Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған парламенттік делегация Аустрия астанасы Вена қаласында өткен парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясына қатысты.
Әлемнің 90-нан астам елінің парламенттер спикерлері жиналған жиында пандемиямен күресу және COVID-19-дан кейін қалпына келтіру жөніндегі жаһандық шараларды қоса алғанда, шұғыл халықаралық парламенттік іс-қимылды талап ететін басымдықтар, климаттың өзгеруі және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін шешу, жалған ақпарат таратуға қарсы іс-қимыл, жастардың саясатқа қатысуы, гендерлік теңдік мәселелері қаралды. Мәжіліс Спикері көпжақты ынтымақтастықты нығайту, бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін парламенттік қызмет тақырыбына арналған интерактивті жалпы пікірталастарда сөз сөйледі. Осы ретте Нұрлан Нығматулин біздің еліміздің халықаралық ұстанымдарға сәйкес тұрақты дамуға жол ашатын Қазақстанда қолға алынып жатқан маңызды бастамалар туралы айтты. Палата Спикері атап өткендей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ықпалды мемлекет пен әділ қоғам құрудың тұжырымдамалық негізін қалады. Осы саяси бағытты бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жалғастырып келеді. – Парламент реформаларды дер кезінде заң деңгейінде қамтамасыз ете отырып, белсенді қызмет атқаруда. Мәселен, сайлау заңнамасы мен сот жүйесін жетілдіруге бірқатар маңызды заң қабылданды. Сонымен бірге саяси партиялар, бейбіт жиналыстар, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамалық актілерге де көптеген өзгеріс енгізілді, – деді Мәжіліс Спикері. Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин Қазақстанның жаһандық және өңірлік деңгейлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіне көңіл бөлді. – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлерге байланысты тікелей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Бұл мамандандырылған құрылым биологиялық қауіптерді болдырмауға ықпал етеді. Біз осы маңызды қазақстандық бастаманы әріптестеріміз белсенді түрде қолдайды деп сенеміз, – деді Мәжіліс Спикері. Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин халықаралық күн тәртібіндегі Ауғанстандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіру сияқты өзекті мәселе туралы айта келіп, бүгінде ең маңыздысы Ауғанстандағы гуманитарлық және азық-түлік дағдарысына жол бермеу екеніне назар аударды. Парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин еуропалық және азиялық парламентшілермен, халықаралық парламенттік ұйымдар басшыларымен, сондай-ақ ұлттық делегация өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді. Парламентаралық Одақтың төрағасы Дуарте Пашекомен кездесу барысында одан әрі өзара іс-қимылдың келешегі жайы талқыланды. Сонымен қатар Мәжіліс Спикері қазақстандық Парламент өкілдері негізгі құқықтар мен бостандықтарды сақтай отырып, барлық адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін, әлеуметтік әділ және қауіпсіз әлем пайымына негізделген Парламентаралық одақтың қағидаттарын ұстанатынын атап өтті. Мәжіліс Спикері Парламент өкілдеріне толеранттылық пен мәдени сан алуандық идеологиясын ілгерілету, жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешуге және ымыраға келуге шақыру қажет деп есептейді. Мәжіліс Төрағасы өзінің испандық әріптесі – Депутаттар конгресінің спикері Меритчель Батетпен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформаларға, сондай-ақ әйелдер мен жастардың саяси өміріне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге, партиялардың Парламентке өтуінің шекті деңгейін 7-ден 5%-ға дейін төмендетуге, сайлау бюллетеньдеріне «баршаға қарсы» бағанын енгізуге және тағы басқа мәселелерге қатысты өзгерістерге назар аударды. Одан әрі Корея Республикасы ұлттық ассамблеясының төрағасы Пак Бён Сокпен кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту тақырыбы жалғасын тапты. Тараптар қазақстандық және кореялық Парламент өкілдерінің өзара іс-қимылының кеңеюі екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин атап өткендей, жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары екі елдің саяси диалогін дамытуға және стратегиялық серіктестігін кеңейтуге серпін берді. Мәжіліс Спикері Әзербайжан және Қырғыз Республикасы парламенттерінің басшылары Сахиба Гафарова және Талант Мамытовпен кеңауқымды мәселелерді талқылады. Нұрлан Нығматулин Парламент өкілдерінің, соның ішінде түркі институттары аясындағы бірлескен сындарлы жұмысы бауырлас халықтар мен елдер арасындағы жан-жақты өзара іс-қимылды, достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Түркітілдес елдер парламенттік Ассамблеясының биылғы қыркүйек айының соңында Түркістанда өткізілуі жоспарланған X пленарлық отырысы алдағы ынтымақтастық үшін жаңа перспективалық бағыттарды ашатынын атап өтті. Парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин Бельгия Өкілдер Палатасының Спикері Элиан Тильемен де келіссөздер жүргізді. Парламенттер спикерлерінің V Дүниежүзілік конференциясы аясында Нұрлан Нығматулин Бельгия Корольдігі федералдық парламентінің спикерлері: өкілдер палатасының төрағасы Элиан Тильемен және Сенат төрағасымен Стефани Д ' Озбен келіссөздер жүргізді.А.ҚҰРМЕТ