Кітапхана, театр және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы төмен екені жалпыға аян. 2015 жылы қосымша үстемеақыны алып тастаған соң тіптен азайған. Екі жыл бұрын Мәдениет министрлігі осы мамандардың лауазымдық жалақысына 1,72 пайыз үстеме коэффициентін қайта енгізуді жоспарлаған еді. Алайда қосалқы персонал, инженер, программист және кітапханалардың функционалдық қызметін атқаратын мамандардың жалақысы өзгеріссіз қалыпты. Ал аймақтағы кітапханашылардың айлығы бұдан да төмен. 2022 жылдан бастап жағдай өзгере ме? Мәселе – осында!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Мәдениет, оның ішінде кітапхана қызметкерлерінің, мұрағат пен мәдениет саласында жұмыс істейтіндердің жалақысын 2022-2025 жылдары аралығында әр жылы 20 пайызға көтеру туралы нақты ұсыныс жасады. Бұл – алдағы бесжылдыққа жоспар. Әзірге жалақы көлемі өзгерген жоқ. Осыдан екі жыл бұрын қызметкерлердің жалақысы төмендегідей болған екен.Мұрағат басшысы – 133 мың теңге; Мұрағатшы – 78 мың теңге; Археограф – 74 мың теңге; Көрме және көрнекілік зал директоры – 99 мың теңге; Кітапханашы – 81 мың теңге; Палеограф – 63 мың теңге; Өнертанушы – 62 мың теңге; Жәдігерлерді қорғаушы – 52 мың теңге. Төмен жалақымен жан бағу қиын. Мәселен, театр қызметкерлерін алайық. Зал әкімшісі – 54 мың теңге, балет әртісінің айлығы – 95 мың теңге, оркестр әртісі 86 мың теңге алған. Би-хор ұжымының әртісі – 47 мың теңге, балетмейстерлер 84 мың теңге алса, дыбыс режиссерлерінің жалақысы 65 мың теңге болыпты. Одан бері екі жыл өтті. Коэффициенті қосылған күнде де айырмашылық 10-15 мың теңге. Сонда 54 мың жалақы алғандарға үстемеақы қосылғанда 67 мың теңге болады. Қазіргі кітапхана қызметкерлерінің айлығы орта есеппен 60-80 мың теңге арасында. Демек, жалақы төмен деген сөз. Жалақысы аз мамандықтарға жастар да көп бара бермейді. Сонда театрдағы қарапайым қызметтердің, кітапхана саласын, мұрағатта жұмыс істейтіндердің жайын кім ойлайды?Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген: «Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында «кітапханашы, музей қызметкерлерінің жалақысы 2022-2025 аралығында жыл сайын 20 пайызға өседі» деді. Біз үшін бұл қуантарлық жаңалық. «Өмірден әдебиетті алып тастаса, сылдырлаған дүние мен суық қару ғана қалады» депті бір данагөй. Ұлт руханияты үшін, оның ішінде жастардың білім-ілім алуына, қаламгерлердің шығармаларын насихаттауда кітапханашылардың орны бөлек. Қазір интернет заманы. Дей тұрғанмен, гаджетке жастардың жұтылып кетпей, «артық білім кітапта» екенін ұғындырып жүрген кітапханашылар үшін 20 пайыз да аса көп емес. Бірақ Ұлттық кеңесте, Президенттің әр Жолдауында кітапханашыларды атап айтуы – біз үшін зор мәртебе. Қазір бұл мамандыққа жастар да қызығатын болған. Біздің кітапханада екі ер бала жұмыс істейді. Мамандығы – кітапханашы. Одан бөлек, бірнеше жас жұмыс істейді. Кітапхана саласының мұндай қызық екенін білгенде, осы мамандықты таңдайтын едік. Демек үміт бар!», – дейді. Кітапхана қызметкерлері бұған дейін аз жалақымен жұмыс істегендерін, енді 20 пайыз көтерілсе, бұл салаға жастар да бет бұрар еді деген ойда. Олардың жалақысы 2018 жылдан бері көтерілмеген. «Кітапханада жігіттер де жұмыс істейді. Олардың жалақысы тіптен аз. Егер жалақыны көбейтіп жатса, жастардың да кітапханада жұмыс істеуге деген ықыласы артар еді», – дейді кітапханашы Қуаныш Исабекова. Осыдан үш жыл бұрын музей, мұрағат, кітапхана саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы 25-30 мың теңге шамасында болған екен. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіріп келген әртістер филармонияға жұмысқа кіргенде 30-32 мың теңге жалақы алыпты. Одан бері үш жыл өтті. Жалақы мөлшері азғана өзгеріп, 60-80 мың теңгеге көбейген. Ал ондай жалақыға жастардың бара қоймасы белгілі. Ірі мегаполистегі жағдай осындай. Аймақтағы мәдениет қызметкерлерінің күйі қандай сонда? Өңірдегілер облыстық мәдениет мекемелері, музей және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы соңғы 12 жылда өзгермегенін айтып жатыр. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2020 жылы қаңтарда республикалық мәдениет, мұрағат ұйымдарында жалақы 50 пайызға, жергілікті деңгейдегі ұйымдарда 35 пайызға ұлғайғанын, 2021 жылы айлықты кезекті рет өсіру бойынша жұмыс атқарылады деген еді. Жыл бітуіне де көп уақыт қалған жоқ. Қызметкерлер жаңа 2022 жылдан көп үміт күтеді. Олар: «Президент Жолдауында айтылды. Енді жаңалық болып қалар» деп отыр. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өткір жеткізіп, нақты бастамалар мен тапсырмаларға құрылған құжат. Күні кеше Жолдауда айтылған барлық бастамалар қазақстандықтардың қолдауына, ілтипатына ие болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, ел азаматтарының басым көпшілігінің негізгі табыс көзі – жалақы. Елдің әлеуметтік ахуалын түзеу үшін жалақыны көбейту қажет екені белгілі. Осыған қатысты Президент бизнес өкілдерінің өзін қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге ынталандыруға тапсырма берді. Ал мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын жоспарлы түрде артып келеді. 2020 жылдан бастап 600 мыңға жуық мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бұл кезеңде мәдениет саласының қызметкерлері, кітапханашылар, мұрағат қызметкерлері, техникалық қызметкерлер, қорықшылар және көлік жүргізушілерінің жалақысы бұрынғы қалпында қалғанын Мемлекет басшысы атап өтті. Аталған сала қызметкерлерінің жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жылына шамамен 20 пайызға өсіп отыратыны туралы Президенттің өзі мәлімдеді. Демек, алдағы жылдан бастап біздің саламыздың қызметкерлері де осы игі бастаманың игілігін көреді деп үміттенеміз», – дейді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің де жалақысы артқан. Ал министрлік 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсетінін айтқан. Қазаққа саналы да сапалы ұрпақ керек! Осы орайда Мемлекет басшысының кітапхана ісіне айрықша мән беріп, қолдау көрсетуі – келешек үшін жасалған игілік. Мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін көтеру арқылы білімді ұрпаққа жол ашатынымызды ұмытпайық!
Айым БЕКТҰР