Чемпионат мәреге жетті
Чемпионат мәреге жетті
224
оқылды

Қарағанды қаласындағы Шахтер стадионында жалауын желбіреткен, өрт сөн­діру-құтқару спорты бойынша ерлер арасында XVI және әйелдер арасында VII Әлем чемпионаты өз мәресіне жет­ті. 16 мемлекет бақ сына­ған дүбірлі додада Қазақстан жауынгерлік қанат жаюда суырылып алға шықты. Осылайша, Қарағанды құрамасы ел тарихындағы қайталанбас қуанышқа ие болды.

Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын өткізу әлемнің түрлі елінің спорт ұйымдары арасындағы ынтымақ­тастықты нығайтуға, өрт сөндіру-құтқару қызметтерінің қызмет­керлері мен олардың кәсіби және жауынгерлік даярлығын, спорт­тық шеберлігін жетілдіруге, өрт-құтқару спортын одан әрі дамы­туға және әлемдік ауқымда наси­хаттауға бағытталған. Сондай-ақ өрт оқиғасы тіркелген жағдайда өрт сөндірушілердің ширақ­тығымен тез шешім қабылдау әрекеттерін бағамдайды. Спортшылар шабуыл сатысы­мен көтерілуден, 100 метрлік кедер­гілер жолағынан өтуден, жауынгерлік қанат жаюдан және 4 метрден 100 метрге дейінгі өрт эстафетасынан жарысты. Қазақ­стан құрамасы құрамынан 9 ер адам және 5 әйел спортшы жанын сала сайысты. Ерлер командалары арасын­дағы жарыста жауынгерлік қанат жаюдан I орын 25,55 секунд нәти­жесімен Қазақстан құрама коман­дасының қанжығасына байланды. Чех Республикасының командасы 26,85 секунд нәтижесімен II орынға табан тіресе, III орын 27,14 секунд нәтижесімен Аустрия Республикасының құрамасына бұйырды. Ал әйелдер құрамасының жеңісін 26,35 секунд нәтижесімен Чех елінің спортшылары енші­леді. II орынды 26,67 секунд нәтижесімен Беларусь Респуб­ликасы командасы алды. Үздік үштікті 27,04 секунд нәтижесімен Қазақстан спортшылары түйін­деді. Жеке және командалық сы­нақ­тың жеңімпаздары медаль­дармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен, жеңімпаз командалар кубоктармен мара­пат­талды. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша келесі Әлем чемпионаты 2022 жылы Өзбекстан Респуб­ликасының Самарқанд қаласында өтеді деп жоспарланған. Қазақ­стан құрамасы өзбекстандық әріптестеріне Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халық­аралық спорт федерациясының туын табыс етті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы