Жаңа оқу жылы басталып кетсе де, Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Оқушылар күрделі жөндеу жүріп жатқан ғимараттарда шаң-тозаңның ортасында білім алуға мәжбүр. Ал облыстық Білім басқармасындағылар құрылыс жұмыстары оқу процесіне кедергі келтірмейді деп отыр.
Ресми мәлімет бойынша, алты мектеп оқу жылына дайын емес. Бұған қаржының кеш бөлінгені себеп. Барлық алты нысан бойынша бір ғана мердігер – шымкенттік «ГрадСтройСервис» ЖШС. Конкурс өткізілгеннен кейін оның қорытындысы бойынша басқа қатысушының шағымы бір айдай Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі комитетте қаралған көрінеді. Осы жайт қолбөгеу болып, бөлінген қаржы тек маусым айының бас кезінде ғана келіп түскен. Ал жөндеу жұмыстары шілде айының ортасы ауған кезде ғана басталып, оны аяқтауға келісімшарт бойынша жарты жылдай уақыт берілген. Ендеше жөндеуді қараша айында аяқтауға тиіс құрылыс компаниясының еш кінәсі жоқ. «ГрадСтройСервис» ЖШС қызметкері Мұқан Ордабеков құрылысшылар келісімшарт бойынша белгіленген мерзімде жұмысқа кіріскенін алға тартады. Оның айтуынша, оларға 6-қарашаға дейін уақыт берілген, жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Алайда жағдайды түсінген құрылысшылар жұмысты мерзімінен бұрын, яғни қыркүйек айының ішінде аяқтауға тырысып-ақ бағуда. Жөнделіп жатқан Айыртау ауданындағы Гусаков, Ақжар ауданындағы Май, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Чистов және Полудин, Мамлют ауданындағы Андреев және Тайынша ауданындағы Амандық орта мектептерінде бас-аяғы 800-ден астам бала білім нәрінен сусындауда. Қазір олар сарт-сұрт етіп жүріп жатқан құрылыстың ортасында шаң-тозаң жұтып жүруге мәжбүр. Әрі мұғалімдер де шаң-тозаң мен үйілген жиһаздың ортасында уақытша ыңғайсыздыққа тап болып отыр. Олардың қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалғанға ұқсайды. Ал облыстық Білім басқармасындағы шенеуніктер бұған қалыпты жағдай деп қарап, құрылыс жұмыстары балалардың оқуына еш кедергі келтіріп отырған жоқ дейді. «Биыл күрделі жөндеу жоспарланған 42 мектептің 36-сы уақытында дайын болды. Алты білім ошағындағы жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Қаржы кеш бөлінгендіктен, жөндеу жұмыстары кеш басталды. Бірақ бұл оқу процесіне кедергі келтіріп отырған жоқ. Балалар сол ғимараттарда оқып жүр», – деді облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова.КОНКУРС ӨТКІЗУДЕ ОЛҚЫЛЫҚ БАР
Тайынша қаласындағы №4 орта мектеп директоры Айгүл Мұхаметқалиеваның пікірінше, мектептерді жөндеу жұмыстарына жарияланатын конкурсты өткізуде олқылықтар бар. «Жылда дәл осындай жағдайға тап боламыз. Жөндеу жұмыстары жаз ортасы ауғанда басталады да, кейде желтоқсан айына дейін жалғасады. Бұған мердігер кінәлі емес, себебі оларға осындай мерзім беріледі. Меніңше, өңірдегі мектептерді жергілікті құрылыс компаниялары жөндегені дұрыс. Сондықтан конкурс жарияланған кезде жөнделетін нысан мен құрылыс компаниясы орналасқан мекенжайдың арасындағы қашықтық көрсетілуі керек әрі 1-қыркүйекке дейін ғана мерзім белгіленуі тиіс. Өйткені алыстағы құрылыс компаниялары біздің өңірге келіп, жергілікті жұмыссыздардың арасынан аз ақшаға жұмыс істеуге келісетін адамдарды іздеп тапқанша біраз уақыт өтіп кетеді», – дейді Айгүл Ботақызы. Ресми дерек бойынша, алты мектепте ғана жөндеу жүріп жатыр делінгенімен, шын мәнісінде ондай мектептер саны жиырмадан асып жығылады. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Рузаев, Червнонное, Тоқсан би, Аққайың ауданындағы Шағалалы, Айыртау ауданындағы Имантау, Антоновка, Қызылжар ауданындағы Большая Малышка, Мамлют ауданындағы Андреевка, Афонькино ауылдарындағы мектептерде әлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Соңғысындағы оқушылар сабақ жүріп жатқан кезде үстіңгі қабаттағы тарс-тұрс дыбыс бөгет жасап отырғанын жасырмайды. Ал шенеуніктер құрылыс жұмыстары сабақтан тыс уақытта жүргізілетінін айтып ант-су ішеді. Мұндағы ғимараттың шатыры, есік-терезесі, едені барлығы ауыстырылмақ. 40 жылдан бері жөндеу көрмеген мектепке биыл 180 миллион теңге бөлінген. Айналдырған 65 оқушы мұнда екі ауысымда оқып жүр. Себебі бірінші қабат қана дайын. Компьютерлер қосылмаған. Спорт залы да жабық, денешынықтыру сабағы ашық аспан астында өткізіледі. [caption id="attachment_160676" align="aligncenter" width="1019"] © Эльмира Кәленова – фото[/caption] Мамлют ауданық білім бөлімінің басшысы Данияр Шәкенов бұған ата-аналар түсіністікпен қарап отырғанын айтады. «Афонькино мен Андреевка мектептерін жөндеу бір мезгілде басталды. Екеуіндегі жағдай қазір бірдей. Балалардың қауіпсіздігі үшін тыйым салынған жерлерге арнайы белгілер қойылды. Сабақтар да, үзілістер де қысқартылды. Алдағы 2-3 күннің ішінде екінші қабаттағы жұмыстар аяқталып, құрылысшылар үшінші қабатқа көшсе, арқамыз кеңейер еді. Құрылыс жұмыстары кешкі және түнгі уақытта ғана жүргізіледі», – деді Данияр Шәкенов. Тайынша ауданындағы Амандық мектебінің оқушылары 7 шақырым қашықтықта орналасқан Ильичевкаға қатынап оқуға, ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Рузаев орта мектебінің оқушылары колледждің ескі ғимаратында білім нәрімен сусындауға мәжбүр болып отыр.АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ МҰҢЫ КӨП
Бұл – Солтүстік Қазақстан облысында жылда қайталанатын жағдай. Білім саласына қатысты бұдан басқа да олқылықтар жетерлік. Мәселен, облыстық білім саласында Сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, мектеп оқушыларын медициналық қызметпен қамтамасыз етуде назар аударатын түйткіл бар. Кейбір мектепте медицина кабинеті мүлдем болмаса, басқаларында ауруханалармен келісімшарт жасалғанына қарамастан, медицина кадрлары жоқ, ал кейбіреуінде штаттық кестеде медицина қызметкерінің бірлігі мүлдем қарастырылмаған. Сондай-ақ балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылмаған мектептер де бар. Әсіресе, шалғайда орналасқан ауыл мектептерінде бала саны аз болғандықтан, жеке кәсіпкерлер олармен келісімшарт жасауға құлықсыз. 30-дан астам мектепте асхана мен буфет мүлдем жоқ. Бұл ереже бұзушылық болып саналады. Өйткені Үкімет қаулысына сәйкес әлеуетті жеткізіп беруші табылмаса, жергілікті бюджет есебінен аспаздар қарастырылуы қажет. 70-тен астам мектептің негізгі ғимараты бейімделген бөлмелерде орналасқан. Он шақты мектептің пеші ғимараттың ішінде орналасқаны да талапқа қайшы. Біраз мектептің жылыту жүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Төбесінен су ағып жатқан мектептер қаншама?! 500-ден астам пән кабинеті тиісінше жабдықталмаған. Барлық мектепте компьютер болғанымен, интернеттің сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ барлық білім ошақтарында бейнебақылау орнатылғанымен, оның бәрі бірдей талап пен стандартқа сәйкес деу қиын. Мектеп дәретханаларына қатысты түйткілдер бір төбе: барлық білім мекемесінде жылы дәретхана жабдықталғанымен, кейбіреуіне кіру үшін бәрібір далаға шығу керек, 20 шақты мектепте биодәретхана орнатылған, тиісінше жабдықталмаған, яғни унитазы, суы жоқ және күрделі жөндеуді қажет ететіндері баршылық, жартысының жеке кабинкалары, тіпті қалқасы жоқ, балалардың жынысына қарай бөлінбеген. Айта кету керек, мұндай мәселелердің барлығы негізінен шағын жинақты мектептерге тән. Осы және басқа да мәселелер шұғыл түрде шешуді қажет етеді. Жоғарыда аталған алты мектепте қазір жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатыр. Ауыл шынымен де ел бесігі болса, ондағы білім ошақтарын еліктен осыншалық мүсәпір күй кешіп отыр?Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы