Өнеркәсібімен өрге жүзген Қарағанды облысы Тәуелсіздіктің 30 жылында айтарлықтай жетістікке жетті. Аймақта жаңа кәсіпорындар, туристік нысандар, жастар мен студенттер үшін мәдени және демалыс орындары пайда болды.
Өндірісте даму бар
1991 жылдан бері облыстың негізгі капиталына 6 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Олардың көлемі 5,2 млн теңгеден 678,3 млрд теңгеге дейін өсті. Инвестициялардың 80%-дан астамы жеке жобаларға тиесілі, бұл ашықтық пен сенімге құрылған сәтті саясаттың бір дәлелі. Облыс экономикасының құрылымында негізгі үлесті (48,4%) өнеркәсіптік өндіріс алады. Оның негізін қара және түсті металлургия, тау-кен өндірісі, химия, машина жасау мен металл өңдеу, энергетика, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика және басқа да көптеген 100-ден астам ірі және орта кәсіпорындар құрайды. Өңірдің өңдеу өнеркәсібінің республика көлеміндегі үлес салмағы 17%-ға дейін өсті. Өнімдер әлемнің 49 еліне экспортталады. Мемлекеттік қолдаудың және тартылған инвестициялардың арқасында бұл енді бай минералдық-шикізат базасы бар аумақ қана емес, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық әлеуеті бар өңір.Сарыарқада серпін бар
Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Онда 7 өндіріс орны жұмыс істейді, алдағы уақытта тағы 14 өндіріс іске қосылады. «Сарыарқа» АЭА металлургия, металл бұйымдарын, машина, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Осы уақыт ішінде іс жүзінде аймақта шағын және орта бизнес секторы дамыды. Оған бүгінде облыстың әрбір үшінші тұрғыны тартылған. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны бес есе ұлғайса, олар өндірген өнім көлемі 50 есеге өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті.Құрылыс та қарқынды
30 жыл ішінде облыстың қалалары мен аудандарының сәулеттік келбеті түбегейлі өзгерді. Жаңа заманауи нысандар мен жайлы тұрғын үйлер пайда болды. 61 мектеп, 22 балабақша салынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1991 жылғы 2 млн теңгеден, 2020 жылы 466 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Осы кезеңде 8 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Тәуелсіздік елімізге жаңа астананы сыйлады. Оның дамуына Қарағанды облысының тұрғындары да үлкен үлес қосты. Қарағанды өңірінің құрылысшылары мен мамандары болашақ астананың бас жоспарын әзірлеуге қатысты. Осы ретте біздің облысымыздың мүсіншілерінің, суретшілері мен сәулетшілерінің елорданың монументалды келбетін жасауға қатысқанын атап өткен жөн. Бұл – «Отан қорғаушылар», «Отан-Ана», ескерткіштері мен «Ұлытау» аллеясы.Ауылға да қолдау бар
Жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста ірі фермерлік шаруашылықтардың пулы құрылды. Облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 миллиардтан 2020 жылы 400 млрд теңгеге дейін өсті. Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандары елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға лайықты үлес қосып жатыр. Аталған аудандарда өткен жылы 6 бордақылау алаңы салынды. 20 мың тонна ет және 4,6 мың тонна сүт өндірілді. 2020 жылы Бұқар жырау және Осакаров аудандарында 2 сүт-тауар фермасы салынса, биыл сүт Абай ауданында 1 сүт-тауар фермасының құрылысы басталады. Бұл ретте аймағымыздың кәсіби кадрлары, мыңдаған жерлесіміз мемлекеттік органдарда, жоғары оқу орындарында, медициналық мекемелерде жұмыс істеп, бизнесті табысты жүргізіп жатқандарын атап өткен орынды. Тәуелсіздіктің 30 жылы – мемлекет үшін қысқа мерзім, бірақ осы уақыт ішінде еркін және әлеуетті елде қазақстандықтардың жаңа буыны өсті.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы