Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға айыппұл салынады деген рас па?
Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға айыппұл салынады деген рас па?
©www.gov.kz
162
оқылды

WhatsApp мессенджерінде Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға демалыс күндері мекемелерде QR кодты өткізгені үшін айыппұл салынатыны туралы ақпарат таратылуда.

Хабарлама авторының айтуынша, оның туысқанына қоғамдық орынға барғаны үшін 83 000 теңге айыппұл салынған.
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға ешқандай айыппұл қарастырылмағанын жеткізді.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Ashyq жүйесінде көк мәртебесі бар адамдарға ешкім айыппұл салмайды. Олар демалыс күндері тиісті талаптар қолданылатын мекемелерге жіберілмейді. Сонымен қатар Ashyq жүйесінде сары және қызыл мәртебесі бар адамдар қоғамдық орындарға барғаны үшін айыппұл автоматты түрде есептелмейді", – деді ол.

Оның айтуынша, адам QR-кодты сканерлегенде, жүйеде қызыл мәртебе шықты делік, бұл деректер Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жіберіледі.  Онда барлық ақпарат толық тексеріліп, аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ұсынылады. Олар басқа дәлелдер жинайды, мысалы, бейнебақылау камераларынан алынған фотосуреттер.

"Бәрі расталған жағдайда ғана айыппұл салынады. Бұл алгоритм тек сары немесе қызыл мәртебесі бар адамдарға ғана қатысты қолданылады. Қайталап айтамын, көк мәртебесі бар адамдар үшін айыппұл қарастырылмаған", -деді ол.