Әлем елдері көмірден біртіндеп бас тартып жатыр. Жаһандық жылынуға қатысты өткен саммитте бұл мәселе кеңінен талқыланды. Алайда Азия мен Еуропаның дамыған елдері, мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт мемлекеттер әлі күнге көмір жағады. Соған қарамастан биыл елдегі көмір тұтыну көлемі төмендеген. Әйтсе де, «қара отынды» тұтынушылар үшін бағаның арзандауы туралы жағымды жаңалық айтуға ерте. Көмір бағасы қалай құбылады? «Қара отынның» сапасы туралы тұтынушылар не айтады? Әлеуметтік осал топтарға мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі?
Расында, жыл өткен сайын көптеген мемлекет көмір тұтыну көлемін азайтып келеді. Мәселен, бір ғана АҚШ-тың өндіріс көлемі 2007 жылы 1 миллиард тонна болса, 2018 жылы 700 миллион тоннаға дейін азайған. Ал көмірді көп тұтынатын Қытайда жылына 4,3 миллиард тонна көмір жағылады. Бейжің билігі 2025 жылға қарай «қара отынды» тұтыну мөлшерін бірте-бірте азайтуға уәде бергенімен, экспорт көлемін кеміту туралы жақ ашқан жоқ. Осы жылдың алғашқы 4 айында энергетикалық отынның әлемдік саудасы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 9% және 4%-ға төмендеді. Бірақ биыл маусым, шілде айларында Еуропа мен Азиядағы энергетикалық көмірдің баға белгіленімдері өсуін жалғастырған. Нәтижесінде, елдегі «қара отын» бағасы да мың құбылып тұр. Негізі, көмірдің қымбаттауына үнемі пайда болатын ұсыныс пен сұраныстың артуы, қала берді қоғамдағы алыпқашпа әңгімелер септігін тигізетін көрінеді.Тұтыну көлемі төмендеді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы жылыту маусымында көмірді тұтыну көлемі 10-нан 7,3 миллион тоннаға дейін төмендейтіні туралы болжам жасады. Тұтыну көлемінің күрт төмендеуі халықты белсенді газдандыру есебінен болып отыр. Газдандырудың арқасында биыл көмірді тұтыну 4,8 миллион тоннаға дейін азаяды. Биыл бірінші жартыжылдықта коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және өңірлердің тұрғындарына 3,4 миллион тонна көмір тиелді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 31,3, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттілігіне 2,9 миллион тонна жөнелтілді. Ал 14,5 миллион тонна экспортқа кетті. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматыдан басқа барлық өңірлер 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде көмір өніміне деген қажеттіліктерін көрсетіп, жаңа маусымға дайындықты бастап та кеткен. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен кеңейтілген кеңес өтіп, онда өңірлік билік органдарына халыққа көмірдің бағасы мен маркаларын, сату нүктелері мен олардағы көмірдің бар-жоғын түсіндіру үшін арнайы жедел желі құру, сондай-ақ тұрақты негізде халыққа көмірдің жеткізілімі мен сапасына мониторинг жүргізу ұсынылды. Сонымен бірге көмір бағасының заңсыз өсуіне жол бермеу үшін монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелері жұмыс істеуде.«Қара отын» бағасы қымбаттайды
Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар жыл басынан бері барлығы 60 миллионға жуық тонна (көмір концентратын есепке алмағанда) көмір өндірді. «Қара отынды» жеткізудің 89%-ын негізгі төрт көмір өндіруші компания құрайды. Оның ішінде, «Шұбаркөл Көмір» АҚ – 28%, «Қаражыра» АҚ – 25%, «Майкубен-Вест» ЖШС – 25%, «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесі – 11%. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұтыну төмендегенімен, көмір тұтынушылар үшін отын бағасы өткен жылға қарағанда қымбатқа түсетінін айтады. Өйткені көмір өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың шығыны есепке алынған. «Қара отын» өндірушілер электр энергиясы, жарылғыш заттар және жанар-жағармай материалдары – 24%-ға дейін, ал шахталық жабдыққа қосалқы бөлшектерге 1,6 есе тариф көтерілгенін айтқан. Сондай-ақ кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалақысы да орташа алғанда 8-18%-ға өсті. «Көмір саласын мемлекет субсидияламайды. Сондықтан өндірістік шығындардың өсуі тұтынушылар үшін көмірдің құнына тікелей әсер етеді. Сарапшылардың бағалауынша, маркасына байланысты көмірдің тоннасы 9,9%-дан 24%-ға дейін өсуі мүмкін», – дейді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі.Тасымалдау құны қымбат
Көмір сатумен айналысатын Дастан «қара отынға» тапсырыс берушілердің саны күн суытқанда көбейеді деп отыр. Жаз айларында да көмір сатып алатындардың қарасы көп. Күн жылы кезде тапсырыс беретіндер, көбіне монша жағу үшін алады. «Шұбаркөлдің көмірін ғана сатамын. Басында көмірдің бір тоннасы 8 200 теңге болады. Біз тапсырыс беріп, КамАЗ арқылы алдырамыз. Тасымалдаушылар бағаға бірге бір қосып әкеледі. Сөйтіп, бізге келемін дегенше 16 000 теңге болады. Оның үстіне, 1 000-1 500 теңге қосып сатамыз. Қазір көмірдің ішінде қымбаты да, сапасы да жақсысы – Шұбаркөл», – дейді Дастан. Оның айтуынша, сапасына байланысты айтылатын әңгімелер де көп. Бірақ алыпсатарлардың ішінде әртүрлісі бар екенін ескеру керек. «Таза Шұбаркөлдің көмірінің сапасы жақсы. Сосын қыс пен жазда алған көмірлердің арасында айырмашылық көп. Мысалы, жазда алып қойған көмір ашық жерде тұрса, өз құрамын жоғалтады. Былтыр қыстан қалған бір тоннадай көмір болатын. Көктемде барлығы ірі-ірі болатын. Қазір езіліп, түртіп қалсаң шашылып жатыр. Көмірдің ірілері жақсы жанады. Ал бағасына келсек, әзірге бағасы қымбаттап жатқан жоқ. Былтыр да тоннасын 15 000 теңгеден алып, 16 000 теңге, 16 500 теңгеге саттық», – дейді көмір жеткізумен айналысатын Дастан.Тонна көмір түкке жарамады
Жақында ғана қала мәртебесін алған Қосшы қаласының тұрғыны Ескендір Зұлқарнай көмір өндіруден әлемде алдыңғы қатарлы елдердің бірі болсақ та, «қара отын» бағасы тұтынушылар үшін қолжетімсіз екенін жеткізді. «Қосшыда көмірдің тоннасы 17 000 теңгеден сатылады. Табысы орташа отбасылар үшін бұл да үлкен салмақ. Өйткені бір қыста 10-11 тонна көмір жағамыз. Солтүстік өңірде от жағу қыркүйектің 10-15-терінде басталады, содан мамырға дейін созылады. Сонда айына 1 тоннадан астам көмірге ақша шығындауға тура келеді. Бірақ сапасына қатысты сын айта алмаймын. Көбіне Шұбаркөлдің көмірін сатып аламын. Қызуы жақсы. Бірақ таныстарымның арасында Шұбаркөлдің орнына басқа көмірді сатып алып, сан соғып қалғандар болды. Соған қарай сапасы да жақсы болмаған»,– дейді ол. Елорда іргесіндегі Ильинка ауылында тұратын Айгүл жылда қыркүйектің соңында көмір сатып алса, биыл қыстың қамына ерте кірісіпті. «Биыл 5 тонна Қаражыра көмірінің тоннасын 13 500 теңгеге алдық. Барлығы 67 500 теңгеге шықты. Қосымша КамАЗ-ға 10 мың теңге бердік. Оның өзінде көрші ретінде жасаған жеңілдігі сол болды. Әйтпесе, 15 мың сұрайды. Жақсысын, ірірегін салдыру үшін қосымша 1 000 теңге бересің. КамАЗ-ға тиегенде қасында тұрмасаң, тағы болмайды. Бұрын Шұбаркөлдің тоннасын 11 500 теңгеге алдық. Қызуы қатты болғанмен, шоғы тез сөніп қалады. Оның үстіне, пешті жарып жібереді. Түнде көмір салып жатасың, таңға дейін үйдің іші суып кететін. Бірақ күлі өте аз шығады. Ал Қаражыраның шоғы таңға дейін тұрады. Үй суып кетпейді. Бірақ күлі көп шығады. Бір шелек көмір салсаң, бір шелек күл шығарасың. Былтыр 3 тоннасын алып едік. Жетпей қалып, көктемге қарай тағы 2 тонна түсірдік. Бірақ көмірлердің барлығы көктемге қарай ұнтақталып кетеді», – дейді Айгүл. Осыдан 10 жыл бұрын да алыпсатарлардан алған бірнеше тонна Қаражыра көмірін қыста жаға алмай, қақаған аязда екі есе бағаға Шұбаркөл алған ол «кейбір сатушылар салмағын азайтып, тұтынушыларды алдап кетеді» деп отыр.Әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?
Елордада жылда 15 қазаннан бастап мұқтаж жандарға қатты отынды сатып алу үшін әлеуметтік көмек беріледі. «Сарыарқа» аудандық әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы Салтанат Станбаева әлеуметтік көмек ересек мүгедектерге, мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және көпбалалы отбасыларға берілетінін жеткізді. Жергілікті (пеші бар) жылытатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның меншік иелері болып табылатын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған және жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтындарға тағайындалады екен. Яғни, күнкөріс деңгейі – 163 740 теңге. Ал жер үйлердегі пәтер жалдаушылар үшін, көпбалалы отбасы болса да көмек берілмейді. Себебі ол пәтер жалдаушының атына тіркелмеген. «Тізімдегі кісілерге әлеуметтік көмек 15 қазан-15 сәуір аралығында 46 672 теңге беріледі. Қатты отынды сатып алуға көрсетілетін әлеуметтік көмекке құқығы бар бірнеше адам бір тұрғын үйде тұрған жағдайда, өтемақы тек қана бiреуiне берiледi. Өтінім беру 15 қазаннан 30 сәуірге дейін жалғасады. Қазір карантин шараларын сақтау мақсатында әлеуметтік көмек алуға өтініш беруші «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы тіркеледі. Ол үшін отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат көшірмесі, табысы туралы мәлімет, зейнеткерлер үшін – зейнеткерлiк куәлiгiнің, мүгедектер үшін – мүгедектiгi жөнiндегi анықтамасы, көпбалалы отбасылар үшін – көпбалалы отбасы куәлігінің көшірмесі керек. Сосын Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органы берген жылжымайтын мүлiкке тiркелген құқығының болмауы, не болмаса болуы туралы анықтама, банктік шоты, отбасы жөніндегі мәлімет қажет болады. Құжаттардың түпнұсқалары да бірге ұсынылады. Көшiрмелерiн салыстырған соң түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады. Биыл қала бойынша 192 отбасына 9,6 млн теңге қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек көрсетілді»,– дейді Салтанат Дүйсенқызы. Алайда мемлекет берген мүмкіншілікті алуы тиіс адамдардың әдеттегідей қорадағы малы, үйіндегі телевизоры да есепке алынып, жалақысындағы салық пен зейнетақы жарналары да қоса есептеліп, ақыр соңында әлеуметтік көмектен құралақан қалады. Оның үстіне, отбасындағы мүгедектігі барлар мен көпбалалы ана болса да, пәтер иесі өзі болмағандықтан, әлеуметтік көмекке алақан жая алмайды. Шамасы әлеуметтік көмектің тізімін жасағандар көмекке мұқтаж адамдардың барлығында баспана бар деп санаған шығар, кім білсін?!Жадыра МҮСІЛІМ