Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 11 отбасылық жұп жұмыс істейді
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 11 отбасылық жұп жұмыс істейді
301
оқылды
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде  11 отбасылық жұп жұмыс істейді. Олар – қоғамнан оқшауланған  сотталған азаматтарды өмірге қайта бейімдеп, тәрбиелеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер, – деп жазады Polisia.kz.  Темірдей қатаң тәртіпке бағынып, күрделі саланың ыстық-суығына төзіп, тегеурінді қызмет атқарып жүрген бұл жұптар, бақытты отбасы. Солардың ішіндегі Сәбит Асқаров пен Жансая Нұркеннің отау құрғанына екі жылдан асты. Екеуі де мектеп кезінде форма киюді армандаған. Қалаған мамандықтары бойынша тиісті оқу орнын бітіріп келген екі жас маман ЗК-169/1 тергеу изоляторына жұмысқа тұрады. Қызмет барысында бір ауысымға түскен олар, қыз бен жігіт ретінде бір-бірін ұнатып, көңіл жарастығы үйлескен соң, бас қосып, шаңырақ көтереді. Бүгінде сүйкімді бүлдіршіндері бар. Келесі жұп – Дулат пен Гүлзада және Ақманат пен Асхат. Отбасы құрғандарына жыл да болмаған. Бұл жұптардың барлығы заңгер мамандығын игерген. Қызметте де, отбасында да көзқарастары бір арнаға тоғысқан.
 width=– Отбасылық жұптың бір салада болғанының артықшылығы көп. Екеуміз де сотталғандармен жұмыс істейміз. Жұмыс бабында бір-бірімізге көмектесіп, қиналған сәтте қолдау көрсетеміз. Кейде жұмыс барысымен кешігіп жатамын. Сондай сәттерде жолдасым Асхат түсіністікпен қарайды. Отбасы беріктігі осындай қарапайым кезеңдерде бір-біріне деген сенімділік пен жанашырлықтан тұрады, – дейді ЗК-169/1 медицина бөлімінің мейірбикесі Ақманат Жанат.
– Біздің ҚАЖ саласында қызметте болу өте күрделі. Соған қарамастан қызметкерлеріміз отбасы беріктігін сақтап, үлгі көрсетіп келеді. Өйткені мамандарды жұмысқа қабылдар алдында жеке әңгімелесу өткізіп, адамгершілік-моральдық тұрғыдан артықшылық қасиеттеріне де ерекше мән береміз. Жас отбасылар мен көпбалалы отбасыларға әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Қызметкерлеріміздің отбасындағы жарасылымдылығы олардың қызметтерінде сабырлы болып, емін-еркін жұмыс істеуіне мол мүмкіндік тудырады. Сондықтан болар, ҚАЖ саласындағы бірге жұмыс істейтін жұптар отбасы беріктігіне жауапкершілікпен қарайды, – дейді ҚАЖ департаментінің кадр саясат тобының бас маманы Ақерке Абжалиева.

Фото: Рolisia.kz