Аралас мектептің саны арта түсті
Аралас мектептің саны арта түсті
612
оқылды

Тәуелсіздік алғалы бері мемле­кет­тік тіліміздің мерейін өсіріп, қолдану ая­сын кеңейту күн тәртібінен түскен емес. Осы уақытқа дейін қазақ тілін мең­гергендердің санын жыл сайын арт­тыру міндеті жүктеліп, мыңнан аса бағ­дарлама да, «Тіл туралы» заңы­мыз­ға да бірнеше рет түзету енгізілді. Олай болса, ойындағысын орыс тілін­де оңай жеткізіп, қазақ тіліне келгенде қиналатындардың қатары неге көп? Аралас мектептердің санын көбейтуге қан­дай себеп бар? Оларды біртілді мек­тепке айналдыруға не кедергі?

Екі жыл бұрын елдегі аралас мектептің са­ны 2 046 болған.  Былтыр 2 321 аралас мек­теп болса, биыл оған тағы 79 мектеп қо­­­сылған. Сонда республика бойынша 7 400 мем­лекеттік мектептің 2 400-і аралас, ал ­1 200-і – орыс тілінде, қалғандары өзге тіл­дер­де білім береді. Ең алғаш аралас мектеп ашыл­ған ХІХ ғасырда Сырдария губер­на­торы орыс тілін меңгеріп жатқан қазақ ба­ла­лары мектепте шыға бере қазақша сөй­легеніне көңілі көншімесе, аралас мектепте бі­лім алатын бүгінгі қарадомалақтар қазақ­ша «қазақ тілі» сабағында ғана сөйлеуі мүм­кін. Әйтпесе,  былайғы уақытта ресми тілге бүй­­регі бұрып тұратынын жасырып қай­те­міз.

Қазақ қазақтығын жоғалтады

Адамзат тарихында ұлт ғұмырының ұзақ­тығы ана тілін сақтап қалудан бас­тала­ды. Яғни, тілсіз ұлт жоқ. «Тілі жоғалған ұлт­­­­­­­тың өзі де жоғалады» деген Ахмет Бай­тұр­­­сынұлының сөзі өзектілігін жоғалтпа­ғаны былай тұрсын, күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселеге айналды. Өйткені өз тілін өгейсітетін, мемлекеттік тілін менсінбейтін ұрпақ өсіп келеді. Белгілі абайтанушы, әде­биетші Мекемтас Мырзахметұлы оның се­бебі аралас мектептен басталатынын ай­тады. «Аралас мектеп – отарлық саясаттың клас­сикалық түрі» деп санайтын ол: «Бұ­рынғы Білім және ғылым министріне бір­неше рет айттым. Аралас мектеп жүрген жер­де қазақ қазақтығын жоғалтады. Өйт­кені мұндай мектептердегі мемлекеттік тіл – орыс тілі болады. Орыстандырудан құтыламыз деп жүріп, өзіміз тұтылып жатырмыз. Ара­лас мектептің көзін құртпай, мемлекеттік тіл­дің мерейін өсіреміз деу қармақсыз балық аулаумен бірдей», – дейді. Айтуынша, аралас мектептен арылуда ешқандай кедергі жоқ. Бар болғаны, қазақты қазақ, орысты орыс мектебіне беру керек.

