Аралтұздық жұмысшылар ереуілге неге шықты?
Аралтұздық жұмысшылар ереуілге неге шықты?
©А.Ахметқазы
282
оқылды

Жалақыларын көтеруді талап еткен «Аралтұз» акционерлік қоғамының жұмысшылары 6 күннен бері жұмысқа шықпады. Олар «компания басшылығы ең­бек­ақымызды 100 пайыз көтерсін» дейді. «Зиян жерде күндіз-түні тынбай еңбек етудеміз» деген тұзшылар табысымыз бейнетімізге татымайды дегенді айтады. Жалпы, Арал ауданының тұрғындарына экологиялық аймақ болғандықтан, жалақысына 50 пайыз мемлекет тарапынан үстемақы қосылады. Қазір айына 70-80 мың теңге ғана жалақы алып жүрген қызметкерлер «Ауыр еңбегіміз үшін «Аралтұз» компаниясы әр жұмысшыға 35-40 мың теңге төлеп отыр» деп ашынады.

– Менің осы өндіріс орнында жұмыс істеп жатқаныма 20 жылдан асты. Осы уақытқа дейін компания қызметкерлері жары­тып жалақы алған емес. Біз ең­бекақымызды өсі­руді жыл сайын басшылық назарына салып келе­міз. Бірақ ондағылар алдаусы­ратып азын-аулақ қана ақша қосады. Қазір барлық зат қымбат. Бала-шаға­мызға айлығымыздың көлемін ай­туға ұяламыз. Оның үстіне мұнда жұмысшыларға жағдай да жасал­майды. Мен мы­салы тұз шахта­сында қызмет атқа­рамын. Бізге ауызсуды тасымал арқылы жет­кізеді. Бір бөшкеге аптасына бір құйып кетеді. Күн ыстығында ол су құрттаған күн­дері болған. Бірақ соны ішуге мәж­бүрміз, – дейді «Аралтұз» АҚ-ның өндіру цехының бригадирі Бауыржан Сәрсенбеков. Жалақысы аздығымен қоса жағдайдың жоғын да жеткізген өндіріс орнының жұмысшылары «басшылардың әділетсіздігі де жанымызға батты» дейді. Олардың айтуынша, компания басшылығы қызметкерлеріне менсінбей қарап, қызметтік киімдерді жөнді үлес­тірмейтін көрінеді. – Бізге талап бойынша қызмет орнында ақ түсті халат пен етік киіңдер дейді. Ал өздері халаты­мызды сапасыз тауардан тігіп та­ратады. Ешкімнің киімінің өл­ше­мін сұрамайды. Барлық халат үлкен кісілерге арналған, кең. Жұмыс іс­теуге ыңғайсыз. Әрі тауары сапа­сыз болғандықтан ауа өткізбейді. Сондықтан біз дәрі­ханалардан ақ халатты өз қаржы­мызға сатып аламыз. Сондай-ақ бұл компания басшылығы қызмет­тік киімді қыс­қы-жазғы деп те бөл­мейді. Қысқы етікті күннің ыс­тығында да киіп жү­реміз. Мұнан бөлек, түскі ас ішуге 20 минут уа­қыт береді. Жуы­натын жеріміз – асха­надағы бір су ағар. Сонда жап­пай жуынамыз. Намазхандар ол жерде аяқтарын да жуып жа­тады. Бір сөзбен айтқанда, сани­тарлық талаптар да сақтал­майды. Осының бәрін басшылыққа айт­сақ, «ұна­маса жұмыстан кет» деп жауап қай­тарады. Біз өлім-жітім, құдайы-тойға да сұрана алмаймыз. Түрмедегі жазасын өтеушілердің күніндей күніміз, – дейді тасы­малдау цехының опе­раторы Сан­ду­ғаш Исмаилова. Тұзшылар наразылығын біл­дірген тұста компания басшылығы жұмысшылардың жалақысын 12,5 пайызға өсіру туралы ұсыныс айтқан. Бірақ қызметкерлер қосқалы отырған бұл қаржы бір қап ұнның бағасынан да аз деп, келісімге келуден бас тартыпты. «Аралтұз» АҚ-ның Кәсіподақ ұйы­мының төрағасы Төлеген Жа­й­назаров «жұмысшылар бір ай бұ­рынғы арызында жалақыны тек 50 пайызға көтеруді сұрап еді. Бас­шылықтың әрекетсіздігіне ашын­ған халық енді 100 пайыз қосыл­маса жұмысқа шықпаймыз дегенді айтып отыр» дейді. – Мені «Аралтұз» АҚ-ның Кә­сіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлағанына бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында жалақыны кө­теру мәселесін бірнеше рет көтер­дім. Бірақ басшылық біздің тала­бымызды орындаудан бас тартып келеді. Осыдан 25 күн бұрынғы арызында жұмысшылар еңбек­ақысына 50 пайыз қосуды сұраған. Ашынған жұрт енді 100 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Айнала­мыздың бәрі – тұзды шаң. Ден­саулыққа өте зиын десек те болады. Сол себепті қызметкерлерге сүт-айран сияқты сусындар берілуі тиіс. Бірақ кеңседе отырған директорлар мен орынбасарлар онымен шаруасы жоқ. Түскі асқа 20 минут берілгендіктен жұмыс­шыларды түскі аспен қамтамасыз етіңдер дейміз. Оны да орындап отырған басшылық жоқ. Қысқасы, бізді құл секілді жұмсап отыр. Кеше облыстан прокурорлар, әкімдік қызметкерлері келді. Бірақ компания иелері оларды көзге де іліп жатқан жоқ, – дейді Кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Жайназаров. Өндіріс басындағы жұмыс­шылардың талабына байланысты  «Аралтұз» АҚ-нан ресми мәлім­деме сұратқан болатынбыз. Ком­пания басшылары жұмысшы­лардың жалақысы аз деген кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарды теріске шығарды. Олар­дың айтуынша, жалақы жеті жыл ішінде 125 пайызға артқан. – «Аралтұз» АҚ – Арал өңі­ріндегі 1 200-ден астам жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін қала құраушы кәсіпорын. 2014 жылдан бастап қызметкерлердің жалақысы 6 есе өсті. 2021 жылғы 1 наурыздан бас­тап өндіріс қызметкерлерінің еңбекақысының өсуі бір қолға 12,5%-ды құрады. Сондай-ақ пан­демия кезінде компания жұмыс орындарын қысқартпағанын және қызметкерлерді ақысыз де­ма­лысқа жібермегенін атап өткен жөн. Бүгінде Жақсықылыш кен­тіндегі «Аралтұз» АҚ өндіріс қыз­меткерлерінің орташа жала­қысы бір қолға орташа есеппен 96 мың теңге. Компания басшылығы ере­уілге шыққан қызметкерлердің та­лаптарын тыңдап, өз қызмет­керлерін қолдауға ниет білдіре оты­рып, 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалақыны 12,5%-ға және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 10% - ға көтеру туралы шешім қабылдады. Барлығы күнтізбелік жыл ішінде жалақыны шамамен 40%-ға арттыру жоспарда бар. Бұдан басқа, басшылық жыл соңына дейін қойылған жоспарды орындау шартымен Жақсықы­лыш кентінде жұмыс істейтін ком­па­нияның әрбір қызметкеріне 42 500 теңге мөлшерінде сый­лық­ақы төлеуге дайын. Алайда компа­н­ия қызметкерлерінің бір бөлігі ұсынылған талаптар бойынша бірыңғай келісілген позицияға ие болмай, өндіріс жұмысының басталуына кедергі келтіреді, бұл жұмысқа шыққысы келетін қалған ұжымның көпшілігіне теріс әсер етеді. Компания өз кезегінде Қы­зылорда облысы Арал ауданының прокуратурасына заңсыз ереуілді тоқтата тұру, сондай-ақ ереуілді жарамсыз деп тану туралы өтініш білдірді, – дейді «Аралтұз» АҚ вице-президенті Ғалымжан Сержанов. Еліміздегі ірі өндіріс орында­рының бірі «Аралтұз» АҚ 1925 жы­л­дан бастап ас тұзын өндірумен айналысады. Компания өнімі тек Қазақстан аумағында ғана емес, ТМД елдерінде де жоғарғы сұра­нысқа ие. Өндірген өнімінің 75 пайызын өзге елдерге экспорт­тай­ды. Жылына 500 тоннаға жуық тұз өндіретін «Аралтұз» акционерлік қоғамы өткен 2020 жылы салық пен өзге де шығындарын қоса есеп­тегенде 9,9 млрд теңге табыс тапқан.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы