Ойылдың обалы кімге?
Ойылдың обалы кімге?
451
оқылды

Әлемдік су тапшылығы соңғы жылдары біздің елде де өткір сезіле бастады. Климаты жағынан құрғақ аймақ болып отырған Атыраудағы Жайық өзенінің тартылуына Ойылдың мәселесі қосылды. Төрт түлік мал мен егінді суаруды айтпағанда ауызсудың өзі ауылдық жерлерде «қасқалдақтың қанындай» болып тұр. Бүгінде осы проблема жергілікті қоғам белсенділерінің табандылығының арқасында үкіметтік деңгейге жетті.

Ойыл қайда, жем қайда?..

Ойыл өзені – Ақтөбе облысындағы Темір ауданы Еңбек ауылы тұсындағы бұлақтан бастау алып, Атырау облысындағы Ақтөбе көлі тұсында тартылып қалады. Жалпы ұзындығы – 800 шақырым. Оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 522 ша­қырым, ал Атырау облысы бойынша 278 шақырымды құрайды. Қызылқоға ауданында Ойыл бойын 18 мыңдай тұрғын мекендейді. Олардың ауыз­суы, төрт түлік малы мен аң-құстарының жағдайы осы Ойылға келетін өр суына қарап отыр. Ойыл өзені ағынсыз өзендер қатарына жатады және жаз айларында су көлемі азаяды немесе тартылып қалады. Өзендегі су көлемі көктемгі еріген суға тәуелді, яғни күзгі топырақтың ылғалдылығына, қысқы қардың түсіміне, көктемгі жауын-шашынға тікелей байланысты. Гидрографиялық ор­наласуына байланысты көктемгі жиналған судың 70-80 пайызы ағып өтіп кетеді. «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» ММ басшысы Ғалидолла Әзидуллиннің айтуынша, көк­темгі су тасқыны кезінде барлық өзен­дерде су тасығанымен, жаз кезінде кеуіп қалады. Бұлақ көздері туралы деректер жоқ. Ойыл өзенінің орташа көпжылдық су ағыны 127,0 млн м3. Қаз­гидромет орталығы Ақтөбе филиалының деректері бойынша, өзеннің Ойыл селосы тұсындағы соңғы 5 жылдық су ағыны 2016 жылғы су ағыны 360,0 млн м3, бұл қалыпты норманың 283 пайызы бол­са, 2018 жылы көрсеткіш күрт төмен­де­ген. 2020 жылғы су ағыны 13,6 млн м3, бұл қалыпты норманың 10,1 пайызын құраған. – Ойыл өзенінің жағдайы көңіл көн­шітерлік емес. Себебі су ағыны реттелмеген. Әлеуметтік желілерде Ақтөбе облысының Ойыл өзеніне құятын салаларында орна­ласқан бірқатар бөгет көрсетілген бейне­ролик жарияланып, сюжет авторларының пікірінше, Ойыл өзенінің төменгі ағысында су көлемінің аз болуы дәл осы құрылыстарға байланысты делінген. Инспекция тара­пынан 2021 жылғы наурыз айында Ойыл және Жем өзендерінің гидрологиялық жағдайына қатысты бағытталған мәсе­лелерді шешуге іс-шара жасақталып бе­кітілді. Жасақталған іс-шараның негізгі мақсаты – өзен арналарының гидро­логиялық жағдайына әсер ететін жасанды және табиғи кедергілерді анықтау, – дейді Ғалидолла Әзидуллин.

50 бөгет иесіз

Ойыл өзені туралы мәселе көтеріп жүрген белсенділер мен Ақтөбе облысының және аудандық әкімдіктер өкілдері қа­тысқан комиссия Ақтөбе облысының Мұ­ғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағында Ойыл өзенінің жоғары ағысында және бассейнінде барлығы 57 әртүрлі нысандағы гидротехникалық құрылыс барын анықтаған. Оның сегізі – респу­б­ликалық меншікте, үшеуі – коммуналдық меншікте. Иесіз бөгет саны – 34, көпір немесе көтерме жол – 5; тазартуды қажет ететін бұлақ саны – 7. Бөгеттердің барлығы өзен арнасында орналасқаны анықталған. Олардың көпшілігі сай-салаларда Кеңес Одағы кезінде салынған және бүгінде көпшілігі қирап, судың еркін ағысына кедергі келтіруде. Комиссия тарапынан Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету үшін ұсыныс енгізілді және инспекция тарапынан Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органына иесіз бө­геттердің пайдалану қағидаларының болмауы, Ойыл өзенінің төменгі ағысының сулығына кері әсер ететінін ескерте отырып, иесіз бөгеттерді бұзу жөнінде ша­ралар қабылдау ұсынылды. Ойыл өзенінің күрделі жағдайы туралы жергілікті тұрғындардың жанайқайын атқарушы органдарға жеткізуші «Ойыл өзені» қоғамдық қорының мүшесі Есенбай Нұровтың айтар уәжі жоқ емес. Ұзақ уақыт құрылым басшылары мен депутаттарды, министрліктер назарын бүгінде қорда­лан­ған мәселеге назар аударт­қан «Ойыл өзені» қоғамдық қоры мү­шелерінің жанай­қайы шенділерге жетті. Тамыз айының соңында Экология ви­це-министрі Серік Қожаниязов, Эко­логия министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсе­генов, Су ресурстар комитеті төраға­сының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Қаз­сушар» РМК бас директоры Алтай Ел­жасов Атырау облысына іссапармен келді. Қызылқоға ауданында атыраулық және ақтөбелік белсенділермен кездесті. «Ойыл өзені» қоғамдық қорының мү­шесі Есенбай Нұров пен жергілікті тұр­ғын­дар Ойыл өзенінің төменгі ағысында су кө­­лемінің азайып жатқанын хабарлады. Оған себеп – «су құятын салаларында ­ор­наласқан бірқатар бөгеттің орнала­суы», – дейді. Ойыл – Қоғамдық ұйымның атынан өткен жылдан бері Ойыл өзені бассейніндегі экологиялық зардап келтірген, яғни Ойыл өзенінің төменгі сағасы тартылып қалуына себепкер болып отырған адами факторды зерттеп келеміз. Ойыл жанашырларының ұйымдастыруымен Ақтөбеде екі рет, Атырауда бір рет онлайн конференция ұйымдастырдық. Ойыл өзенінің бастауына дейін 5 рет экспедицияға қатысып, 50-дің үстінде бөгет анықтадық. Биыл қаңтар айында Атырау қаласына келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырза­ға­лиевке жолығып, қолымда бар құжаттарды тапсырдым. Министр Мағзұм Марат­ұлы­ның кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов Ойыл өзені бассейніндегі Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қызылқоға тұрғындарымен кездесіп, мән-жайды анықтауға келді. Бір топ Ойыл жанашырларымен бірге аралап, жиын­дарына қатыстым. Көптеген мәселелер талқыланды. Министрліктен келген су мамандары үстіміздегі жылдың мамыр айында зерттеуге келуге уәделерін беріп кеткен болатын. Ал сәуір айында қысқы қар еріп, көк­темгі өр суы тасып жатқан уақытта Қызыл­қоға ауданынан 3 еріктілер тобы шығып, Ойыл өзені салаларының жоғары беткейі­нен аққан өр суы бөгеттерге тіреліп, негізгі Ойыл өзенінің арнасына құялмай тұрғанын бейнебаян арқылы айғақпен дәлелдеп, әлеуметтік желілер арқылы дабыл көтердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеу­меттік желіден Ойыл өзеніндегі экология­лық жағдайды баяндап, үндеу жарияладық. Мамыр айында аталмыш министрліктің Су ресурстар комитеті төрағасының орынба­сары Досбол Бекмағанбетов осы Миялы ауылына келіп, сәуір айындағы Ойыл жана­шырлары анықтаған бөгеттерді 4 күн ара­­лап, барлығын көріп шықты. Біздің мақса­ты­мыз – заңды құжаты жасақталмаған бар­лық бөгетті бұзып, өзен суының еркін өтуіне қол жеткізу, – деген «Ойыл өзені» қо­ғамдық қорының мүшесі Есенбай Нұров тиісті құрылымдар басшылары бас қосқан жиыннан жұмыс нәтижесін күтетінін айтты.

Ғылыми-зерттеу қажет

Ауданда өткен жиында гидрогеология саласының ардагері Едіге Сабуров сөз алды. Кәсіби маманның айтуынша, Ойыл өзе­ніндегі бөгеттердің заңды нормативті құ­жаттары жоқ. Жалпы, Ойыл өзені бойынша төтенше жағдай жариялануы керек. Ойыл өзені иесіз қалғандай. Кеңес кезінен күні бүгінге дейін кез келген адам өздеріне ар­нап бөгеттер салған. Тіпті, жолды қысқарту үшін топырақпен бітеп, бөгет салған. Бө­геттердің иелері жоқ. Ол бөгеттерді кім тұрғызды, заңды ма, жоқ па, оны жергілікті атқарушы билік те, Үкімет те бақылап, назарға алып отырған жоқ. Немқұрайлылық белең алған. – «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Бөгеттердің иесі болмауы – соның көрінісі. Заңдылығында әрбір тамшы судың сұрауы болуы керек. Өңірдегі инспекцияның жұмысын көріп отырғанымыз жоқ. Біз көрген бөгеттердің барлығының инженерлік және экология­лық негіздемесі, төлқұжаты болуы шартты. Ол құжат мемлекеттік тіркеуден өтуге мін­детті. Инженерлік негіздемеде суды қалып­ты жағдайда өткізіп отыратын құрылғысы болып, экологиялық негіздемеде бөгет­тер­дің болуы флора мен фаунаға, ауаға зияны тимейтіндей зерделенуі қажет. Мемлекет басшысы жалтақтамай жұмыс істеуді тапсырды. Сондықтан иесі жоқ бөгеттердің артында өңірдегі беделді адамдар тұрса, жергілікті атқарушы органдар олардың ықпалына кетпеуі керек деп ойлаймын. Ендігі бұл проблеманы шешудің ең негізгі екі нұсқасын айтсақ, алдымен шұғыл түрде 2022 жылы көктемде өр суы жетуі үшін бөгеттердің барлығын алып тастау қажет. Екінші кешенді жоба – Ойыл өзенін гид­ро­геологиялық тұрғыда ғылыми-зерттеу керек. Бұл экономикалық-экологиялық мәселелерді шешуге арналған кешенді жұмыс болып, соның нәтижесінде ғылыми қорытынды шығарылып, «Ойыл өзенін сақтау үшін не істеу керек?» деген сауалы­мызға жауап алуымыз қажет, – дейді гидро­геология саласының ардагері Едіге Сабуров. Атырауда болған іссапар жиынында тиісті министрліктің өкілдері тарапынан Ойыл өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер бұзылып, өзен арнасын тазарту жұмыстары басталатыны айтылды. «Халықтың қойып отырған талабы орынды. Көтерілген мәселе бойынша екі облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс істейтін болады. Заңсыз салынған бөгеттер бұзы­лады», – деді Экология министрінің орын­басары Серік Қожаниязов. Сондай-ақ Су ресурстар комитеті төр­аға­сының орынбасары Досбол Бекма­ғамбетов аталған мәселені шешу үшін жос­пар құрылғанын айтты. Мәселен, Жайық-Каспий бассейндік инспекция тарапынан осы жылдың наурыз айында Ойыл және Жем өзендерінің гидрологиялық жағдайына қатысты бағытталған мәселе­лерді шешуге арналған іс-шара бекітілген. «Иесіз су шаруашылығы құрылыстары табылған жағдайда, оны көзделген мақсатта іс-шара рәсімдерін жүргізу жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатады. Осыған орай әрбір салынған құрылыс нысаны бойынша Ақтөбе облысы әкімдігіне бұлақтарды тазарту, кедергі келтіріп тұрған бөгеттерді транзиттік режимге қою және өзен арнасын толықтай жауып тұрған бөгеттерді бұздыру бойынша ұсыныс жасалды. Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігіне Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету бойынша ұсыныс берілді», – деді Досбол Бекмағамбетов.

P.S. Мақаламыз дайындалып жатқан сәтте Ақтөбе облысы Темір ауданы тұсындағы Ойыл өзені бойында заңсыз салынған бөгеттер бұзылып, өзен арнасын тазарту жұмыстары басталғаны туралы ақпарат жетті. Иесіз су шаруашылығы құрылыс­тарының алынып тасталуы, Ақтөбе мен Атырау облысының тұрғындары үшін аса маңызды. Дегенмен жергілікті атқарушы билік дәрменсіздік танытып, ал кәсіби мамандар мен қоғам белсенділері қозғау салған бұл мәселе толықтай шешіледі деуге әлі ерте. Ойыл өзенінің проблемасының түйіні тарқатыла бастады ма, жоқ па, оны келер жылдың көктемі айқындап береді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы