31 тамызда Түркияның Стамбұл қаласында «Томирис» фильмінің тұсаукесері өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған тұсаукесерге Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Стамбұлдағы бас консулы Әлім Байел, Түркияның саясаткерлері, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Фильм көрсетіліміне туынды режиссер Ақан Сатаев пен басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын да келген. Сондай-ақ Стамбұлдағы қазақ диаспорасы да «Томирис» фильмін ықыласпен қабылдаған. Аталған туынды 3 қыркүйектен бастап Түркиядағы 200-ден астам кинотеатрда көрсетіледі. Оның үстіне, Томирис ханшайым күллі түркіге ортақ тұлға болғандықтан, Түркия жұртының фильмге қызығушылық танытары анық. Премьера барысында Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулы Ә.Байел «Томирис» кинокартинасының Түркияның мәдени өміріндегі үлкен оқиғаға айналып, бауырлас халықтарды одан сайын жақындата түсерін алға тартты. Сондай-ақ тәуелсіздікке арналған мерекелік іс-шаралардың жалғасатынын айтты.А.АЙБЕЙКЕ