Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында елдің экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуының маңызды бағыттарын белгілеп бергені анық. Ғылым саласының өкілі ретінде мені еліміздің ғылыми әлеуетін нығайту шараларына Мемлекет басшысының ерекше назар аударғаны қуантты.
Кез келген мемлекеттің дамуы үшін ғылым саласы айрықша рөл атқарады. Сондықтан Білім күнінде жасалған Жолдау аталған бағыттағы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз. Өйткені Президент ғылым саласында жаңаша көзқарасқа жетелейтін басымдықтар туралы ашық айтты. Оның ішінде ғылымды дамытуға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу, еліміздің жетекші ғалымдарын лайықты жалақымен қамтамасыз ету, іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғылыми-зерттеу институттарын ашық іріктеу негізінде тікелей қаржыландыру және мемлекеттік гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұлғайту шаралары көптеген ғалымды бейжай қалдырған жоқ деуге болады. Бұл Президент тапсырмалары мемлекет тарапынан ғылымды қолдау шараларының жүйесін оңтайландырып, экономиканың өсуіне әсер ететін ғылыми-зерттеулер мен инновациялар деңгейінің жоғарылауына ықпал етпек. Соңғы жылдары ғылымды дамытуға енгізіліп жатқан жаңа мүмкіндіктер мен атқарылған іс-шаралар туралы көптеген мысал келтіре аламыз. Мәселен, кейінгі екі жылда ғылымды қаржыландыру екі есе өсті. Өткен жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің ғылыми ұйымдарының базасын жаңарту мен нығайту үшін жаңа бюджеттік бағдарлама жұмыс істеп жатыр. БҒМ тарапынан ұйымдастырылатын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жыл сайын өткізілетін болды. Ғалымдарды, олардың ішінде жас зерттеушілерді қолдау үшін жеке бағдарламалардың енгізілуі де көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ БҒМ-нің қазақстандық ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ұсынатын 2025 жылға дейінгі ғылымды дамытудың тұжырымдамасын ғылыми қауымдастықпен ашық және өте белсенді талқылауы мемлекеттің ғылыми-зерттеулердің ауқымды дамуына мүдделі екенінің бірден-бір дәлелі. Мемлекет басшысы ғалымдардың алдына «уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу» міндетін қойды. Бұл кәсіби зерттеушілер қауымдастығының бүгінде қажет нәтижелерді ұсынуға қаншалықты дайын екеніне байланысты. Ал әлеуметтік-гуманитарлық білімге келетін болсақ, ол әлеуметтік үдерістерді басқарудың және елдің рухани атмосферасын қалыптастырудың көптеген құралының қажетті негізіне айналуы тиіс. Осы орайда БҒМ Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты қазір елдің қоғамдық дамуы бойынша зерттеулерді жаңа сапалы деңгейге жеткізуге бағытталған «2025 жылға дейінгі трансформациялар стратегиясын» жүзеге асыра бастағанын айта кетуіміз керек. Бүгінде әлеуметтік-саяси жаңғыру, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды дамыту, зайырлы және діни құндылықтардың теңдігі, тәуелсіз Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық қағидаларын жүзеге асыру тәжірибесі секілді өзекті мәселелер ғалымдардың ерекше назарында тұр. Президент ел үшін ғылым саласының маңызын нұсқап, мемлекет қашанда ғалымдарға қолдауды күшейте беретінін жеткізді. Енді ғылыми қауымдастық та заманауи сын-қатерлерге жауап беруге дайын екенін дәлелдей білу қажет деп есептеймін.Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА, Философия, саясаттану және дінтану институты бас директорының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚЖМ ҰҒА академигі