Ғарыш станциясында модульден өрт шықты
Ғарыш станциясында модульден өрт шықты
©sputnik.kz
322
оқылды

Халықаралық ғарыш станциясындағы "Звезда" ресейлік модулінде сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні өрт шығып, ескерту дабылы іске қосылды. Бұл туралы НАСА трансляция жүргізген экипаждың Жермен арадағы әңгімесінен белгілі болды.

Ғарышкер Олег Новицкий Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08:00 шамасында Мәскеу маңындағы Ұшуларды басқару орталығына өрт туралы ескерту дабылы іске қосылғанын, экипаж түтін көргенін және күйік иісін сезгенін хабарлаған. Аспаптар медициналық шкаф жанында зиянды заттар бар екенін анықтады.
Кейінірек француз ғарышкері Том Песке жанып кеткен пластик немесе электроника иісі желдету жолдары арқылы ресейлік сегменттен америкалыққа өткенін мәлімдеді.

Ұшуларды басқару орталығы түтін шыққан аумақтағы панельдерді ашып, оның арғы жағындағы кеңістікті шолып шығуға кеңес берді. Ғарышкерлер Петр Дубров пен Олег Новицкий осы әрекетті орындағанмен, түтін шыққан аумақты таба алмады. Кейінірек олар станция атмосферасын зиянды қоспадан тазарту үшін фильтрді іске қосты.

Роскосмос бұл оқиға экипаж жоспарына әсер етпегенін мәлімдеді. Олар бүгін кешке жоспарланған ашық ғарышқа шығуға дайындықты жалғастырып жатыр. Барлық жүйе штатты жағдайда жұмыс істеп тұр.
Датчик іске қосылғаннан кейін халықаралық ғарыш станциясындағы иіс біршама бәсеңдегенмен, толық кетпеген. Оған фильтрдің ұзақ жұмыс істемегені себеп болуы мүмкін.

"Экипаж 08:20-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 11:20) оянып, А2 фильтрі сөніп тұрғанын байқаған. Егер модуль ішінде ұзақ уақыт болсаң, иіс сезілмей қалады, бірақ модульге кірген кезде иіс қатты білінеді", - деді Новицкий.

Қазір Халықаралық ғарыш станциясында ресейлік Олег Новицкий мен Питер Дубров, америкалықтар Марк Ванде Хай, Шейн Кимброу мен Меган МакАртур, жапон Акихико Хосиде (станция командирі) және француз Том Песке бар 65-ші экспедиция жұмыс істеп жатыр.