Қазақстанда ажырасу саны күрт қысқарды. Әлеуметтанушылар бұл құбылыстың себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірақ бәрінің ойы бір жерде тоқайласады: ойран болған отау саны кемісе, бұл демографияға оң ықпал етпек. Шүкір делік, демографиялық жағдай жақсарып келеді. Ел осы саладағы күйзелістен шығып, Кеңес Одағы кезіндегі ең үздік межелерден де биік көтерілді. Соның бір көрінісіндей, елорда іргесіндегі Қосшы қаласындағы мектепке биыл 1 «ы» сыныбын ашуға тура келген: 1 200 оқушылық мектеп табалдырығын бірден 700 бүлдіршін аттады.
Әлемдегі ең үздік көрсеткіштерге жақынбыз
Жағымды жаңалықты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жариялады. Ведомство талдауына жүгінсек, «Қазақстан халқының жалпы ажырасулар коэффициенті» биылғы жартыжылдықта былтырғы ұқсас кезеңге қарағанда күрт оңалды. Нақтылай кетсек, 2020 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 1 мың адамға шаққанда – 2,92, қаңтар-маусым аралығында 1,37 ажырасуға дейін жеткен-тін. Ал 2021 жылғы қаңтарда ол 0,81-ге, жартыжылдық қорытындысында 1-ге дейін түсіп, былтырғы жыл басынан бері бірден үш есеге жуық азайды. Осылайша, әлемдегі ең үздік көрсеткішке қол жетіп отыр. Бізден тек Өзбекстан (0,6), Ирландия (0,7), Солтүстік Македония (0,8), Армения (0,9) озып тұр. Ұлттық статбюро жалпы республикалық деңгейден үздік жетістікке жеткен өңірлер барын хабарлады. Атап айтқанда, осы коэффициент биыл жылдың жартысында Түркістан облысында 1 мың адамға шаққанда 0,37 ажырасуды (2020 жылдың жартысында 0,76 болған), Қызылорда облысында – 0,54, Шымкент қаласында – 0,71, Маңғыстау облысында – 0,73, Жамбыл облысында – 0,84, БҚО-да – 0,93, Алматы облысында – 0,92, Ақтөбе облысында – 0,91. Ажырасу бойынша ең жоғары көрсеткіш Павлодарда сақталуда, бірақ оның өзінде аталған коэффициент былтырғы 1,60-тан биыл 1,48-ге дейін төмендеді. Одан кейінгі орында тұрған Нұр-Сұлтан қаласында былтырғы 1,78-ден биыл 1,38-ге дейін кеміпті. Үштікті тұйықтайтын Қарағанды облысында 1,72-ден 1,36-ға дейін түсті. Құлаған шаңырақтар саны, дәстүрлі түрде қалада көп: дегенмен ажырасу коэффициенті шаһарларда бұрынғы 1,70-тен биыл 1,31-ке дейін жақсарды. Ауылдықтар отбасын ыдыратпай сақтауға күш салатыны байқалады: 2020 жылы ажырасу коэффициенті әрбір мың тұрғынға шаққанда 0,89 ғана болған, осы жылдың жартысында ол рекордтық 0,56-ға дейін құлдырады. Осы оң бетбұрыс сақталса, ауылда ажырасу саны жоққа жуықтап, тым сирек құбылысқа айналуы ғажап емес.АӘК-тің жетілуі осы салаға ықпал етті
Айта кету керек, елімізде кейінгі жылдары ажырасу саны қарқынды өсумен болған еді. Тек өткен жылы кері құбылыс бой көрсетті. Мәселен, 2011 жылы – 44 862, 2015 жылы – 53 293, 2019 жылы 59 796 неке бұзылған. 2020 жыл қорытындысында тек 48 002 айырылысу тіркелді. Биыл бұл сан ары қарай азаюда. Тағы бір қуантарлығы, елде жаңадан шаңырақ көтерген отбасылардың саны артуда. Тиісінше, «Қазақстандағы жалпы некелер коэффициенті», яғни жаңа тіркелген некелер саны 2020 жылдың қаңтар-маусымындағы 1 мың адамға шаққанда 4,83 некеден биылғы жартыжылдықта 6,89 некеге дейін көбейді. Бұл жерде үрдіс өзгеше және қалалықтардың пайдасында: әрбір 1 мың қалалыққа шаққанда бекітілген некелер саны 2020 жылғы қаңтар-маусымдағы 5,51-ден 2021 жылы 8,03-ке дейін артты. Ал ауылда бұл көрсеткіш 3,85-тен 5,23-ке дейін өсті. Сөйтіп, пандемияның таралуына тосқауыл қою үшін той атаулыға қатаң тыйым салынғанына қарамастан, биыл АХАТ бөлімінде ресми некеге тұрушылар саны артты. [caption id="attachment_159300" align="aligncenter" width="1200"] © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Әлеуметтанушы, ғалым Есенгелді Алдоңғар елімізде ажырасулар санының күрт азаюына бірнеше фактор ықпал етіп отырғанын айтады. «Кейінгі жылдары республикада атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасылардың жаппай ажырасуы белең алды. Сонда қомақты жалақы алатын отағасының табысы есепке кірмейді де, отбасының