Сонымен, Қорғаныс министрі ретінде қызмет еткен жылдарында екі рет әскери қойманың жарылуына жол берген генерал Нұрлан Ермекбаев жұмысынан кетті. Жоғарғы Бас Қолбасшыға өзі өтініш айтыпты. Президент оның арызына қол қойып, қызметінен босатты. Ол министр қызметіне кіріскен соң 6 ай өткенде генерал-майор, 21 айдан кейін генерал-лейтенант шенін алды. Шамасы, КСРО кезінде полковник шеніне жеткенге ұқсайды. Ол жайлы дерек аз. Ал біз оның Қорғаныс министрі кезінде не істегеніне және қолынан келмеген шаруаларға шолу жасауға бекіндік.
Үш жылда екі рет жарылыс болды
Нұрлан Ермекбаев 2018 жылғы 7 тамызда Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сөйтіп, осынау лауазымда 3 жыл 24 күн отырды. Н.Ермекбаев қорғаныс саласын басқарып тұрғанда екі рет ұшақ құлаған. Олардың алғашқысы 2019 жылғы 16 сәуірде құласа, екіншісі 2020 жылғы 16 сәуірде апатқа ұшырады. 2019 жылы МиГ-31, келесі жылы мейлінше жаңа саналатын Су-30СМ ұшағы құлады. Екеуі де Қарағанды облысында апатқа ұшыраған еді. Абырой болғанда адам шығыны болған жоқ. Ал 2019 жылғы 27 наурызда Ми-8 тікұшағы құлады. Қызылорда облысында болған апаттан 13 әскери қызметкер қаза тапты. Әрине, 2018-2021 жылдар аралығында әскери ұшақтар мен тікұшақтардың өзге де апаттары тіркелген, бірақ олардың барлығы Қорғаныс министрлігіне қарасты емес еді. Мұндай техникаларды ҰҚК, Ішкі істер министрлігі, ТЖМ да пайдаланатынын ескеру керек. Одан бөлек, Н.Ермекбаевтың тұсында Арыстағы әскери арсеналда болған жарылыстан 4 азамат қаза тауып, жүздегені жараланған еді. Арада екі жыл өткенде Жамбыл жеріндегі қойма жарылып, 14 адам мерт болды. Сөйтіп, 2019 жылы генерал Сәкен Жасұзақовтың Қарулы Күштер қатарынан шығарылуына себеп болған жағдай Нұрлан Ермекбаевты министр қызметінен кетуге мәжбүрледі. Алайда біздің пайымдауымызша, Н.Ермекбаев Президенттің қаһарынан оңай құтылған сияқты. Өйткені Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа әскери қойма салуды, ескі оқ-дәрілерді дер кезінде жоюды тапсырған еді. Алайда еліміздегі әскери қоймаларда әлі де болса жарылу қаупі бар оқ-дәрінің бар екенін Жамбылдағы оқиға көрсетіп отыр. Ал экс-министр екі жыл ішінде саладағы кемшіліктерді жоя алмағаны байқалады. Әрине, әскери қоймаларды жаңғырту, өрт және еңбек қауіпсіздігін сақтау, жаңа әскери арсенал салу оңай іс емес. Дегенмен екі жыл ішінде әскерилердің жоғарғы басшыларға берген есептері шындыққа жанаспайтынға ұқсайды. Егер дер кезінде автоматтандырылған өрт сөндіру қондырғылары орнатылып, ескі оқ-дәрі жойылып отырса, Жамбыл жерінде жарылыс болмас па еді, кім білсін?! Алайда ескі қару-жарақты жойып, іске жарайтындарын кәдеге жаратумен Қорғаныс министрлігі айналыспайтыны тағы бар. Оған «Қазтехнология» АҚ жауапты. Ал аталған кәсіпорын Бейбіт Атамқұлов басқаратын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. Үш жыл бұрын Б.Атамқұлов сол кездегі Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарып тұрғанда аталған кәсіпорынға оқ-дәріні жою жайлы тапсырыс аз түсетінін айтқан. Әрине, 2018 жылы кәсіпорынға мемлекеттік тапсырыстың берілмеуіне Н.Ермекбаевтың қатысы жоқ шығар, бірақ 2019 жылы «Қазтехнология» АҚ 306 млн теңгенің оқ-дәрісін жойып, металын іске жаратқан. Сөйтіп, бюджетке 416 млн теңге табыс түсіріпті. Бұл мыңдаған тонна снаряд, миналар мен өзге де жарылғыш заттар сақталған қоймалар үшін тым аз көрсеткіш. Бір сөзбен айтқанда, Ермекбаевтың тұсында Қорғаныс министрлігі ескірген оқ-дәрілерді жоюға қаржы бөлудің маңызды екенін депутаттар мен Қаржы министрлігінің басшылығына түсіндіре алмаған сыңайлы. Ал 2020-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет жобасында Қорғаныс министрлігінің шығыстары ретінде қарастырылған жобалардың арасында жаңа қойма салу жайлы мәлімет жоқ. Тек лайықты инфрақұрылымы бар оқ-дәрі қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірлеу қарастырылыпты. Сөйте тұра, 2020-2022 жылдары Қарулы Күштердің капиталды шығындары ретінде 33 млрд 832 млн теңгеден астам қаржы көрсетіліпті. Дегенмен министрлік таратқан ақпараттардың ішінде еліміз аймақтарының бірінде оқ-дәрі сақтайтын жаңа қойма салына бастағаны айтылған. Әрі жыл сайын қоймалардағы оқ-дәрінің инвентаризациясы жасалып жатқанын да мәлімдеді әскерилер. Инвентаризация көрсеткіші – 20 пайыз. Бұл дегеніңіз қоймалар мен арсеналдардағы оқ-дәрінің толық есепке алу үшін 5 жыл кететінін көрсетеді. Шамасы, Жамбылдағы қойма мұндай инвентаризацияға ілікпей қалған-ау деп топшыладық. Дегенмен біздің бұл пайым – «өкпеге қимаудың» көрінісі. Жалпы, Қорғаныс министрлігіне өздеріне қарасты кейбір қоймаларда 30 жыл ішінде бірде-бір рет инвентаризация болмағанын да мойындады. Демек, жарылыстардың себебін 2000 жылдан бері саланы басқарған барлық министрлерден сұрағанның да артығы жоқ-ау. Айтпақшы, Н.Ермекбаев тұсында әскердегі суицид те түбегейлі жойылған жоқ. Жыл сайын түрлі әскери бөлімдерде өз-өзіне қол салғандар кездесіп жатады. Дегенмен әскери бөлімдердің барлығы Қорғаныс министрлігіне қарамайтынын да назарда ұстаған жөн. Бірақ бәрібір «бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» болып қала береді. Сонымен бірге экс-министрдің тұсында Қарулы Күштердегі жемқорлық толық жойылған жоқ. 2021 жылдың мамырында Қарулы Күштердің тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы, полковник Асылбек Сатыбалдинов, Семейдегі әскери госпитальдің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Дулат Құрметов тұтқындалды. Алғашқысының жемқорлыққа қатысы бар екені айтылғанымен, соңғысының не себепті қамауға алынғаны жайлы ақпарат таратылған жоқ. Ал одан бір жыл бұрын, 2020 жылдың басында Қорғаныс министрлігі Кадр және әскери білім департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Көпбаев тұтқындалған еді. Оған да жемқорлықпен айналысқаны жайлы айып тағылған. Кейін сотталды. Жалпы, 2015-2019 жылдар аралығында Қарулы Күштердегі жемқорлық 4 есе азайғанымен, 2020 жылдың 8 айында ол 76 пайызға өскен. Бірақ оны министрліктегілер жемқорлықтың өсуі немесе азаюымен емес, сыбайластардың ұсталу көрсеткішіне қарап бағалау қажет екенін айтады. Ал қорғаныс саласы бейресми рейтингтерде жемқорлық жөнінен үшінші орында жүретіні жиі айтылады. Шамасы, ештеңе өзгермеген тәрізді. Нұрлан Ермекбаев та саланы басқарған кезде қол астындағы генералы істі болған министрлердің қатарын толықтырды.Ермекбаев не істей алды?
Әрине, кеткеннің артынан топырақ шашпақ ниетіміз жоқ. Нұрлан Ермекбаев министр болып тұрған кезде Қарулы Күштерде де көңіл жылытар жаңалықтар болғанын мойындаған дұрыс. Егер экс-министрдің тәуір бастамаларын санайтын болсақ, 2018 жылы алғаш рет «Қазақстан Республикасын қорғау жоспары» дейтін құжат әзірленді. Әуе қорғанысы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесін құру да экс-министрдің тұсында жедел жүргізіліп, аяқталуға жақын қалды. Қазақ сарбаздары екі жыл ішінде Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Түркия, Иран қатарлы елдерде өткен 19 халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысыпты. Алғаш рет әскери ұшақтарды автожолдарға қондыру сынағы өтті. Қарулы Күштерге пилотсыз ұшатын қондырғыларды молынан алу да 2018 жылдан бері тәуір қарқын алды. Қарулы Күштерде арнайы операциялар күштері, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, киберқауіпсіздік департаменттері құрылды. Алғаш рет армияда бронотехниканы жөндейтін жеке цех пайда болды. Қарулы Күштердегі жаңа, күрделі жөндеуден өткен және модернизацияланған техниканың үлесі 38 пайызға жетті. Су-30СМ тәрізді жаңа ұшақтар мен Ми-35М секілді жаңа тікұшақтар алдық. «Нұр» радиолокациялық стансасы, төмен биіктіктегі нысандарды анықтайтын Роса-РБ РЛС-і, «Арлан» әскери командалық машинасы, «Бук» зениттік зымыран кешені тәрізді дүниелер алынды. А400М әскери-транспорттық ұшағы, «Тор-М2» зениттік-зымыран кешені тәрізді техникаларды сатып алу бағытындағы келіссөздер аяқталып, бірқатарын Қарулы Күштерде қолдана бастадық. Жалпы, Н.Ермекбаев министр болып тұрған кезде 73 техника күрделі жөндеуден өткізіліп, 200-ден астамы модернизацияланды. Одан бөлек, әскери ғылым, әскерилердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, әскери инфрақұрылымды жаңалау, жеке құрамның белсенділігі мен жастар арасындағы патриотизмді күшейту, мәдени-спорттық шараларды жүйелі ұйымдастыру, халыққа жәрдемдесу, әскери медицинаны дамыту және басқа да бағыттарда біршама шаруа тындырылды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары Қарулы Күштерді дамыту жан-жақты сипат алғанын ұмытпаған дұрыс. Бірақ салада қандай да бір ілгерілеушілік бар болса, ол тек бір министрдің жетістігі саналмаса керек. Айталық, 2017 жылы қабылданған әскери доктринаның сипаты бұрыңғылардан бөлек болды. Алайда аталған құжаттың қабылдануы тек Қорғаныс министрлігінің табысы емес. Елдің қорғанысы мен қауіпсіздігіне жауапты өзге де құрылымдардың әскерилермен бірге істеген еңбегінің жемісі. Одан бөлек, Мемлекет басшылары ешқашан қорғаныс саласын назардан тыс қалдырған жоқ. Сондықтан армиядағы қандай да бір жетістік бір адамның есімімен байланысты болуы мүмкін емес. Бірақ атқарылған жұмысқа лайықты баға бергеннің айыбы жоқ.Ардақ СҰЛТАН