«Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіретін» заман болып тұр. Жұрт пәтер іздеп, қалтасындағы соңғы тиынын пәтер жалдау үшін беріп жатқанда біреулер оны иеленіп алып, кейін заңсыз түрде жалға беріп, пайда табуға кіріскен. Қара бастың қамымен заңды белден басқандар Ақмола облысында молынан табылып тұр. Ақмола облыстық прокуратурасы мемлекеттен берілген тұрғын үйлердің ішінен бірқатары заңсыз берілгенін анықтаған. Ал мұндай заңсыздыққа жол бергендердің барлығы бірдей бюджеттік мекемелердің қызметкерлері болып шықты. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналарды бөлу кезінде заңбұзушылыққа қалай жол берілді? Әлде тағы да «Бармақ басты, көз қыстымен» жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолы ма?
20 пәтер мемлекетке кері қайтарылды...
Ондаған жылдар бойы кезекте тұрса да баспана ала алмай, басы қатқандар саны тек Көкшетау қаласының өзінде 15 мыңнан асып жығылады. Алайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезекпен тапсырылып жатқан пәтерлердің де заңды түрде беріліп жатқанына жұрттың күмәні сейілер емес. Өйткені кезектегілердің арасында пәтерді заңсыз алғандар құқық қорғау органдарының да қармағына біртіндеп ілініп жатыр. Жақында Ақмола облысының прокуратурасы жариялаған мәлімет жаға ұстатарлық. Тиянақты тексеріс жүргізген құзыретті орган мемлекеттік тұрғын үй қорын бөлу кезінде заңсыздықтарды анықтап, 20 бірдей пәтерді мемлекетке кері қайтарған. Бір қызығы, пәтерді қайтарып бергендердің жиырмасы да бюджеттік мекеме қызметкерлері болып шықты. «Тексеріс облыстың барлық ауданын толықтай қамтыды. Өкінішке қарай, заңсыз пәтер иеленіп, кейін оны жалға бергендер де табылды. Мәселен, Көкшетау қаласында жергілікті бюджеттік ұйымдардың бірінің қызметкері 2017 жылы алған пәтерін үшінші тұлғаларға төрт жылдан бері қарай жалға беріп келген. Көкшетау қалалық прокуратурасының қадағалау актісі бойынша заңсыз алған пәтер иесі үйден шығарылып, пәтер көпбалалы отбасыға ұсынылды. Астрахан ауданында да 2017 жылы тағы да бюджеттік сала қызметкеріне мемлекеттен пәтер берілген. Алайда 2020 жылы бұл адам мұрагерлікпен басқа пәтерді иеленіпті. Қазір бұл баспана да 11 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған жетімге берілді. Аталған бағыттағы жұмыс одан әрі де жалғасады», – дейді Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметінен. Прокуратураның мәліметінше, жалпы облыс бойынша 20 пәтер мемлекет меншігіне кері қайтарылып алынған. Жақында бұл пәтерлер бірінші кезекте әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға берілмек. Тексеріс барысында өз пәтері болса да, баспананы заңсыз жолмен алғандар болған. Алайда заңсыз пәтер алып, оны жалға беріп пайдасын көргендер жауапқа тартылмаған.Заңсыз пәтер алғандарды жауапкершілікке тарта алмаймыз...
«Пәтер иеленгендер осыдан төрт жыл бұрын алған. Яғни оларды заңмен жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткен. Сондықтан заңсыз алған пәтерлерін қайтарып алғаннан басқа оларды жауапкершілікке тарта алмаймыз. Қазір аталған бағытта жұмыстар әрі қарай жалғасып жатыр», – деп толықтырды прокуратураның баспасөз қызметі. Ал тұрғындар баспана «бизнесінде» жең ұшынан жалғасқан жымысқы әрекеттердің бұл тек бір ұшы ғана екенін айтады. «Мұндай адамдар толып жатыр. Тұрғын үйі болса да, ым-жымын білдірмей мемлекеттен пәтерді оңай жолмен алып алады. Ал олар пәтерлерін еш қымсынбастан жалға беріп жатыр. Тағы тексеру қажет деп ойлаймын. Жиырма емес, кемінде 200 шығатын шығар», – дейді Данияр Қанатұлы есімді Көкшетау қаласының тұрғыны.P.S. Заңға сәйкес мемлекеттен берілетін тұрғын үйлер меншігінде пәтері жоқ мұқтаж адамдарға кезек тәртібімен берілуі тиіс. Тексеріс қатты болғанымен, жолын тапқандар әлі де бар екенін заң органдары да, қарапайым адамдар да жоққа шығармайды. Сондықтан тиісті органдар мен жергілікті атқарушы органдар өз ісіне тиянақтылықпен қараса жөн болар...
А.ТОҚАН, Ақмола облысы