Көкшетауда студентке баспана тапшы
Көкшетауда студентке баспана тапшы

Жаңа оқу жылы баста­лып, оқушылар мен сту­денттер оқу орнына қайта орала бастады. Қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін түгендеге­ні­мен, шалғай ауылдар мен еліміздің әр түкпірінен қа­лаға ағылған студент жас­тардың жанын ауыртатын мәселе азайған жоқ. Әрі бұл аса өзекті жай болып тұр. Өйткені студенттерге жа­тын орын жетіспей қал­ған. Коронавирус панде­мия­сынан кейін былтыр қа­шықтан оқыған студент­тер­дің биыл үй-жайын қамдау күрделі мәсе­леге ай­налып отыр. Тү­йінді жағ­дай Көкшетау қа­ласын­дағы оқу орында­рын­да ерекше байқалған. Мың­даған сту­дент пен ата-ана балала­ры­на қала­дан жалға бері­летін пәтер іздеп, тентіреп кеткен.

Күрделі жағдай облыстың бір­неше оқу орындарын тығырыққа тіреген. Жатақханалары болға­нымен, ол тек бірінші курс сту­дент­терін ғана қабылдауға жеткен сыңайлы. Ал қыркүйекте оқу жы­лының басталатынын әрі сту­денттердің тым көбейгенінен хабардар халық пәтер бағасын бірден аспандатып жіберген. Оқуға келген студент жастар енді шәкірт­ақысының тек пәтерді жалдау ақысына кете ме деп қауіптенеді. Өйткені қазір қалада бір бөлмелі пәтердің жалдау құны 60-70 мың теңгеге жетіп жығылған.

Бір апта ішінде қалтамдағы барымнан айырылдым...

«Биыл үшінші курста оқимын. Грантқа түскен соң алыс та болса Көкшетауға оқуға келдім. Осыған дейін екі курс бойы жатақханада тұрып оқығанмын. Биыл универ­ситет жатақханадан орын болмай­тынын бірден айтты. Енді пәтер жалдауға тура келіп тұр. Универ­ситет маңынан пәтер табылатын түрі жоқ. Жалға берілетін пәтер­дің бәрін қазірдің өзінде сту­денттер алып қойған. Бағалары өте қымбат. Тәуліктік жалға берілетін пәтерге күніне 6 мың теңге төлеп жүрмін. Бір апта ішінде қалтамдағы ба­рымнан айырылдым. Пәтер тап­пасам қалай оқитынымды білмей дал болдым», – дейді Жақып Еділов есімді студент.

7 мыңға жуық студентке жатақхана жетіспейді...

Көкшетау қаласындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі Шо­қан Уәлиханов атындағы ­Көк­шетау университеті де жатақ­ханада орын жетпей жатқанын ашық мойындады. Оқу орнында тек биылдың өзінде 2 060 адам оқуға түскен. Бұл – солтүстік өңір­лердегі жоғары оқу орын­да­рының ішінде студенттердің ең көбі. Ал оқу орны­ның бес жатақ­ханасын­дағы жатын орын 1 350 студентке шақталған. Яғни, жа­тын орында­рының саны бірінші курс студенттерінің өзіне де жет­пей қалған. «Бүгінде біздің Шоқан Уәли­ханов атындағы университетте 8 мың студент бар. Соңғы он жылда студенттер саны осынша болған емес. Ал бұл өз кезегінде аса күр­делі мәселе туындатып отыр. Жа­тақха­наларымызда жатын орын­дары же­тіспей жатыр. Біз облыс орталы­ғын­дағы ең үлкен «Көк­шетау» мейманханасымен студент­терімізді орналастыру үшін мемо­рандум жасағанбыз. Олар 150 жа­тын орын берген. Қазір барлық орын толық­тай студенттермен броньдалған. Тағы екі кішкентай хостел бар еді. Ол да студент­терімізбен лық толып қалды. Қала кішкентай бол­ған соң студенттерге жатақханадан орын табу мүмкіндігі болмай тұр», – дейді Шоқан Уәлиханов атын­дағы Көкшетау универсиет­тінің про­ректоры Ғалым Байтүк. Университет басшылығының айтуынша, қазір оқу орнының жа­тақхана сала қоятындай қаражаты жоқ. Дегенмен университет мем­лекет пен жекеменшік әріптестік шеңберінде кәсіпкерлердің қолда­уымен 500 орындық жатақхана салуға құжат әзірлеген. Бірақ бұл да жатақхана тапшылығын жой­майтыны анық. Университет бас­шы­лығы осы орайда жергілікті ат­қарушы органдардың жаңа жатақ­хана ретінде қайта жабдықтау үшін ғимарат бөліп, мәселені шешу мүм­кіндігін қарастырса екен дейді.

Араға Білім және ғылым министрлігін салады...

«Университет басшылығына жоғары курс студенттері күн сайын жатақхана мәселесіне байланысты жағдайын айтады. Бірақ бізде оны шеше салатын еш мүмкіндік жоқ. Жатақханада қазір кезек бойынша басымдықта ең алдымен «Серпін» бағдарламасымен келген 1-курс студенттері, одан кейін жалпы грант алған 1-курс студенттері, жетім студенттер, мүмкіндігі шек­теулі студенттер мен ақылы оқуға қабылданған 1-курс студенттерін қоныстандырып жатырмыз. Жа­сыратын несі бар, мәселені Білім және ғылым министрлігін немесе БАҚ-ты араластырып шешуге тырысып жатқан студенттер мен ата-аналар бар. Бұл жағдайда, тіпті Үкіметтің де көмектесе алмайты­нын ашық айта аламын. Сыбайлас жемқорлық қаупі туындайтын­дық­тан, біз қолмен толтырып қо­ныстандырудан бас тарттық. Қазір студенттерді орналастыру еGov және Platonus электронды база­лары арқылы жүргізіліп отыр», – дейді Ғалым Байтүк. Жоғары оқу орнымен қатар кол­ледж студенттері де жатақха­надан орын таппай, пәтер жағалап кетуге мәжбүр болған. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде де студенттерді ор­наластыру аса күрделі болып тұр. «Бізде дәл қазір 205 студентке жатақханадан орын жетіспей тұр. 1-курс студенттеріне орын же­тіспей жатса да, төртінші қабаттағы оқу процесі өтетін бөлмелерді бо­сатып, 85 студентті орналас­тыр­дық. Бірақ бұл жатақхана жетіс­пеушілігін шеше алмайды. «Бала­ларымыз орыстың жетім бұрышын қалай паналайды? Пәтер таба алмай жатырмыз», – деген ата-ана­лар көп. «Қазір тек 1-курс­тарды қабылдап жатырмыз. Сіз­дердің балаларыңыз жоғары курсқа өтті» деген уәж айтып жатырмыз. Басқа амалым да жоқ. Дегенмен 240 орындық жатақхана құрылысы басталды. Бүгінде іргетасы қала­нып жатыр. Құрылыс 2022 жылдың 31 желтоқсанында аяқталмақ», – дейді Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің директоры Құралай Ғазизқызы.

P.S. Сонымен, тапқан-таян­ғанын баласы үшін жұмсаған ауылдағы ата-ана үшін тағы бір күрделі кезең басталды. Жатақ­ханада орын жоқ, баспананың ба­ғасы удай... Жатақханадан орын ти­мей қалған студенттердің мәселесі қалай шешілетінін әзірге ешкім тап басып айта алмайды...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы