Қайыр қылсаң, бүтін қыл
Қайыр қылсаң, бүтін қыл
© Радмир Фахрутдинов – фото
272
оқылды

Елімізде жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында аз қам­тылған және көпбалалы отбасылардағы мектепке баратын оқу­шыларға көмек көрсетіледі. Қайырымдылық шарасының шең­бері де жылдан-жылға артып, қарастырылатын қаражат көле­мі де көбейіп келеді. Жоғарының жомарттығын жергілікті билік қаншалықты орындап жүр? Оқушыларға бергендері құдалықтарда қолдан-қолға өтетін костюм, ал аяқкиімі екі есе үлкен. Қағаз-қаламдарының да құны төмен. Карантин кезінде де қыруар қаражатқа концерт ұйымдастырып, есебін бере ал­майтындар қайырымдылыққа келгенде қаржы «үнемдеуге» көш­кен бе? Ал кейбір облыстардағы көпбалалы отбасылар бұл акцияның барын да бірінші рет естіген.  Оларға деп бө­лін­ген қажетті көмек кімдерге кетті?

«Айдағаным бес ешкі, ысқы­ры­ғым жер жарар» демекші, ай­мақ­тағы атқамінерлер қайырым­ды­лықты жарнама жасауға ұлас­ты­рып жібергенін көріп жүрміз. Әсіре­се, Құрбан айт, Жеңіс күні мен 1 қыркүйек – білім күні жа­қын­­дағанда әлеуметтік желі бетін­де шенеуніктер қайы­рым­ды­лық әсер қал­ды­ра­­ды. Жар­на­масына қарап жаса­ған жақсылық­тарына іштей жү­ре­гің жылып қалғанымен, артын­ша көңіліміз су сепкендей басы­ла­тыны да жасырын емес. Осы­дан біраз жыл бұрын бір облыста то­ларсақтан саз кеше жүріп, жеңіс туын жел­біретуге зор еңбек ет­кен соғыс ар­да­геріне жергілікті жер­дің бас­шылары қолсағат сый­ға тартып ке­теді. Еңбегін ес­керу­сіз қал­дыр­маған жауаптыларға ақ ба­та­сын жаудырған ақсақалдың не­мере­лері артынша істен шық­қан са­ғатты әкімдікке қайтарып беріп­ті. Былтыр 9 мамыр Жеңіс күні қар­саңында Жамбыл облы­сы­ның жауапты қызметкерлерінің әре­кеті де біраз сынға қалды. Сол кез­де де облыстағы атқарушы ор­­ган­­ның қызметкерлері өзі әрең отыр­ған қартты ортаға алып, апар­ған затын жарнамалау үшін фо­тоға түскен. Көпбалалы, аз қамтылған от­ба­сы­лардағы балаларға көмек­тесу­ді мақсат еткен акцияның ая­сын­да көмек алған Аяулым: «Был­тыр мектепте оқитын екі ба­­лама кеңсе тауарлары мен мек­теп сөмкесін алдым. Сөмкесі қат­­ты керемет деп айта алмай­мын, бірақ ұстауға болады. Ал қа­­лам-қарындаштарын пайда­лан­­ған жоқпыз. Себебі дұрыс жа­з­байды. Қаламның сапасы мүл­­дем нашар болып шықты», – дейді. Аяу­лымның айтқан сөзінің жаны бар секілді. Өйткені өз таныс­тарым­ның арасында да қайырым­ды­лық акциясы ая­сында үлесті­ріл­ген кеңсе тауар­лары жарамсыз болып, артынша өз қаражат­тары­на қайта қалам алғандар бар.

«Мектепке жол» акциясы

Күні кеше Түркістан облысы жауапты­ларының жасаған «жақсылығы» жұрттың ашуын келтірді. «Мектепке жол» акциясы аясында әкелген киімдер оқушылардың өзіне емес, әкелеріне шақ болып шыққан. Көпбалалы ана ұлдарына берілген мектеп формасының өлшемі бір емес, бірнеше есеге үлкен болып шыққанын айтады. Ал қыздарына деп берілген киім-кешек кешігіп келген. «Нарықтағы киімдердің өлшемі әртүрлі.  Біз бір жарым жыл бойы онлайн оқығандықтан, былтыр киім алған жоқпыз. Сондықтан екі жыл бұрын алған форма­дан бір-екі өлшем үлкеніне тапсы­рыс бердім. Балалардың киімі мен көрсет­кен өлшемдермен келді. Бірақ әкелген киімдері балаларға емес, ересектерге ар­налған киімдер екен. Аяқкиімдері де үл­кен­дерге арналған», – дейді Қақпақ аулының тұрғыны Гүлшат Вафаева. Оның айтуынша, 3 тамыз күні оған балаларының оқуға дайындығына бір реттік АӘК ретінде 250 мың теңге тағайындалған. Аудандық білім бөлімінің мамандары көпбалалы анаға атаулы көмектің орнына 1 қыр­күйекке дейін балаларына жаңа мектеп формасы және оқуға қажетті құрал-жабдықтар берілетінін айтыпты. Қуанышы қойнына сыймаған ана мектеп формасын 31 тамыз күні түнгі сағат 1-де бір-ақ алып­ты. Алайда ұзақ күттірген киімдерінің өлшемі ересек адамдарға арналған екен. Ал қыздарының мектеп формасын одан да кешіктіріп берген.

Сапасына сын таға алмаймыз

Елордада биыл жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде 15 мыңға жуық балаға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Тамыз­дың 11-нен басталған жыл сайынғы жал­пыға бірдей міндетті орта білім беру бағ­дар­ламасы аясында белгілі бір санаттағы оқушыларға мектеп киімі, аяқкиім және жазу керек-жарақтарын сатып алуға материалдық көмек көрсетіледі. Өткен жылы оны 13 245 оқушы алса, биыл 15 мыңға жуық оқушы осындай көмекпен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар елорда оқушыларына «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы аясында да көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері 7 мыңға жуық бала мектепке қажетті кеңсе тауарларымен қамтылған.  Бұдан бөлек, аудандық әкімдіктер 2 100 балаға керек-жарақтары бар мектеп рюкзактарын табыс етіпті. Әкімдіктің осындай көмегін алған Рызхан апа астаналық атқамінерлерге дән риза екенін жеткізді. «Ортаншы баламның бес баласы бар. Оның екеуі мектепте оқиды. Немерелерімнің мектептегі мұғалімдері әкімдікке аты-жөндерін ұсынып қойыпты. Сабақ басталардың алдында әкімдіктен хабарласып, мектепке қажетті заттар берілетінін айтты. Былтыр да, биыл да мектеп сөмкесімен бірге қажетті кеңсе тауарларын алдық. Сапасына сын таға алмаймыз. Сөмкесі де, қалам-қарындаш­тарын да «Абди» дүкендер желісінен алыпты. Бұл да болса көмек», – дейді ағынан жарылған Рызхан апа.

Ешкімнен ештеңені жасыра алмайсың

Алматы облыстық Jetisu Media мемле­кеттік мекемесінің маманы Анар Сабыр­қызы аймақта қолға алынып жүрген қайырым­дылық акциялары туралы  теріс пікір болмағанын алға тартты.  «Егер сапасыз дүние үлестірілетін болса, ондай жағдайды жасыру мүмкін емес. Қазір барлығының қолында смартфоны бар.  Кез келген желіге салса болды, бүкіл республика біледі. Сондықтан ешкімнен ештеңені жасыра алмайсың. Менің білуімше, биыл облыста 75 мыңға жуық бала «Мектепке жол» акциясы аясында көмек алған. Жағдайы жоқ отбасыларға бұл үлкен көмек. Өйткені бір үйде бірнеше оқушысы бар отбасыларда бір балаға керек-жарақ алуға біраз қаржы керек. Оның үстіне пандемия кезінде табысы төмендеген отбасылар бар. Сондықтан барлығы әділ болса игі», – дейді ол. Оның айтуынша, қайырымдылықты жарнамалауда тұрған ештеңе жоқ.  Осылай деп санайтын Анар Сабырқызы мемлекеттік бағдарламаны жарнамалай отырып, қалталы адамдардың санасына сілкініс жасауға болады екен. «Жарнамалау арқылы азаматтарға ой сала аламыз. Өйткені біздің қоғамда бір-бірінен асып түскісі келіп тұра­тын адамдар көп. Бір кісі қайырымдылық қылса, екінші қалталы адам одан да асып түскісі келіп, жомарттық жасауы мүмкін. Бір жағынан мем­лекеттік бағдарламаның аясында жасалып жатқан дүниені көрсеткен дұрыс. Оның да өз есебі бар», – дейді Анар Сабыр­қызы. Ата-жөнін атамауымызды  өтінген Ал­маты облысының тұрғыны, алты баланың анасы:  «Зейнеткерлерге бір келі күріш, бір келі қант, бір келі кеспе әкеледі. «Мектепке жол» акциясы деп керек-жарақтар үлес­тіреді. Әлеуметтік желіге қарасаң, біздегі қарттар мен оқушыларға барлық жағдай жасалып жүрген секілді. Бірақ беріп жатқан дүниелері сапасыз. Әкелген кәмпиттері қатып қалған, шайларының түсі не дәмі жоқ. Бір келі кеспе алып бергенше, бір келі ет алып берсе ғой. Болмаса, қажетті дәрі-дәрмегін әкелсе, дұрыс болар еді. Оқушы­ларға да арзан дүниені құшақтап келіп, керемет қылып көрсетіп жатады. Оның орнына әркімнің карточкасына ақшалай бере салса болады емес пе? Бізде міндетті түрде жарнамалап «беріп жатырмыз» деп ауыз толтырып айтады. Берген сөмкелері бір жылға әрең шыдайды», – дейді. Бір адамның шынайы ризашылығына бөленіп, қайырымдылық жасау үшін жүректегі мейірім мен ниеттің адалдығы болса жеткілікті. Өкінішке қарай, қазіргі қайырымдылықты берекенің кілті деп емес, жарнама жасауға таптырмас мүм­кіндік деп түсінетіндер көп. Асыл дінімізде де  «Әрі жақсылықты көп болып қайтуы үшін жасама» деп бұйырады.  Ендеше мемлекет тарапынан жасалатын жақсы­лықты адал жолмен әрі қайтарымын күтпей қайырымдылық қылсақ, қанеки?!

Жадыра МҮСІЛІМ