23 жылқыны жауыздықпен ұрып-соққандардың жазасы қандай болады?
23 жылқыны жауыздықпен ұрып-соққандардың жазасы қандай болады?
Нұрлайым Батырдың фейсбуктағы парақшасынан
483
оқылды
Бұл туралы Нұрлайым Батыр есімді әріптесіміз фейсбуктағы парақшасында мәлімдеді. Журналист жылқыларды қансыратып өлтірген жауыздар жауапкершіліктен құтылып кетпесін деген оймен жазыпты бұл постты. 
"Өзім журналист болғандықтан, анама аудандық телеарнаны шақыруын сұрадым. Сол айтқаным ақыл болыпты. Келген полицейлердің сөзіне қараңызшы, «Бұл жылқыларды көлік қаққан» депті бой берместен. Қалайша қан-жоса болған он төрт жылқыны бірдей көлік қағуы мүмкін? Кейіннен белгілі болғандай, оларды (жай халық қолдануға рұқсат етілмейтін) шекарада қолданатын колючая проволкамен жауыздықпен қансыратып өлтірген екен. Жергілікті депутат Еркін Рысбаев атты азамат келіп, мәселе ушыққан соң ғана полицейлер кінәліні іздестіреміз деп уәде етіпті".  
Істің анық-қанығын білмек болып, жылқылардың иесі Жақып Батырұлына, яғни Нұрлайымның әкесіне хабарластық.  
"Оқиға тамыздың 22-нен 23-не қараған түні болды. Жылда жылқыларымыз қырда жайылып жүретін. Биыл құрғақшылық, шөп жоқ. Сонымен тоғайға айдап апарып, ауылдың етегіндегі Келес өзенінің жағасында қоршау жасап, жылқыларды сол жерге бекітіп қойғанбыз. Түнде біреулер ашқан ба, мал үркіген бе, шығып кетіпті. Сөйтіп, түнде жылқылар арғы жақтағы көршілес ауылға тартқан. Жоңышқа ма, жүгері ме өсіп тұрған егістікке солай түскен болуы керек. Бір емес, бірнеше адам жабылып ұрып-соққан сыңайлы". 
[caption id="attachment_159257" align="alignnone" width="675"] width= Жақып ағаның қан-жоса болған жылқылары[/caption] Мына суреттерді көріп, "жылқыны киелі мал санайтын халық едік, бұл адамдардың мұнша қатыгез болғаны қалай?" деп біз де аң-таңбыз. "Мал бағып отырғанымызға қанша жыл болды, — дейді Жақып аға, — мұндай сұмдықты бірінші рет көріп тұрмын. Малды қамап қойып, иесіне бір ауыз айтып, айыппұл төлету арқылы шешуге болады ғой!.. Оның орнына бұлар аяусыз қатыгездікке барып отыр. Тікен сыммен қансыратып ұрған, аяқтарын сындырып, кеңірдегін кескен. Үлкен биелерді өлтірген", — деп налып отыр.   Көрші ауылдағы егістікке түскен жылқылардың жалпы саны — 23. Төртеуі оқиға болған жерде мертіккен. Ал 14-і өте ауыр жараланған, ветеринар мамандар мал болмайды дейді. Қалғаның бесеуінің жағдайы мәз емес, жараланған жерлері күн ыстықта құрттап жатыр екен. "Олардың кейбірі буаз болған, әне-міне дегенше туып қалатын еді. Сойған кезде кейбірінің ішінен үлкен құлындар шықты", — дейді жануарына жаны ашыған Жақып аға, — сонша малды қырып тастау оңай емес. Мұндай жауыздыққа барғандар ертең адамға да қол көтеруі мүмкін. Мұндай бассыздық қайталанбасын, тиісті жазасын алсын деген ниетпен ұрсысып-таласпай, құқық қорғау органдарына хабарласып, арыз жаздым, — дейді бір түнде бір үйір жылқысынан айырылған ағамыз.   width= С. Саттаров ауылындағы келеңсіз оқиғаға байланысты Түркістан облыстық ішкі істер департаментінен қандай да бір ресми мәлімдеме беруін сұрадық. Баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова: 
"23.08.2021 жылы Келес АПБ-ға жергілікті тұрғындар арызданған. Арызында бірінің 7 бас, екіншісінің 8 бас жылқылары белгісіз жағдайда түрлі жарақат алған.  Яғни кесіліп-тілінген. Соның салдарынан 4 бас жылқыларын сойып алған, 3 миллион теңге шығын келген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігімен "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде", — деп жауап берді. 
Бұл бап бойынша күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 3000-7000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді не 3000-7000 сағаттық түзеу жұмыстарына тартылады немесе 3-7 жылға бас бостандығы шектеледі не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Алайда адвокат Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, дәл осы оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінде арнайы бап бар. 316-бап. "Жануарларға қатыгездiк жасау" деп аталады. Ал мына Түркістан облысында тіркелген жайтта бір емес, бірнеше жануарға қарсы жасалған әрекет болғандықтан, бірнеше рет жасалған деп саналады. Сондықтан да бұл іс 316-баптың екінші тармағы бойынша қаралуы тиіс. Ал егер қылмыстық іс осы бап бойынша қаралатын болса, оның жазасы анағұрлым жеңіл болғалы тұр.   width= «Каре-забота» жануарларды қорғау қоғамдық қорының басшысы Юлия Коваленко Қазақстанда хайуандарға айуандық жасайтын адам көп. Сондықтан да "Жануарларға қатыгездiк жасау" туралы ҚР ҚК-нің 316-бабын қайта қарап, жаза түрін қатаңдату керек дейді:  "Айыппұлды 2000 АЕК-ке жеткізуді (5,834 млн теңге) не екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды талап етіп отырмыз. Себебі адамдардың жан-жануарлардан өшін алатын жайттар, үй жануарларына қысым көрсету жағдайлары тыйылар емес. Түсіндірме жұмысын жүргізу арқылы адамдардың көзқарасын өзгерту мүмкін емес. Ал айыппұл мөлшерін көбейтіп, жазаны күшейту арқылы адамды тез арада сабасына түсіруге болады. Бұл өзі халықаралық тәжірибеде бар дүние ғой".