттар! Бүгін Парламенттің кезекті сессиясы басталды. Алдымызда көптеген маңызды міндет тұр. Әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындау керек. Сіздер халықтың мүддесін қорғау үшін әрдайым табандылық танытуға тиіссіздер. Әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет. Осы жауапты жұмыста сіздерге сәттілік тілеймін! – деп түйді ел Президенті. Ол игі бастаманың бәрі соңына дейін жеткізілетінін қадап айтты. Бұл үшін мемаппарат тиімді, біртұтас құрылымдай жұмыс істеуі шарт. – Мемлекет басшысының бағытына күмән келтіретіндердің, өзіне жүктелген жұмысты еңсере алмайтындардың, уақыт өткізіп босқа отыратындардың, Президент тапсырмаларын орындаудан жалтаратындардың бәрі атқарып отырған лауазымынан кетуі тиіс. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемаппарат біртұтас механизмдей жұмыла жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана қойылған мақсаттарға қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Айхан ШӘРІП