Полиция департаментінің мәліметінше, Риддер қаласында 26 тамызда таңертең үйінен жұмысқа кеткен қалалық әкімдік қызметкері із-түссіз жоғалған.
Ұялы телефоны сөндірулі тұрған әйелдің үйінде 8-11 жас аралығындағы үш баласы қалған.
Кешке қарай орман ішінен оның мәйіті табылды. Зорлықпен өлтірілген әйелдің бірнеше жерінде пышақ жарақаты бар.
Оқиға орнына Өскеменнен прокуратура басшылығы мен криминалистер шұғыл барды. Бірнеше күннен кейін жедел уәкілдер күдіктіні ұстады.
Бұрын бірнеше рет сотталған 34 жастағы ер адам өз кінәсін мойындаған. Жауап алу кезінде ол қылмысқа марқұмның күміс бұйымдары мен сөмкесін тартып алу үшін барғанын айтты.
Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов: «Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 99 және 192-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді.
Анасынан айырылған балаларды жақын туыстары қамқорлыққа алды.