кірісі күрт құлдырап, ол мемлекеттен АӘК алуға зәру отбасына айналып шыға келеді. Мемлекет басшысы бұл кесірлі тәжірибеге тосқауыл қоюды тапсырды. Нәтижесінде, Үкімет АӘК тағайындау ережесін өзгертті. Жаңылмасам, енді осы көмекті алу үшін ажырасқанына 3 жыл толуы керек. Бұдан бөлек, учаскелік комиссиялар да көмек алушылардың үйіне тексерумен барып тұрады. Жалғызілікті тұлғаларға АӘК алу қиындатылған соң осы мақсатта ажырасушылар саны азайғанға ұқсайды», – деді сарапшы. Бұған қоса, пандемия отбасылық құндылықтарды нығайта түскенін жоққа шығаруға болмайды: қазіргі күрделі жағдайда кез келген проблеманы жалғыздан гөрі, қол ұстаса, бірге еңсерген жеңіл. Мысалы, бұған дейін медиаторларға некені бұзу үшін жүгінген жұптар пандемия кезінде қайта татуласып, бірге тұрғын үй заемын алғаны оқиғалары кездеседі.Азиядан ажырап, Еуропаға бет алды
Бүгінде көптеген азамат үйленуге де, ажырасуға да жауаппен қарауға тырысады. Сарапшы тағы бір факторға назар аудартты: былтырдан бері некеге тұрушылар саны мен коэффициенті біршама жақсарғанымен, жаңа некелер саны бәрібір бұрынғы жылдардан төмен болып отыр. Мәселен, 2019 жылы – 139,5 мың, ал былтыр 128,8 мың жаңа неке қиылды. Бірақ бұл бәрібір аз: 2012, 2013 жылдары 170 мыңға жуық неке тіркелетін. Басқаша айтқанда, қазіргі заманда азаматтық неке кең таралуда: қазақстандықтар, әсіресе жастар тіркелмеген некеде тұрып, бір-біріне асықпай үйренісуді, болашақ жарын сынап көруді жөн көреді. Сәйкесінше, ондай жұптар айырылысса, ресми статистикаға енбейді. Мамандар Қазақстанда некеге тұрушылар жасының есейгенін байқапты. 25 жасқа дейін үйленушілер қатары сиреді. Осы үрдіс нәтижесінде республика Азиядан алыстап, Еуропаға жақындап барады. Дамыған елдерде әйелдер бірінші рет некеге 28-30 жаста, ал ерлер одан екі және көп жыл кейін тұрады екен. Қазақстан осы беталысын өзгертпесе, ажырасулар саны да табиғи түрде кеми беруі мүмкін. Жас қазақстандықтар отбасы құрудан бұрын, алдымен ірі қалаларда не шетелде жоғары білім алуды, әлемді аралап, ел мен жер көруді, сондай-ақ жұмыс тауып, мансап сатысымен өсуді басты орынға қояды. Әрине, статистика жақсарды екен деп Үкіметтің тоқмейілсуіне негіз жоқ. Елде отбасы институтын нығайту шаралары ары қарай күшейтілгені жөн. Өйткені Қазақстанда бекітілген некелердің әрбір үшіншісі ажырасумен тынады. Демек, ажырасу үлесі бәрібір жоғары болып тұр. Сарапшылардың байламынша, некелердің бұзылуына, біріншіден, азаматтардың, әсіресе жастардың отбасылық өмірге дайын болмауы және оған жеңілтек қарауы («романтика жоғалды», «махаббат жойылды», «тамақ әзірлей білмейді» және басқа сылтаулар) себепкер болады. Екіншіден, бедеулік, үшіншіден, денсаулыққа қатысты проблемалар, төртіншіден, үшінші тұлғалардың – қайын жұрттың, ененің, кейде көңілдестің араласуы отбасының ыдырауына соқтырады. Белгілі заңгер, зерттеуші ғалым, оқытушы Венера Балмағамбетова ажырасу себептері сан-салалы екенін жеткізді. «Отбасы және некенің тұрақсыздығы, ажырасулар санының өсу проблемасы барлық дерлік дамыған елге тән. Бұған урбанизация, халықтың миграциясы, әйелдердің эмансипациялануы, дәстүрлі емес жыныстық қатынастардың насихатталуы, ғылыми-техникалық революция, әлеуметтік-экономикалық ахуал, сондай-ақ діни, этникалық сипаттағы себептер түрткі болып жатады. Отбасы институты қиын кезеңді өткеруде. Сондықтан мемлекет үшін некелердің тұрақтылығын арттыратын факторды өрістету маңызды», – деді заңгер. Әсіресе, отбасылардағы бедеулік, бала көтере алмау проблемасының шешілуіне баса мән берілгені жөн. Сондай-ақ ажырасуға ниеттілерді татуластыру, медиация институтын дамыту қажет. Ажырасулардың алдын алуда тәжірибелі психологтері бар отбасы қызметтерін өркендету, балабақшаларды көптеп ашу, баспана проблемаларын шешу секілді шаралар да елеулі ықпал ете алады. Қалай болғанда, ыдырайтын отбасылар санының кемуі қазақ халқы санының өсуіне серпін беретін оңды құбылыстың бірі екені сөзсіз.Елдос СЕНБАЙ