Жаңа бағдарламадан не күтеміз?
Жаңа бағдарламадан не күтеміз?
236
оқылды

Жолдау мәтініне үңіл­сек, елдегі әлеуметтік мә­селелер шешімін табатын сыңайлы. Әрине, басшы­ның айтқанын бұлжытпай орындар қосшы болса. Со­ның ішінде халық на­за­рын баспана жайлы ше­шім­­ге  аударды. Ендігіде бі­рыңғай тұрғын үй бағ­дар­ламасы енгізілмек. Ал мұ­ның артықшылығы қан­дай? Ел не күтеді?

Бұл қандай бастама?

Иә, нарықта бірнеше тұрғын үй бағдарламасы болғанымен, бә­рінің баспанаға қолы жетпейді. Өйткені біразын ақша мәселесі, со­ның ішінде алғашқы жарна жайы қинайды. Оған қоса, та­бы­сын дәлелдеу, зейнетақы қорын­да­ғы салымын растау керегі тағы бар. Одан қалса, бағдарлама шар­тын­дағы қарама-қайшылық тура­сында да сөз қозғауға болады. Қыс­қасы, халыққа бірыңғай тұр­ғын үй бағдарламасы керегі бесе­не­ден белгілі. «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашанда басты мәселе. «Бас­­пана хит» және «7-20-25» сияқ­­ты тұрғын үй бағдарла­ма­лары­ның мерзімі таяу арада аяқ­та­лады. Сонымен қатар нарық­тық ипотека мөлшерлемесі әлі де жо­ғары және жұрттың бәріне бір­дей қолжетімді емес. Осыған орай бірыңғай тұрғын үй бағ­дар­ламасы әзірленетін болады. Ұл­т­тық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Зейнетақы жи­нағының жеткілікті мөл­ше­рі­нің шегінен асатын бөлігін тұр­ғын үй сатып алу мақсатында «От­ба­сы банкіндегі» есепшотқа ау­даруға рұқсат беру қажет деп са­наймын. Бұл қадам жұрттың қа­ражат жинауды және оны сауат­ты жұмсауды дағдыға айнал­ды­руына мүмкіндік береді», – де­ді Президент. Әрине, аталған тұрғын үй бағ­дарламасының механизмі, ережесі түзілген жоқ. Шарттары белгілі болғанда тағы бір толғарымыз анық. Бірақ елдің не күтерін, сарапшылардың ойын білген жөн. Өйткені сіз бен біздің ойымыз жоғарыға ұнап немесе жауапты­лардың бірі көз қырын салуы мүмкін. Мәселен, экономист Дәу­лет Төлеутайұлының бағдарла­мадан күтері көп. «Табысы аз отбасылар, яғни 80 мың, 100 мың, 60 мың теңге алатын азаматтарға мемлекеттен қандай қолдау бо­лады? Мысалы, олар өмір бойы пә­тер жалдап тұра алмайды. Сон­дай азаматтарға бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының септігі тиер. Сол үшін табысы аз азаматтар үйлі болатындай мүмкіндік қарастыру қажет», – дейді ол. Осыдан кейін қарапайым ха­лықтың пікіріне назар аудардық. Экономист айтқандай, көбін жа­лақы мәселесі қинайды. 20-30-50% алғашқы жарна салу жағын алып тасауды қалайтындар бар. Біразы көпбалалы, толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі, жал­ғызбасты әке-ана статусы тиісінше рөл ойнап, табысын растау бо­йынша жәрдемақылар есепке алынғанын күтіп жүр. Ең бастысы, олар бағ­дарлама шарттарын соз­бақтамай, ертерек жарияланса дейді. Өйткені баспана кезегін 10-20 жылдап күтіп жүргендер жетерлік. Айталық, елімізде 1 миллион­нан астам адам ең төменгі жалақы мөлшерінде (42 500) айлық алады. Келесі жылдан бастап оған 17 500 теңге қосылады. Бірақ азық-түлік­тің қымбаттайтынын, коммунал­дық төлемнің өсетінін есептесеңіз, 60 мың теңге үй алуға жетпейді. Сол үшін бәрінің жағдайын са­раптап, бірыңғай тұрғын үй бағ­дар­ламасын жасау жауаптыларды біршама әуреге салайын деп тұр. Десе де, жаңа бастамадан халық­тың күтері көп. Ал Президент нұсқаған депо­зитке ақша жинау жайына келсек, бұл да бір тиімді іс болмақ. Егер зейнетақы қорындағы жинағыңыз шекті мөлшерден асса, «Отбасы банк» депозитіне аудара аласыз. Демек, ай сайынғы жалақыңыздың 10%-ы келісіміңізбен депозитке түседі. Мұның астарында бағалау көрсеткішін реттеу жатқандай. Себебі «Отбасы банкіндегі» де­позитке 3 жыл бойы үнемі ақша салсаңыз, бағалау көрсеткіші 16-ға жетеді. Ал осы цифр арқылы банк­ке төлейтін пайызды біршама азайтуға болады. Сондықтан қордағы жинағы шекті мөлшерден асқан 721 мың азаматқа бастама­ның көмегі тиері хақ.

