Ақмола облысында адвокат 10 миллион теңгені жымқырған
Ақмола облысында адвокат 10 миллион теңгені жымқырған
©olx.kz
362
оқылды

Ақмола облысы адвокаттар алқасының  адвокаты мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде тергеушінің атынан 10 млн теңгеге 15 жалған қаулы дайындаған. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Әділет министрлігі қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша адвокат көрсететін мемлекет кепілдік берген заң көмегін бюджет қаражаты есебінен төлеу туралы қаулыларға талдау жүргізді. Ақмола облысының адвокаты 9,6 млн теңгеден астам ақша қаражатын заңсыз алғаны анықталды.

Сот үкімімен адвокат ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 1) тармағы, 385-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сондай-ақ, ҚР ҚК 50-бабының 3-бөлігі негізінде адвокат бес жыл мерзімге адвокаттық қызметпен және заң қызметтерін көрсету жөніндегі қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді және Әділет министрлігі оған адвокаттық қызметпен айналысуға берілген лицензияның қолданысын тоқтатты. Сотқа дейінгі тергеу барысында адвокат жымқырылған ақшаны қаражаты бюджетке қайтарды.