«Балапанды күзде санайды» демекші, күз айында театрлар да жаңа маусымын бастайды. Пандемия барлық салаға оңай тиген жоқ. Кинотеатрлардың дені жабылып қалды. Театрға да көрермен көп бара бермейді. Өйткені шектеу бар. Шектеу болмаса, дерт жұқтырып алу қаупі туындайды. Көрерменсіз театр – театр емес. Ендеше, биылғы маусымда карантин талаптары қалай сақталмақ? Бұл шектеу театр, мәдениет үйлеріне зиянын тигізбей ме?
Пандемия салқыны еліміздегі театр, мәдениет үйлеріне салқынын тигізбей қойған жоқ. Бүкіл театр атаулы дағдарыстан шығудың, көрерменмен байланыс жасаудың жолдарын жан-жақты қарастырып, онлайн форматқа көшкен-ді. Тіпті, осы саланың жілігін шағып, майын ішкендердің өзі бұл ретте театр майталманы қанша жерден онлайн сұхбаттар мен спектакльдер ұсынылып жатқанымен, мұндай біржақты ұстанымның соңы көрерменнен ажырап қалу қаупін туғызбай қоймайтынын, көпшіліктің санасында «Қойылымды интернет арқылы көретін болсақ, онда театрға барып, әуре болудың қажеті қанша?» деген ойдың алға озатынын жеткізген еді. Олардың уайымы «көрермендер карантиннен кейін онлайн спектакльдерге әбден үйреніп ала ма?» дейді. Театр сандық форматқа өтуі керек екенін ешқайсысы жоққа шығармайды. Ендеше, қауіп неде? «Егер сандық форматқа көшетін болсақ, спектакльдің 70 пайыз сапасы жоғалады. Көпшілік көрермен қойылымның тек сюжетімен ғана танысып, үстіртін мағлұмат, жансыз әсер алуы мүмкін. Себебі театр өнері – көрермен мен актер өзара энергия алмасатын орын» екенін айтып отыр театр майталмандары.КӨРЕРМЕН АЗ БОЛСА ДА, ЖҰМЫС ІСТЕДІ
Жаңа маусымда бұл мәселе қалай шешімін таппақ? Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театры биылғы 76 маусымның шымылдығын «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклімен ашпақ. «Біздің театрда карантин талаптары сақталады. Көрерменге шектеу бар. 30-40 пайызға ғана рұқсат етілген. Аз көрермен болса да, театр жұмысын тоқтатқан жоқ» дейді баспасөз қызметі. Көрермен де театрдан қол үзіп кете алмайды. Уақыт талабына қарай сандық форматқа көшу де қажет шығар. Бірақ ол көрерменге эстетикалық ләззат сыйлай алмасы анық. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, белгілі актер Жалғас Толғанбай: «Эпидемиологиялық ахуалдың құбылмалы болуына байланысты дәл қазір әлдене деп айту қиын. М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры 96-маусымын 13-қазанда М.Әуезовтің «Абай» спектаклімен ашуды жоспарлап отыр. Көрермендерімізді осы күні күтеміз. Кез келген жағдайда Қазақстанның, соның ішінде Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысына сай әрекет етеміз» деп отыр.Актерлер де сахнаны сағынады. Олар да қалыптан шығып кетпеуі керек. Сол үшін де театр қойылымын тоқтатқан жоқ. Әрине, көрермендер санына шектеу қойылды. Тіпті, кейде бұл шектен асып кетсе, үйлеріне кері қайтарған кездер де болыпты.
Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Ернар Жұматаев театр маусымын ашу 1 қазан күніне жоспарланып отырғанын айтты. «Репертуарды бекіттік. Әзірге көрерменге аптасына 4 күн (сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндері) қойылымдарымызды ұсынамыз. Қазан айының 20-21 күндері И.Штраустың «Жарқанат» музыкалық комедиясының тұсауы кесіледі. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Кезінде көрерменнің көңілінен шығып, бірақ декорациялардың жарамсыздығына байланысты репертуардан алынып тасталған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын да қараша айынан көрерменге қайта ұсынуды жөн көрдік. Жаңа маусымда біздің театр сахнасында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да өнер көрсетеді. Алматыдан гастрольдік сапарға келетін театр ұжымы елордалық көрерменге 15-17 қазан күндері өз қойылымдарын ұсынады.Тәуелсіздікпен құрдас біздің театр ХХХІ маусымын ашқалы жатқанымен, қараша айында 30 жылдығымызды атап өтуге ниет бар» дейді. Театрда екі бірдей зал. Үлкен зал 600 орынға, кіші зал 200 орынға есептелген. «Талаптар сақталады. Қазіргі санитарлық талаптарға сәйкес, әрбір залдың тек 30 пайызын ғана көрерменге толтыра аламыз. Жұмыс күндері қойылымдарымызға «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар, ал демалыс күндері тек «жасыл» мәртебесі бар көрерменді ғана кіргіземіз. Осы талап театр ұжымына да қойылған», – дейді директор.АКТЕРЛЕР САХНАНЫ САҒЫНАДЫ
Өткен жылы карантин күшейгенімен, театрлар жұмысы тоқтаған жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы Жастар театры қызметкерлерін 20 пайызға дейін шектеген кезі болыпты. Аз болса да, қойылымдарды тамашалауға көрермендер келеді. Актерлер де сахнаны сағынады. Олар да қалыптан шығып кетпеуі керек. Сол үшін де театр қойылымын тоқтатқан жоқ. Әрине, көрермендер санына шектеу қойылды. Тіпті, кейде бұл шектен асып кетсе, үйлеріне кері қайтарған кездер де болыпты. Бұл бір жағынан көрерменнің дерт жұқтырып алмауының алдын алу болса, екінші жағынан – театрдың да жұмысын тоқтатпау. Осыдан бір жыл бұрын эпидемиялық ахуал күшейген тұста Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ» театрының көркемдік жетекшісі, профессор Құралай Ешмұратова «карантин жалғаса беретін болса, «Қуыршақ» театрына қолдау қажет болады» деген екен. Оның себебі де бар: онлайн форматта спектакль көрсету үшін арнайы құрал-жабдық керек. Өйткені қуыршақтар камераға арналып жасалмаған. Театр жетекшісі «Біз кішкентай көрермендерімізді жоғалтсақ, драманың да керегі болмай қалады. Себебі олар ең алдымен осында театр өнеріне тәрбиеленеді. Театр бесігі – қуыршақ театры, бесікті сақтауымыз керек» деген еді. Бұл – ірі мегаполистегі жағдай. Аймақтағы театрлар да тоқтап қалса, әртістері де жұмыссыз қалары белгілі. Сол себепті де карантин талаптарын сақтай отырып, аз көрермен келсе де, театрдағылар «жұмысты тоқтатпау керек» деп отыр.ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚЫСҚАРҒАН ЖОҚ
Карантин кезінде қуантарлық тағы бір жағдай – театр қызметкерлерінің қысқармауы. Соған сай жалақылары да уақытылы төленіп тұрды. Әртістердің көбі өз үйінде дайындалды. Себебі әртістердің бабында болуы өте маңызды. Күнделікті онлайн режимде кездесіп, режиссер мен әртістер арасында тығыз қарым-қатынас болғаны рас. Шынымен де пандемия кезеңінде мәдениет және спорт нысандары көп жоспарын өзгертуге мәжбүр болды. Жоспарланған шаралардың көпшілігі жаңа әрі тосын форматта өткізілді. Өйткені мәдениет, сонымен қатар спорт мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін барлық қызметкер жалақысын, мемлекеттік кепілдік беретін преференциясын сақтап қалды. Пандемия уақытында театрлар тоқырап қалмады ма деген сауал туындайтыны сөзсіз. «Театрлар тоқырап қалған жоқ, кейбірі тіпті түрленіп келеді. 2020 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театры мен «Астана Опера» опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде үздік 5 опера және балет театрларының қатарына енді. Қазақстанның екі театры: Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма-театры мен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрына Үкіметтің қаулысымен «Академиялық театр» мәртебесі берілді. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшті», – дейді Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев. Бір нәрсе анық: пандемия кезінде әртістердің үйде отыруы шығармашылық ұжым өмірін, премьералар мен фестивальдер кестесін өзгертті. Жаңа маусым театр қауымы үшін ешқандай кедергілерсіз, мамыражай қалыпта басталады деген үміт басым. Әртістер мен көрерменнің қауышатын күні алыс емес. Лайым, солай болғай!Айым БЕКТҰР