Жаңа оқу жылы басталып, оқушылар мен студенттер оқу орнына қайта орала бастады. Қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін түгендегенімен, шалғай ауылдар мен еліміздің әр түкпірінен қалаға ағылған студент жастардың жанын ауыртатын мәселе азайған жоқ. Әрі бұл аса өзекті жай болып тұр. Өйткені студенттерге жатын орын жетіспей қалған. Коронавирус пандемиясынан кейін былтыр қашықтан оқыған студенттердің биыл үй-жайын қамдау күрделі мәселеге айналып отыр. Түйінді жағдай Көкшетау қаласындағы оқу орындарында ерекше байқалған. Мыңдаған студент пен ата-ана балаларына қаладан жалға берілетін пәтер іздеп, тентіреп кеткен.
Күрделі жағдай облыстың бірнеше оқу орындарын тығырыққа тіреген. Жатақханалары болғанымен, ол тек бірінші курс студенттерін ғана қабылдауға жеткен сыңайлы. Ал қыркүйекте оқу жылының басталатынын әрі студенттердің тым көбейгенінен хабардар халық пәтер бағасын бірден аспандатып жіберген. Оқуға келген студент жастар енді шәкіртақысының тек пәтерді жалдау ақысына кете ме деп қауіптенеді. Өйткені қазір қалада бір бөлмелі пәтердің жалдау құны 60-70 мың теңгеге жетіп жығылған.Бір апта ішінде қалтамдағы барымнан айырылдым...
«Биыл үшінші курста оқимын. Грантқа түскен соң алыс та болса Көкшетауға оқуға келдім. Осыған дейін екі курс бойы жатақханада тұрып оқығанмын. Биыл университет жатақханадан орын болмайтынын бірден айтты. Енді пәтер жалдауға тура келіп тұр. Университет маңынан пәтер табылатын түрі жоқ. Жалға берілетін пәтердің бәрін қазірдің өзінде студенттер алып қойған. Бағалары өте қымбат. Тәуліктік жалға берілетін пәтерге күніне 6 мың теңге төлеп жүрмін. Бір апта ішінде қалтамдағы барымнан айырылдым. Пәтер таппасам қалай оқитынымды білмей дал болдым», – дейді Жақып Еділов есімді студент.7 мыңға жуық студентке жатақхана жетіспейді...
Көкшетау қаласындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті де жатақханада орын жетпей жатқанын ашық мойындады. Оқу орнында тек биылдың өзінде 2 060 адам оқуға түскен. Бұл – солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарының ішінде студенттердің ең көбі. Ал оқу орнының бес жатақханасындағы жатын орын 1 350 студентке шақталған. Яғни, жатын орындарының саны бірінші курс студенттерінің өзіне де жетпей қалған. «Бүгінде біздің Шоқан Уәлиханов атындағы университетте 8 мың студент бар. Соңғы он жылда студенттер саны осынша болған емес. Ал бұл өз кезегінде аса күрделі мәселе туындатып отыр. Жатақханаларымызда жатын орындары жетіспей жатыр. Біз облыс орталығындағы ең үлкен «Көкшетау» мейманханасымен студенттерімізді орналастыру үшін меморандум жасағанбыз. Олар 150 жатын орын берген. Қазір барлық орын толықтай студенттермен броньдалған. Тағы екі кішкентай хостел бар еді. Ол да студенттерімізбен лық толып қалды. Қала кішкентай болған соң студенттерге жатақханадан орын табу мүмкіндігі болмай тұр», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау универсиеттінің проректоры Ғалым Байтүк. Университет басшылығының айтуынша, қазір оқу орнының жатақхана сала қоятындай қаражаты жоқ. Дегенмен университет мемлекет пен жекеменшік әріптестік шеңберінде кәсіпкерлердің қолдауымен 500 орындық жатақхана салуға құжат әзірлеген. Бірақ бұл да жатақхана тапшылығын жоймайтыны анық. Университет басшылығы осы орайда жергілікті атқарушы органдардың жаңа жатақхана ретінде қайта жабдықтау үшін ғимарат бөліп, мәселені шешу мүмкіндігін қарастырса екен дейді.Араға Білім және ғылым министрлігін салады...
«Университет басшылығына жоғары курс студенттері күн сайын жатақхана мәселесіне байланысты жағдайын айтады. Бірақ бізде оны шеше салатын еш мүмкіндік жоқ. Жатақханада қазір кезек бойынша басымдықта ең алдымен «Серпін» бағдарламасымен келген 1-курс студенттері, одан кейін жалпы грант алған 1-курс студенттері, жетім студенттер, мүмкіндігі шектеулі студенттер мен ақылы оқуға қабылданған 1-курс студенттерін қоныстандырып жатырмыз. Жасыратын несі бар, мәселені Білім және ғылым министрлігін немесе БАҚ-ты араластырып шешуге тырысып жатқан студенттер мен ата-аналар бар. Бұл жағдайда, тіпті Үкіметтің де көмектесе алмайтынын ашық айта аламын. Сыбайлас жемқорлық қаупі туындайтындықтан, біз қолмен толтырып қоныстандырудан бас тарттық. Қазір студенттерді орналастыру еGov және Platonus электронды базалары арқылы жүргізіліп отыр», – дейді Ғалым Байтүк. Жоғары оқу орнымен қатар колледж студенттері де жатақханадан орын таппай, пәтер жағалап кетуге мәжбүр болған. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде де студенттерді орналастыру аса күрделі болып тұр. «Бізде дәл қазір 205 студентке жатақханадан орын жетіспей тұр. 1-курс студенттеріне орын жетіспей жатса да, төртінші қабаттағы оқу процесі өтетін бөлмелерді босатып, 85 студентті орналастырдық. Бірақ бұл жатақхана жетіспеушілігін шеше алмайды. «Балаларымыз орыстың жетім бұрышын қалай паналайды? Пәтер таба алмай жатырмыз», – деген ата-аналар көп. «Қазір тек 1-курстарды қабылдап жатырмыз. Сіздердің балаларыңыз жоғары курсқа өтті» деген уәж айтып жатырмыз. Басқа амалым да жоқ. Дегенмен 240 орындық жатақхана құрылысы басталды. Бүгінде іргетасы қаланып жатыр. Құрылыс 2022 жылдың 31 желтоқсанында аяқталмақ», – дейді Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің директоры Құралай Ғазизқызы.P.S. Сонымен, тапқан-таянғанын баласы үшін жұмсаған ауылдағы ата-ана үшін тағы бір күрделі кезең басталды. Жатақханада орын жоқ, баспананың бағасы удай... Жатақханадан орын тимей қалған студенттердің мәселесі қалай шешілетінін әзірге ешкім тап басып айта алмайды...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы