Инспектор браконьерге «қамқор»
Инспектор браконьерге «қамқор»
211
оқылды

Атырау – аймағы мұнайымен бірге балығымен де танымал өңір. Бекіре тұқым­дас балықтардың бірнеше түрі экспортталған аймақта балықты мемлекет тарапынан қолдан өсіруге қаражат бөлініп отыр. Атыраудағы екі балық зауытынан Жайық өзеніне 7 млн-нан аса шабақ жіберіледі. Осылайша, бағалы балықты қолдан өсіру жолға қойылып, мамандардың маңдай терімен жойылып кетпей тұрған балықтарды қорғаушы органдардың өздері құртуға жол беріп отыр...

Бұлай деп айтуға себеп те жоқ емес. Жайық өзені тартылып жа­тыр десек те, қоры азайса да, әй­теуір балық бар. Дегенмен балықты сақтауға және қорғауға жауапты құзырлы органдардың брако­ньер­лермен және балық қорын сақтау­шылармен ым-жымы бір болуы келешекте Жайықты балықсыз қалдыру қаупі төніп тұрғандай. Айталық, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша депар­та­менті «Жайық-Каспий облыс­ара­лық бассейндік балық шаруашы­лығы инспекциясы» РММ инс­пек­торларына қатысты пара алу фактісі, Солтүстік Каспийдің ерек­ше қорғалатын табиғи ай­мағына браконьерлерді кедергісіз өткізгені және оларға «қамқор­лығы» бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау об­лысы бойынша департамент бас­шысының бірінші орынбасары А.Мамыттың айтуынша, бұл бір ғана оқиға емес. Биыл сәуір айын­да Атырау стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалында 4,6 келі бе­кіре балығы салынған жүгі бар жо­лаушыны анықтаған. Жолау­шы­дан қылмыстық жауапкер­ші­лікке тартпау үшін 50 мың теңге кө­ле­мінде пара алған полиция қыз­мет­керлері тұтылды. Бұл істің ақы­ры полиция қызметкерлерін ата­ғынан айырып, 1,7 млн теңге кө­лемінде айыппұл салумен аяқталды. Ал былтыр аталмыш депар­тамент мамандары Атырау об­лысы Полиция департаментінің қызмет­керін параға қатысты іспен әшке­реледі. Ол кәсіпкерлік қызметті кедергісіз жүзеге асыр­ғаны және жалпы «қамқорлығы» үшін ішінара балық аулаумен және сатумен айналысатын ЖШС директорынан 1,5 млн теңге көле­мінде пара ал­ған. Жасаған қыл­мыстық іс үшін Полиция депар­таментінің қыз­меткері 3 жыл 6 ай бас бостанды­ғынан, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан және әскери шенінен айырылды. Міне, бекіре тұқымдас балық­тарды қорғайды деп сенген жауап­ты органдар тарапынан болып жатқан жағдайлар осындай. Елімізде барлық балықтың 30 па­йызы Жайық-Каспий бас­­сейнін­­де ауланады. Бұл дегеніңіз – ба­лық аулаудан Атырау өңірі көш бас­тап тұр деген сөз. 2021-2030 жыл­дарға арналған Балық ша­руашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы жүзеге асса, тауарлы балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 25 мың тоннаға артады. Ал Жайық-Каспий бассейнінде кәсіптік ба­лық аулау көлемі 1,5 есеге көбейіп, жылына 25 мың тоннаны құрамақ. Келешекке үмітпен қараған жөн, бірақ балықты аулаудан гөрі өсіруге басымдық беріп отырған Балық шаруашылығы басқарма­сының жобасы басталмай жатып құлдырауға ұшырап кетпесе болды. Себебі жоғарыда жазғандай, оқи­ғалар күнделікті қайталанбай жат­қанына ешкім кепілдік бермейді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы