Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жолғы «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында білім саласына қатысты ауқымды жобалар айтылды. Ең әуелі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер санын жаңадан 800 мектеп салу есебінен шешу мәселесі қарастырылды. Бірақ алдағы уақытта орын тапшылығы өсуі мүмкін екенін болжасақ, 800 мектепті 1 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Яғни, мектептерге қатысты мәселелерден түбегейлі арылуға тиіспіз.
«Nur Otan» партиясының Жол картасында оқу орындарын жалпы 100 пайыз білікті кадрлармен қамтамасыз ету пункті қарастырылған. Осы орайда педагог кадрлардың жалақысын 25 пайызға дейін арттырып, олардың мәртебесін жастар арасында көтеру арқылы біліктілік деңгейін біршама еселей алатынымыз сөзсіз. Бұл ретте педагог кадрлар заңның аясында 5 жылда 1 рет біліктілігін арттыратын болса, енді 3 жылда 1 рет оқыту қарастырылады. Мұны оң нәтижеге негізделген шешім болады деп ойлаймыз. Себебі әр 5 жыл сайын білім, уақыт жылдам өзгереді. Сондықтан 3 жыл сайын пәндік біліктілігін, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын, басқа да дағдыларын өсіретін курстардың өткізілуі тиімді нәтижеге қол жеткізуге себепші болмақ. Негізі, мектеп оқушыларының білім сапасы оларды оқытатын мұғалімдердің білім сапасымен тікелей байланысты. Биылдан бастап педагогика мамандығына оқуға түсушілердің үздік білім иегері атанып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті балының да жоғары болуы – біліктікке қатысты өзекті мәселелерді шешіп, мәртебесін көтеруге бағытталды. Аталған жұмыстарды одан әрі жалғастыру маңызды. Еліміздің кей аймағында мұғалімдер жетіспейді. Сонымен қатар жаратылыстану, математика, гуманитарлық пәндер мұғалімдері де тапшы. Сол себепті Білім және ғылым министрлігімен, педагогтерді дайындайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп сапалы кадрларды кәсіби бағдар бойынша мектептерге жіберуге тиіспіз. Қазір үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы жайы өзекті мәселе болып отыр. Былтырдан бастап мемлекет осыны қолға алды. Жаңадан 800 мектеп салу арқылы мәселені шешу көзделген болатын. Бүгінде орын тапшылығы 250 мыңды құраған. Алдағы 5 жылды болжайтын болсақ, бұл тапшылық 1 миллионға жетуі мүмкін. Сол себепті 800 мектепті 1 мың мектепке дейін көбейту ұсынысы орынды айтылды. Бірақ қазір типтік оқу жоспарында гимназия немесе лицей сыныптары жоқ мектептерде профицит бар екенін байқаймыз. Мысалы, мектеп 900 балаға арнап салынуы мүмкін, алайда ол жерде 600 бала оқуы мүмкін. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қай мектептерде профицит екенін анықтап, салынар мектепте осындай жағдай болмас үшін Ұлттық экономика министрлігімен қосылып болжам жасауы маңызды. Балалардың дүниеге келуі, интеграция, көшу мәселесіне орай оқушылар саны көбеюі мүмкін аудандарды болжау қажет. Ал енді инклюзивті білім беруге келер болсақ, биыл Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қолдау тапты. Кейін Сенатта мақұлданып, Мемлекет басшысы қол қойды. Негізгі ерекшелігі биылдан бастап қалыпты оқушылармен бірге мүмкіндігі шектеулі оқушылар да қатар отырып білім алады. Ол үшін мұғалімдердің дайындығын жүзеге асыру қажет. Оқушыларға білімді саралап беруге тура келеді. Әрқайсысының қабілетіне байланысты оқытуда ұстаздарды дайындайтын арнайы курстар қажет. Жаңадан салынып жатқан мектептерде инклюзивті сыныптарды әзірлеу керек. Бұл пандустан бастап, лаборатория, есіктердің енінің кеңейтілуіне дейін назар аударар жайт. Мектеп құрылысының мемлекеттік сараптамаға дейінгі кезеңінде ескерілуі тиіс. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауы «Nur Otan» партиясының Жол картасында көрсетілген жоспарлардың орындалуына, білім саласының дамуына негіз боларына сенім мол. Оның ішінде ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты мейлінше азайту, ауыл мектептерін модернизациялау мәселелері өзекті.Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты