Паралимпиада: мүмкіндігі шексіз спортта даму бар
Паралимпиада: мүмкіндігі шексіз спортта даму бар
376
оқылды

Токио Олимпиадасы то­лықтай аяқталды деп әлі айта алмаспыз. Себебі қазір Жапонияда Паралимпиада ойындары өтіп жатыр. Дү­бірлі доданы елемей кетуге болмас. Онда еліміздің пара-спортшылары да сын­ға түсіп жатыр. Бұл жолы ұлт­тық құраманың көрсеткіші жаман емес. Бір байқағаны­мыз, спорттың бұл санатынан Қазақстан біршама алға ілгерілеп келеді. Ендеше осы жайында тарқатып айтсақ.

Тарих жаңарды

24 тамызда басталған Па­ралим­пиада ойындары аяқталуға да таяу. 5 тамызда жарыс бітеді. Жарысқа әлемнің 136 елінен 5 000-ға жуық спортшы қатысты. Жалпы, 540 медальдің жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан намысын 26 спортшы қорғап жа­тыр. Біздің құрама паралим­пиадаға осымен 7 рет қатысып отыр. Биыл отандық спортшылар 25 лицензия жеңіп алды. Жүзуде 7, дзюдода 6 және пауэрлифтинг­тен 5 жолдамамыз бар. Бұған қоса, қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бағыттары бо­йынша да сынға түседі. Көңілге медеу болары, Қазақстан биыл бұл жарысқа алғаш рет кең құ­раммен барды. Бұған дейін 2016 жылы Риодағы Паралимпиадаға 12 спортшы барған болатын. Енді соңғы 25 жылда Қазақстан алғаш рет Паралимпиадаға 20-дан астам спортшыны жіберіп отыр. 1996 жылы Атлантада Қа­зақстаннан 12 паралимпиадашы барса, 2000 жылы Сиднейде – екі, Афинада (2004) – сегіз, Пекинде (2008) – үш, Лондонда (2012) – жеті, Риода (2016) 12 спорт­шы барды. Биыл Қазақ­станнан 26 спортшы Токио-2020 жазғы Паралимпиада ойын­дарына қатысты. Айтпақшы, Риода өткен соң­ғы Паралимпиадада Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 күміс медаль жеңіп, командалық есепте 58-орынға ие болған. Ал биыл құраманың көрсеткіші нашар емес. Осы күні 1 алтын, 3 күміс, 1 қоламен үздік 50 елдің қа­тарында тұр. Әуелі қазақстан­дық Давид Дегтярев Токио Паралимпиадасында пауэрлиф­тингтен 54 келі салмақта чем­пион атанды. Ол 172 келі көтерді. Осылай Қазақстан тарихта Па­ралимпиадада екінші алтынына қол жеткізген. Бұдан кейін па­радзюдошы Әнуар Сариев 60 келіде күміс медаль алды. Фи­налда әзербайжандық Вугар Ширинлиден жеңілгені болмаса, қарсыластарының бәрін жыққан еді. Сосын «күмістер сериясы» жалғаса кетті. Парадзюдодан Теміржан Дәулет тағы бір күміс медальді қоржынға салды. Көп ұзамай 29 тамызда 37 жастағы Зарина Байбатина +70 келіде күміс медаль иеленді. Финалда жарақатпен шығып, әзербайжан балуанынан жеңіліп қалғаны болмаса, Заринаның деңгейі жоғары болғанын көрдік. Ақыры қоржын қоламен де толықты. Жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қола медаль алды. 100 метрге брасс әдісімен (SB13 – көзі нашар көретіндер арасындағы жарыс) жүзуде үздік үштікке енді. Нұрдәулеттің жасы небәрі 22 жаста екенін ескерсек, алда талай додада топ жарар деген үміт бар. Жарыс аяқталуға жақын. Дегенмен ел құрамасы әлі де жүлде алар деген сенім мол. Бастысы, бұл жолы спорт­шыларымыздың көрсеткіші жақсарғанын ескеру қажет.

Пара-спортшылар еңбегі еленуі тиіс

Паралимпиадаға тағдыр тәл­кегін көрген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысатынын білеміз. Бөле-жарғымыз келмейді, әйт­кенмен бұл күні сау адамның да спортпен айналысуы қиын. Ауыртпалығын көтеруге көбінің шамасы келмейді. Жалпы, Па­ралимпиада тарихына үңілсек, 1948 жылы Ұлыбританиядағы Сток Мандевиль емханасының дәрігері Людвиг Гуттман Екінші дүниежүзілік соғыстан мүгедек болып оралған ағылшын арда­гер­лерін жинап, спорт жарыста­рын ұйымдастыра бастаған көрінеді. Бұл жарыс Олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келеді. 1952 жылдан бастап Сток Ман­девиль ойындары ретінде мүге­дектер арасындағы жарыс жыл сайын ұйымдастырылатын бол­ған. Кейін араға сегіз жыл салып Халықаралық Олимпиада коми­теті Римде өткен Олим­пиада ойын­дарынан соң мүмкіндігі шек­теулі жандар арасындағы олимпиаданы өткізіп, оған «Па­ралим­пиада» деген мәртебе бер­ді. Бүгінде бұл әлемдегі басты до­далардың қатарына жат­қы­зылады. Паралимпиада Біз жаңа пара-спортшы­лардың еңбегін бағалау қажетін айтып қалдық. Осы жолы ұлттық құрама мүшесі, жүзуден 2018 жылғы Азия параойын­дарының чемпионы, 2021 жыл­ғы Әлем кубогы сериясының күміс жүл­дегері, Еуропа чем­пионы Сияз­бек Далиев Токиоға аттанған бо­латын. Сиязбек бала кезінде мамандардың салғырт­тығының кесірінен токқа түсіп, екі қолы­нан айырылған екен. Жүзумен 2008 жылдан бері кәсіби түрде айналыса бас­таған. Спорт­шыларға былтырғы пандемия уақытындағы шек­теулер жа­ғымсыз әсер еткенін білеміз. Дегенмен бабын жо­ғалт­­пауға тырысып, Жапонияға аттанған. «Пандемия уақытында бас­сейндер жабық болды. Біздің бұ­рынғыдай жайбарақат дайын­дығымызға кедергісін келтірмей қоймады. Біраз уақыт үйдегі жат­тығулармен шектеліп қал­дық. Жарыс алдында тек өзіме және өзімнің дайындығыма сенемін, себебі осындай үлкен додада дайындық пен тәжірибе қажет. Жарыста таңда финалға іріктеу болады және кешке финал өтеді. Сол аралықта толық демалып алу қажет. Су ішінде шаршап қалмау жылдар бойы істелген жұмыс пен жаттығуға байланысты. Паралимпиадада рейтингтің төменгі сатысындағы спортшы да чемпион болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан жарысқа барған әрбір спортшыда медаль алуға мүмкіндік бар», – дейді Сиязбек. Паралимпиадаға қатысатын спортшылардың дайындық про­цесінің өзгелерден аса бір айыр­машылығы жоқ екен. Бас­тысы, бойдағы төзім мен жаттығудағы ерекшеліктерге бейімделу. Пара­лим­пиадаға аттанған отандас­та­рымызды мақтайтын да жөніміз бар. Себебі Токио Олимпиа­да­сында ұлттық құрамамыз 8 қо­ламен үздік 80 елдің де қатарынан тыс қалған еді. Ал пара-спорт­шы­лар солардың сәтсіздігін жуып-шайғандай әсер қалдырып отыр.

М.ТӨЛЕУ