Абай ауылында бала зорлау фактісі тіркелгеннен кейін 3 жыл өтті. Жақында The Vilage Kazakhstan ұжымы қоғамда резонанс тудырған мақаласын жариялады. Осыдан кейін Бала құқығын қорғау омбудсмені Аружан Саин түсініктеме беріп, баланың жағдайы жақсы екенін айтса да, жұрт сеніңкіремейді. Өйткені оның жұмысына күмәнмен қарайтындар қатары көбейген.
Қай фактіге сенеміз?
Жағдайдың жай-жапсарын жазбас бұрын статистикаға көз жүгіртсек. Себебі елімізде бала құқығы, оның ішінде зорлау фактісі жиілеген. Мысалы, өткен жылы Бала құқығын қорғау комитетінде 454 мың баланың құқықтық мәселесі қаралған. Оның үстіне пандемия кезінде үй ішіндегі зорлық-зомбылықтың көбейгені тағы бар. 2020 жылы 825 бала зорланған болса, соның 669-ы жақындары тарапынан зәбір көрген. Нәтижесінде, қылмыстың 80%-ын балалар мен жасөспірімдердің жақын-жуығы жасаған. Бұл деректер бала құқығы жөнінде әлі де насихат керегін, арнайы жоспар бойынша әрекет ету қажетін көрсететіндей. Жоғарыдағы мәселеге оралсақ, мақала авторлары баланың әжесімен сұхбаттасқан. Әжей немересін зорлаған төрт баланың бірінің анасы үйлеріне келіп, жиі шу шығаратынын, жағдайдың сол күйі қалғанын мәлімдеген. Яғни, жауаптылар жұмысынан уақытша шеттетілгенімен, кейіннен бәрі қаз-қалпына түскен. Кейуана мұның себебін қылмыс жасаған балалардың ықпалды отбасының ұрпағы екенімен байланыстырады. Таңданарлығы, отандық арналардың бірі баланың аты-жөні мен түрін көрсеткеннен кейін бала ортамен араласуды қойған. Егер осы дерек расталса, оның зорлау оқиғасынан бір, қоғамдағы адамдардың көзқарасынан екінші рет соққы алғаны анық. Жеме-жемге келгенде баланың қоғамнан бөлініп, депрессияға түскеніне кім жауап береді? Осы тұста отандық БАҚ-та мұндай қателер жиі қайталанатынын ескерген жөн. Себебі салада рейтинг үшін түрлі қадамға барып жатады. Әрине, маңызды деталь бұл емес дерсіз. Осындай мәлімдемеден кейін Бала құқығы бойынша омбудсмен бала анасымен бірге Алматыда тұратынын, әжелеріне жазда қонаққа барғанын айтады. Мақалада көрсетілгендей, олардың волонтерлер ұсынған пәтерден көшіп кетпегенін де қосқан. Оның айтуынша, бала қазір мектепке барады, әрі оның денсаулығында кінәрат жоқ. Қор арқылы психологпен үнемі жұмыс істейтіндей мүмкіндік бар. «Мақалада жазылғандай баланың әлі Абай ауылында тұратыны шындыққа жанаспайды. Олар әжесінің сұхбат бергенінен хабарсыз болып шықты. Журналистердің менен анасының байланыс телефонын сұрағаны рас. Бірақ біз бірінші кезекте олардың рұқсатын алуымыз керек. Ал оның бұл тақырып жөнінде ешкіммен сөйлескісі келмеді. Балалармен қатысты кез келген нәрседе құқықтық қарым-қатынасты сақтау керек. Сол үшін жағдайды ың-шыңсыз, хайпсыз, қоғамнан тасада шешкенді жөн көреміз. Оларға әкімшілік және құқықтық тұрғыда көмектесеміз. Ал кейбірінің оқиғадан соң өз қызметінде қалып, жұмысын жалғастырып жатқаны рас. Мұны мен де бірнеше рет жазғанмын», – дейді Аружан Саин әлеуметтік желідегі жазбасында. Омбудсмен оқиға жөнінде жазып, сұхбат бергенімен, халықтың «біз тәуелсіз журналистер мен әжесінің айтқанына сенеміз» деуі тоқтар емес. Олар жағдайға мемлекет назар аударып, ауыл-аймақтағы көзден таса қылмыстардың ашылғанын қалайды. Пікір жазғандардың арасында «Сіздің айтқаныңыз рас болса, дәлел қайда?» дейтіндер де табылды. Аружан Саин «анасы баланың болашағы үшін БАҚ өкілдерімен байланысқысы келмейді» десе де, талқылау жалғасып жатыр.Омбудсменнің міндеті қандай?
Иә, мұндай талқылаулардан кейін Бала құқығын қорғау уәкілінің қызметін сынап, жіпке тізгендер көбейді. Бұл қызметте бұрындары Зағипа Балиеваның жұмыс істегенін ескерсек, бірінші кезекте қоғам белсенділерінің әрекетін салыстыратыны хақ. Мәселен, «Не молчи. KZ» зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс жетекшісі Дина Смаилова да бірнеше кейсті талдап берді. Оның айтуынша, Бала құқығын қорғау омбудсменінің міндеті – жағдайға қоғам мен биліктің назарын аударту. Мемлекет басшысына оқиғаны ашық көрсетіп, шешімін табу. Ол Аружан Саинның тұсында осыған ұқсас кейс болғанын, сонда зорланған баладан сұхбат алып, істің қоғамдық талқыға түскенін айтады. Ал бұл балаға қатты әсер еткен. Байқағаныңыздай, екінші оқиғада да бала қоғам тарапынан қысым көріп отыр. «Осыған ұқсас жағдайларды саралап көрелікші. Мемлекет тарапынан назар аударылып, көмек қолын созғанын байқадыңыз ба? Бізде көбінесе халық ақша жинап, адвокат жалдап, тұрғын үймен қамтиды. Негізі, бұлай болмауы керек. Меніңше, омбудсмен жауаптылармен анық сөйлесіп, мемлекеттің бала құқығы жөнінде жіберіп отырған қатесін бетіне басуы керек. Ол бірінші кезекте бала мен ата-ана құқығын қорғағаны жөн», – деді Дина Смаилова. Белсендімен әңгімелескенімізде түсінгеніміз – салыстыруға себеп бар. Оның сөзінше, Зағипа Балиеваның тұсында онға жуық кейс шешімін тапқан. Тіпті, кейбір жағдай бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен шешілген екен. Мәселен, Екібастұзда 9 қабаттан секіріп кеткен қызды құтқару үшін санавиацияны шақыртып, күрделі ота жасатқан екен. Қыз орнынан тұрған. Бұл оқиғадан соң да 3 жыл өткен екен. «Балиева оқиғалардың басы-қасында соңына дейін жүрді. Әлі күнге дейін көмектесіп жүргенін білемін. Қазіргі омбудсмен тарапынан кейбір іске келгенде салғырттық байқағаным бар», – дейді ол.Сайлау жүйесіне өзгеріс керек пе?
Айталық, пікірлерді сараптау барысында түрлі көзқарастың барын білдік. Бірі Абай ауылындағы оқиғаның соңына дейін шешімін тауып, жауаптылардың жазаланғанын қалайды. Екіншілері мемлекеттің барынша жүйелі жұмыс істеп, шенеуніктерді жүйенің құрбаны болмауға шақырып жатыр. Тағы бір назар аударарлығы, омбудсменді де ауыл әкімдерін сайлағандай тағайындауды қалайтындар бар. Бұл еліміздегі бала құқығы мен мәселелерін оңай шешуге көмектесетін көрінеді. «Бізде омбудсменді Президент сайлайды. Мәселен, кандидаттардың тізімі шығып, соның ішінен халық қалаулысын таңдап алса игі еді. Мысалы, Парламент депутаттары да белгілі бір мерзімге сайланады да, аталған уақыт ішінде не істейтінін айқын көрсетеді. Меніңше, омбудсменнің де алдағы уақытта қандай жұмыс атқаратынын, бала құқығын қорғау бағыттарына арналған бағдарламасымен танысуымыз керек. Байқасаңыз, құқықтық қарама-қайшылық бар. Омбудсмен халық үшін сайланады дегенімізбен, оны Президент сайлайтыны қынжылтады. Біз таңдауға дайынбыз. Бағдарламаларын саралай отырып, бірін таңдайық та, мұны Мемлекет басшысы мақұлдасын», – дейді Дина Смаилова. Бірақ белсенді таяқтың екі ұшы барын да ұмыт қалдырған жоқ. Бала құқын қорғау уәкілінің мемлекет тарапынан жалақы алмайтынын, кейбір жағдай жасалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, осыған қарап Аружан Саинға үсті-үстінен төпелеудің қажеті жоқ. Өйткені ол қоғам белсендісі ретінде қолынан келгенін істеп жатыр.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