Қандай бағдарлама тиімді?

Бұл тұрғындарды бағзыдан бері мазалап келе жатқан сұрақ. Нарықтағы баспана бағдарлама­лары көбейген сайын тиімдісін іздейміз. Әскерилерге, әйелдерге, жалғызбасты аналарға арналған бағдарлама және тағы басқасы деп бөліп жатамыз. Шынында, қайсы­сы тиімді? Банктегі пайыз, алғаш­қы жарна жайы тағы бар. Мем­лекет басшысы да аяқталуға жа­қын бағдарламалар турасында сөз қозғады. Ал ел арасында аяқталған бағдарламалар жайын білмей­тіндер де кездеседі. «Мәселен, «Баспана хит» бағ­дар­ла­масы аяқталды. Бұл бағдар­ламамен еш­қандай банк жұмыс істемейді. «7-20-25» бағдарла­ма­сына Үкімет бөлген 1 трлн теңге игеріліп жатыр. Шамамен, аталған бағдарлама 2022 жылдың ІІІ тоқ­санында аяқталуы мүмкін. На­рық­тағы ипотекалық бағдар­ла­маларды салыстыратын болсақ, «7-20-25» бағдарламасы өзінше тиімді. Неліктен? Себебі елдегі инфляцияның өзі 8-8,5%-ға жетті. Ал мұндағы 7% халыққа қолайлы. Әрине, оған жаңа тұрғын үй ке­шенінен баспана алатынын қосыңыз. Егер мұны қымбатсынса, 5%-бен үйлі болатын бағдарлама тағы бар. Бірақ кемшілігі олар тұрғын үй бағасының 50%-ын жи­нау керек. Бәріміз айтатын бағалау көрсеткішін 16-дан асырып, табыс көзін растамай 5%-бен үй алатын болса, өте тиімді бағдарлама болатын еді», – дейді экономист Дәулет Мұқаев. Байқасаңыз, Жолдаудағы бас­пана туралы айтылған әр сөйлемге жауап іздеп жатырмыз. Жоғары­дағы бағдарлама жайынан кейін қолжетімді ипотекалық мөлшер­леме жасау турасында сұрақ туары хақ. Расымен, мұндай мөлшерлеме жасау қолдан келе ме? Дәулет Тө­леутайұлының айтуынша, бәріне бірдей қолжетімді ипотекалық мөлшерлеме жасау мүмкін емес. Себебі оны бірінші кезекте бюд­жет көтермейді. Екіншіден, банк­тің пайызы жоғары. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы мемле­кеттен субсидия алады. Негізінде оның пайызы 12-ден жоғары екен. Ал халыққа 7%-бен беріледі. Бағдарламаның 5%-дан артық мөлшерін мемлекет банктерге көмек ретінде беріп отыр. Оның үстіне, Президент Жолдауында банктерге көмек беруді тоқтату қажетін айтты. Сол үшін ипотекалық мөлшерлемені қолжетімді ету әсте қолдан келмейді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