Токио Олимпиадасы толықтай аяқталды деп әлі айта алмаспыз. Себебі қазір Жапонияда Паралимпиада ойындары өтіп жатыр. Дүбірлі доданы елемей кетуге болмас. Онда еліміздің пара-спортшылары да сынға түсіп жатыр. Бұл жолы ұлттық құраманың көрсеткіші жаман емес. Бір байқағанымыз, спорттың бұл санатынан Қазақстан біршама алға ілгерілеп келеді. Ендеше осы жайында тарқатып айтсақ.
Тарих жаңарды
24 тамызда басталған Паралимпиада ойындары аяқталуға да таяу. 5 тамызда жарыс бітеді. Жарысқа әлемнің 136 елінен 5 000-ға жуық спортшы қатысты. Жалпы, 540 медальдің жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан намысын 26 спортшы қорғап жатыр. Біздің құрама паралимпиадаға осымен 7 рет қатысып отыр. Биыл отандық спортшылар 25 лицензия жеңіп алды. Жүзуде 7, дзюдода 6 және пауэрлифтингтен 5 жолдамамыз бар. Бұған қоса, қазақстандық спортшылар жеңіл атлетика, таэквондо, ескек есу және оқ ату бағыттары бойынша да сынға түседі. Көңілге медеу болары, Қазақстан биыл бұл жарысқа алғаш рет кең құраммен барды. Бұған дейін 2016 жылы Риодағы Паралимпиадаға 12 спортшы барған болатын. Енді соңғы 25 жылда Қазақстан алғаш рет Паралимпиадаға 20-дан астам спортшыны жіберіп отыр. 1996 жылы Атлантада Қазақстаннан 12 паралимпиадашы барса, 2000 жылы Сиднейде – екі, Афинада (2004) – сегіз, Пекинде (2008) – үш, Лондонда (2012) – жеті, Риода (2016) 12 спортшы барды. Биыл Қазақстаннан 26 спортшы Токио-2020 жазғы Паралимпиада ойындарына қатысты. Айтпақшы, Риода өткен соңғы Паралимпиадада Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 күміс медаль жеңіп, командалық есепте 58-орынға ие болған. Ал биыл құраманың көрсеткіші нашар емес. Осы күні 1 алтын, 3 күміс, 1 қоламен үздік 50 елдің қатарында тұр. Әуелі қазақстандық Давид Дегтярев Токио Паралимпиадасында пауэрлифтингтен 54 келі салмақта чемпион атанды. Ол 172 келі көтерді. Осылай Қазақстан тарихта Паралимпиадада екінші алтынына қол жеткізген. Бұдан кейін парадзюдошы Әнуар Сариев 60 келіде күміс медаль алды. Финалда әзербайжандық Вугар Ширинлиден жеңілгені болмаса, қарсыластарының бәрін жыққан еді. Сосын «күмістер сериясы» жалғаса кетті. Парадзюдодан Теміржан Дәулет тағы бір күміс медальді қоржынға салды. Көп ұзамай 29 тамызда 37 жастағы Зарина Байбатина +70 келіде күміс медаль иеленді. Финалда жарақатпен шығып, әзербайжан балуанынан жеңіліп қалғаны болмаса, Заринаның деңгейі жоғары болғанын көрдік. Ақыры қоржын қоламен де толықты. Жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қола медаль алды. 100 метрге брасс әдісімен (SB13 – көзі нашар көретіндер арасындағы жарыс) жүзуде үздік үштікке енді. Нұрдәулеттің жасы небәрі 22 жаста екенін ескерсек, алда талай додада топ жарар деген үміт бар. Жарыс аяқталуға жақын. Дегенмен ел құрамасы әлі де жүлде алар деген сенім мол. Бастысы, бұл жолы спортшыларымыздың көрсеткіші жақсарғанын ескеру қажет.Пара-спортшылар еңбегі еленуі тиіс
Паралимпиадаға тағдыр тәлкегін көрген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысатынын білеміз. Бөле-жарғымыз келмейді, әйткенмен бұл күні сау адамның да спортпен айналысуы қиын. Ауыртпалығын көтеруге көбінің шамасы келмейді. Жалпы, Паралимпиада тарихына үңілсек, 1948 жылы Ұлыбританиядағы Сток Мандевиль емханасының дәрігері Людвиг Гуттман Екінші дүниежүзілік соғыстан мүгедек болып оралған ағылшын ардагерлерін жинап, спорт жарыстарын ұйымдастыра бастаған көрінеді. Бұл жарыс Олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келеді. 1952 жылдан бастап Сток Мандевиль ойындары ретінде мүгедектер арасындағы жарыс жыл сайын ұйымдастырылатын болған. Кейін араға сегіз жыл салып Халықаралық Олимпиада комитеті Римде өткен Олимпиада ойындарынан соң мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы олимпиаданы өткізіп, оған «Паралимпиада» деген мәртебе берді. Бүгінде бұл әлемдегі басты додалардың қатарына жатқызылады.М.ТӨЛЕУ