Аралас мектепті аша беру дұрыс емес

Былтыр бір топ депутат республикадағы аралас мектептердің көбейіп бара жат­қа­нына назар аудартты. Сол кезде бірнеше әріп­тесінің атынан сауал жолдаған сенатор Динар Нөкетаева Үкімет басшысына: «Қа­зақ тілі – мемлекеттік тіл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазақ тілі – қазақтың жаны. Оның ішінде халық­тың тарихы, тағдыры, мәдениеті, әдебиеті, менталитеті мен діні де кіреді. Тілдің қол­дану аясын кеңейтіп, қазақ тілін барлық ұлт­тардың сүйікті тіліне айналдыруда   мек­теп­тердің маңызы зор», – деген. Сенатордың сөзінше аралас мектептер елдегі жалпы мектептердің 30%-ын құрайды. Әлемнің ешбір мемлекетінде мұндай жағдай жасал­маған. Егер аралас мектептердің саны кө­бейе берсе, бұл үрдіс жалғаса беретін болса, қазақ тілінің болашағын болжау қиындай береді.  Осылай деген Динар Жүсіпәліқызы Қор­дайдағы қақтығыста қазақ тілінің мәр­тебесі, оның ішінде мектеп қабырғасында бі­лім алуға қатысты өткір мәселелерді көр­сетіп бергенін еске салған. Өйткені аймақ­тардағы аралас мектептерде білім беретін мұғалімдердің басым бөлігі мемлекеттік тілді білмейді екен. Бұл айналып келгенде тіл ғана емес, аралас мектептердегі оқуш­ы­ның ұлттық санасын, дүниетанымы мен пат­риоттық рухын көтеру мүмкін емесін біл­діреді.

Мысалы, орыс мектебін бітіргендер қызметке орналасып, сапалы білім алу үшін көрші Ресейге барып түсуі­не орыс тілін білу мүмкіндік береді деп ой­лайды. Бірақ қазақ мектебінде оқитын балалардың білім сапасы көш ілгері бол­маса, кем деп айта алмаймын.

«Жақында «Nur Otan» партиясы қоғам­дық кеңесінде білім мәселелері бойынша кездесу өтті. Салынып жатқан 800 мектеп сөз болғанда осы мәселені тағы қозғадым. Бі­лім және ғылым вице-министрі жергілікті жерлердің әкімдері шешетінін айтты. Өткен жолы аралас мектептердің мәселесін тағы сұрап, министрдің орынбасарынан «Аралас мектеп азаюдың орнына неге көбейіп жа­тыр?» деп сұрадым. Айтуынша, солтүстік өңір­лердегі орыс мектептерінде бір-екі қазақ сыныбы ашылса, «аралас мектеп» бо­лып есептелетінін айтты. Өзім де кезінде аралас мектепті бітірдім. Бірақ егемендік алған кезеңде аралас мектепті аша беру дұ­рыс емес. Онсыз да мектепке дейін бала­лар­дың тілі орысша шүлдірлеп келеді. Екін­шіден, тіл мәселесі отбасындағы ұлттық тәр­биеге де байланысты», – дейді депутат Динар Нөкетаева.

Басқару жүйесін қайта қарау керек

Білім бойынша сарапшы маман Гүлнәр Әбішова аралас мектеп дегенге түбегейлі қар­сы екенін айтады. «Егер ауылды жер­лер­де бір ғана ғимарат болса бір сәрі. Ал қала­лық жерлерде екі аумақта тұрған аралас мек­тептерді бір-біріне қосып, нақты қазақ жә­не орыс деп бөліп тастауға болады. Ара­лас мектептегі қазақ балалардың бір-бірі­мен қарым-қатынас тілі – орысша. Таза қа­зақ тілін меңгеріп жатыр деп айта ал­май­мыз. Басқару жүйесін қайта қарау керек», – дейді Гүлнәр Әбдірахманқызы. Екіншіден, биыл балаларын орыс мектебіне беріп жатқан ата-аналар көбейді. Оның себебі, қа­зақ сыныптарындағы оқулықтардың са­па­сында болып отыр. «Қазақша оқулықтарда қате көп. Одан кейін ата-аналар балалары­ның болашағын ойлайды. Мысалы, орыс мектебін бітіргендер қызметке орналасып, сапалы білім алу үшін көрші Ресейге барып түсуі­не орыс тілін білу мүмкіндік береді деп ой­лайды. Бірақ қазақ мектебінде оқитын балалардың білім сапасы көш ілгері бол­маса, кем деп айта алмаймын. Оның үстіне, қа­зақ мектебінде оқыған балалардың бойын­да қазақы тәрбие бар. Аралас мек­теп­те ұлттық тәрбие беріп жатыр дегенге өз ба­сым сене алмаймын», – дейді Гүлнәр Әбішова.

Әлі күнге қазақша түсінбей қаламын

Аралас мектепте білім алған Бақтияр Бүкетаев қазақ тілін әлі күнге дейін жетік біл­мейтінін мойындайды. Өйткені бала кез­і­нен өзге тілде білім алғанның салдары осы уақытқа дейін алдынан шығады екен. «Біздің мектепте жартысы қазақ, жартысы оры­с болды. Кейін Петропавлға көштік. Біздің үй жағымызда қазақ мектебі болмады. Орыс мектебіне бардым. Бұрын қазақша мүлдем дұрыс сөйлей алмайтынмын. Кейін әскерде жүргенде қасымдағы балалармен сөй­лесе жүріп, қазақша үйрендім. Өзіммен салыс­тырғанда қазақ мектебін бітірген­дердің тіл білуі өте жоғары. Ал мен әлі күнге дейін қазақша сөздерді түсінбей қаламын. Аралас мектепті бітірген қазақ достарым бар, олардың арасында да қазақша білмей­тіндер бар. Ал шала сөйлейтіндері жұмыс барысында үйреніп, жаңадан тіл сындырып жүр», – дейді Бақтияр Серікұлы.  Ал Динара Сүгірбаева елордадағы жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында қазақ тілі пәні жеткілікті деңгейде оқытылмайтынын жеткізді. Айтуынша, бірнеше тілді меңгерт­кізетін қаладағы 17 мектеп-гимназиясында баласы аптасына 4 рет ағылшын, екі рет қа­зақ тілі сабағын оқиды. «Осыдан кейін қа­зақ тілінде сөйлеп кетеді дегенге кім се­неді? Бірінші сыныпта «иә» және «жоқ» деген­ді үйренген. Үшінші сыныпқа көштік. Әлі күнге сол екі сөзді ғана білеміз. «Мен сая­баққа бардым» дегенді әрең үйренген ба­лаға «Сен саябаққа бардың» дегенді айт­қызудың өзі үлкен жұмыс болып жатыр. Ба­лалардың 90 пайызы қазақша білмейді», – дейді Динара Сүгірбаева. «Көптілді, көпдінді, көпділді мемлекет­тің өмірі ұзаққа бармайды» деген Мұстафа Кемал Ататүріктің сөзі қалай орынды айтыл­ған. Өкінішке қарай, қазақ мектебінде оқитын балалар да қоңырау соғылысымен, өзара орысша сөйлеседі. Ол түгілі бала­бақ­шадағы қазақ тобына баратын бүлдіршіндер өзге тілге бүйректері бұрып тұрады. Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға 30 жыл өтсе де, бір­де-бір қазақ мектебі салынбаған аймақ­тар бар. Есесіне, елдегі аралас мектептердің саны жылдан-жылға өсіп келеді. Ал 2 400 ара­лас мектепте білім алатын балалар үшін өз тілі аптасына екі рет, ары кетсе 45 минут оқы­тылады. Әр адамның қай тілде білім алуы өз еркінде екені түсінікті. Бірақ қазір ба­ла­ларын орыс және аралас мектептерге беріп жатқанның дені – орысша сөйлей­тін­дер, екіншілері – орыс тілін өздері білмейтін ата-аналар. Олар «Орысша білмегеннің салдарынан жақсы жұмысқа тұра алмадым, енді балам өзім секілді қиналмасын» деген ниетпен, амалдың жоқтығынан баласын ара­лас мектепке беруге мәжбүр. Алғы сөзін қа­­­зақша, ары қарай түсінікті тілде сөй­лей­тіндердің балалары онсыз да өзге тілде шүл­дірлейтіні белгілі. Өзге тілде ойлап, өзге тіл­де сөйлейтіндер мемлекеттік тілдің ме­рейін өсіреді дегенге осыдан кейін сенудің өзі қиын көрінеді.

Жадыра МҮСІЛІМ